Білім саласындағы ізденімпаз маман

Өскемен қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылғаннан бергі он жыл уақыт аралығында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанның болашағы – бәсекеге қабілетті зияткер оқушыларды тәрбиелеуде педагогикалық құрамның еңбегі орасан зор. Алғашқы оқушыларды қабылдап, мектептің ерекше  білім беру жүйесін жүзеге асыруда үлес қосқан ұстаздар қаншама. Солардың бірі – Ахметова Анара. Ол ҚР Тұңғыш  Президенті негізін салған «Болашақ» бағдарламасының түлегі және Ұлыбританиядағы Йорк Университетін «Білім берудегі зерттеулер» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

2011 жылы оқуды сәтті аяқтағаннан кейін өзінің туған қаласы Өскеменге оралып, білім беру саласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» серпінді жобасының бір бөлшегі ретінде қаланды. Аталмыш білім ордасындағы еңбек жолын ағылшын тілі мұғалімі ретінде бастаған. Ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін алғашқы жылдарда-ақ көрсете біліп, директордың орынбасары боп тағайындалды. Бұл қызметті сегіз жыл абыроймен адал атқарды.

Анара Қайратқызы 2017 жылы Мәскеудегі Халықаралық мектептер кеңесінің тәуелсіз бағалаушыларының тағылымдамасынан өтіп, елдегі және шетелдегі мектептерді аккредиттеу бойынша командалық сапарларға қатысты. Біздің білім ордасындағы халықаралық аккредиттеу жұмысын басқара отырып, басқа мектептерге өзін-өзі бағалау есебін дайындауда әдістемелік көмек көрсетті. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде көптеген мектептер аккредитациядан сәтті өтті.

«Назарбаев Зиякерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 2030 даму стратегиясына сәйкес бірқатар стратегиялық мақсаттарға, атап айтсақ, шетелдік мұғалімдерді тарту және олардың жұмысын үйлестіру; үштілділік саясатты жүзеге асыру; жазғы мектепті ұйымдастыру; шетелдегі серіктес мектептермен байланыс орнату және қолдау; халықаралық аккредиттеу мектебінен өтуде шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар, мектептердің тәжірибесін отандық білім беру жүйесіне таратудағы қосқан үлесі де аз емес.

Жоғары оқу орынының дипломын қолына алып, қызметін бастаған жас маман он жыл ішінде түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған кәсіби майтаоманға айналды:  «Қазақстан жыл мұғалімі-2020»  байқауының жеңімпазы (1 орын); «Үздік оқытушы – инноватор – 2020» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпазы (1 орын); Microsoft жаңашыл мұғалім сарапшысы – 2017; Bilimland ресурстарын қолдана отырып, көрнекті онлайн сабағы үшін арнайы Алғыс хат иегері. Анар – ғаламдық азаматтықты дамыту, мектеп аккредитациясы, білім беру көшбасшылығы, сондай-ақ ағылшын тілін оқыту бағытында көптеген ғылыми мақалалар мен әдістемелік құралдардың авторы.

Халықаралық ғылыми журналдардың редакция алқасының және «TES»ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығының мүшесі. Қызмет барысныда мектептің басқарушы тұжырымдамалары, мектепті дамыту жоспары, PISA-ға дайындық (жаһандық құзыреттілік компоненті), АКТ-ны сабақтарда қолдану, халықаралық мектептер мен серіктестік қатынастарды құру бойынша бірқатар семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізді.

2016 жылы Алматы қаласында Халықаралық аккредиттеу аясында NIS мектептеріне арналған республикалық семинарда: «Өзін-өзі бағалау комитеттерінің жұмысын қалай тиімді ұйымдастыруға болады: бес қадам схемасы бойынша жұмыс» тақырыбы бойынша тәжірибесімен бөлісті. Бұған қоса, «Тиімді оқудың стратегиялары» республикалық педагогикалық идеялар фестивалінің қатысты. Дәл осы жылы Өскемен қаласында ұйымдастырылған KazTEA халықаралық конференциясында: «Орыс тілді адамға ағылшын тілінің айтылуын үйрету» тақырыбы бойынша зерттеуінің нәтижесін ұсынды.

2017 жылы елордасында өткен IX халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда: «Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебі тәжірибесі негізінде жазғы мектепті ұйымдастыру» тақырыбы бойынша баяндамасын көпшілік алдына ұсынды. Өзі қызмет атқарып жүрген мектепке  ғаламдық азаматтықты дамытуға арналған «Жаһандық азаматтың төлқұжаты» жобасын еңгізді, әрі мектеп имиджін көтеру мақсатындағы бірнеше бейнероликтер кейіпкеріміздің авторлығымен түсірілді. Талмай қызмет атқарып келе жатқан ұстаз  «Қазақстан – 2050» ұлттық қозғалысының қатысушысы ретінде орта мектеп оқушылары үшін бірқатар мотивациялық дәрістер өткізді.

Анара – мәдениетаралық, интернационализм және жаһандық азаматтық тақырыптарына қызығушылық танытатын белсенді ұстанымы бар адам. Білім мен ізденіске толы қызметі жеке өміріне де еш кедергі болған жоқ. Бұның дәлелі – отбасы құрып, үш баланы дүниеге әкелуі. Анара сияқты қазіргі заманның нәзік жандары мансап та құрып, бақытты отбасылық өмір сүруге де мүмкіншілігі бар екендігін көрсетті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий