Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет

Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі, – дейді Ахмет Байтұрсынов. Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді болады. Мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар берген ұстаздарымның өнегелі еңбек жолы мені де мұғалім болуға жетеледі. Сол кездері, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болатын. Халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жүрген ардақты ұстаздар жайлы баспа беттерінен жиі оқып, ізгілікті істерін үлгі тұтатынбыз.

Мен осы мақаламды Ақыжанов Таңжарық – Мәуленге арнадым. Ардақты ағамыз мұғалімдік міндетін дәл, мінсіз атқаруынан, ұқыптылығынан, тиянақтылық танытуынан, білімділігінен тәлім алып, мұғалім боламын деп шешкен. Асқақ арманмен 1970 жылы Қарағанды педагогикалық институтына  түсіп, 1975 жылы биология пәнінің оқытушысы мамандығына ие болды. Ұстаздық еңбек жолын 1969 жылы Калинин орта мектебінде бастап, диплом алғаннан кейін сол жоғары оқу орнындағы комсомол ұйымының екінші хатшысы қызметін атқарды.

Әскери борышын өтеп келген соң 1978 жылы №2 қазақ орта мектебінде жұмыс істеп, кейін білім беру бөліміне инспектор болып ауыстырылды. 1982-1985 жылдары мәдениет бөлімінің басшысы, 1985-1995 жылдары Ивановка орта мектебінің басшысы. 1997 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін мұғалімдер кәсіподағының аудандық филиал төрағасы. Мәуленді өз басым 1998 жылдан бері жақсы білемін. Көзіңмен көріп, көңіліңе түйгенге не жетсін, шіркін?!

Бір салада жұмыс атқарғандықтан талай рет аудандық, тіпті облыстық іс-шараларда ақыл-кеңесін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алдық. Еліміздегі оң өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, жаңалығымен бөлісуге әрдайым дайын тұратын абзал жан. Казіргі таңда жолдасы Мәмбетайқызы Сағдат жеңгемізбен үш бала өсіріп, сегіз немере жиендеріне тағылымға толы тәлім тәрбие беріп отырған өнегелі отбасы. Тұнғыш ұлдары Серік Осакаров кентінің әкімі болса, қыздары Жанна Қарағанды ІІД майор шенінде, ал Салтанаты өзіміздің Нұрада кіші бизнеспен айналысуда.

Сізді жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – жетпіс жасқа да алып жетті. “Қарттары бар ел – қазынасы бар ел”, – деген нақыл сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырсыз.

Құтты болсың 70 жасыңыз,
Сексеннің де сенгірігінен асыңыз.
Қуат алып, денсаулықтың нәрінен,
Жүзіп өтіп жүзге аяқ басыңыз!
Балалардың арасында жүріңіз,
Шаттық нардан айықпасын жүзіңіз!
Тілек еттік шын жүректен бәріміз
Мықты болып ұзақ өмір сүріңіз!

Адамбай МУСТАФИН,
Нұра ауданының мұғалімдер
кәсіподақ төрағасы, Қарағанды облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий