Білім беру жүйесіндегі қашықтан оқытудың басымдылықтары
Қазіргі уақытта еліміздің әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінде болып жатқан өзгерістер әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағытталған жаңа білім беру жүйесінің қалыптасуына әсер етеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген болатын.
Заманауи үрдістер, жаһандық тенденциялар, интеграциялық байланыстар оқыту мазмұнынан жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді талап етеді. Ол ақпараттық ресурстардың, әлеуметтік желілер мен интернет порталдарының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Себебі, ақпараттық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде, олардың әлемдік қауымдастықта қолжетімді және ең тиімді оқыту әдістері болып отырғанын да байқаймыз. ЮНЕСКО-ның «Мобильді оқыту және әлеуметтік интеграция» бағдарламалық құжатында ақпараттық технологияларды білім беру жүйесіне еңгізудің тиімді жолдары қарастырылған. Әлемдік білім беру саласында соңғы жылдары ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану аясы кеңейді. Білім алу мүмкіндіктері артты: қашықтан білім алу, виртуальды кеңістіктегі әртүрлі тренингтер, онлайн-курстар, электрондық оқулықтар, бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқытудың әртүрлі платформалары.
Демек, қоғамдағы қарқынды даму қадамдарының жыл сайын жаңа өмір салтын құруына орай, мектеп мұғалімдері де орын алған өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз әлеуетін көтеруге ұмтылуы қажет. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісі осы мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізеді. Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының ақпараттық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік жасау. «Білім туpaлы» Зaңдa: «Білім беpу жүйесінің бaсты міндеті – ұлттық және жaлпыaдaмзaттық құндылықтap, ғылым мен пpaктикa жетістіктеpі негізінде жеке aдaмды қaлыптaстыpуғa және кәсіби шыңдaуғa бaғыттaлғaн теxнoлoгиялapды, жaңa әдіс-тәсілдеpді, xaлықapaлық ғaлaмдық кoммуникaциялық желілеpді тиімді пайдалану», – деп атап көрсетілген.
Жоғарыда айтылған мәселелер біздің тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі. Ақпараттық технология ұғымына тоқталып көрелік. Ақпараттық технология ұстаздар мен оқушылардың аз ғана күш жұмсап, ең жақсы нәтижелерге жетудің тиімді принциптері мен әдістерін анықтауға бағытталады. Ақпараттық технология ұғымын ғылыми айналымға енгізген ғалымдардың бірі В.Глушков «ақпараттық технология-ақпарат өңдеумен байланысты ұғым», – деп дәлелдеген. Қазақстандық ғалым С.Кеңесбеков «Білім беруді ақпараттандыру білім беру саласының теориясы мен практикасына ақпараттық-коммуникациялық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиеде оның психологиялық-педагогикалық мүмкіндіктерін қолдану үрдісі», – деген болатын.
Ақпараттық технологияларды қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады: коммуникациялық қабілеттерін дамыту; ақпарат көздерімен жұмыс жасау; шығармашылық қабілеттерін дамыту; оқу үдерісіне белсене қатысу; оқу мотивациясын арттыру; ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау. Мектептегі оқу үдерісі – бұл өте күрделі жүйе және оның құрылымдық, функционалдық, сапалы дамуы мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігіне байланысты. Сондықтан, оқу процесін одан әрі жетілдіру үшін қаншалықты тиімді және оңтайлы, перспективалы екені маңызды. Оқыту жүйесіне бағдарламаланған, интеграцияланған және қашықтан оқыту сияқты технологиялардың пайда болуы заңды құбылыс. Бұл педагогикадағы жаңа бағыт. Қашықтан оқытудың методологиясы мен принциптері әртүрлі аспектіде зерттелген. Қашықтан білім берудің тарихи генезисі Ұлыбританиядан бастау алды. Техникалық құралдар мен ақпарат ресурстарының артуына байланысты басқа елдерде де қашықтан білім берудің мүмкіндіктері пайда болды. Біздің елімізде бұл жаңа үрдіс болып табылады.
Ресей ғалымы Ю.Голованованың айтуы бойынша: «Қашықтан білім беру –мұғалім мен оқушы кеңістікпен бөлінген кезде «қашықтықта» білім алу мүмкіндігі». Қашықтан оқыту – бұл заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, білімді, дағдыны игерудің тиімді жолы. Оқушы мен мұғалім интернет байланысы арқылы қарым-қатынас жасайды. Мұғалім тапсырмаларды әртүрлі интернет платформалары арқылы оқушыға береді және онлайн-чат арқылы оқушыға кеңес береді. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуалдық өзара іс-қимыл табылады. Қашықтан оқыту əдісін көбінесе жабық оқыту жүйесімен байланыстырады жəне мұндағы негізгі құрал интернет болып табылады. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың үш түрлі формасы бар: онлайн, оффлайн, вебинар.
Ғаламтордың дамуымен бірге онлайн білім беру формалары да қатар пайда болды. Онлайн оқыту – интернет ресурстарының көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтықта білім мен дағдыларды игеру процесі. Оқушылар сабақты кез-келген уақытта қайталап, қажетті жерлерін жазып ала алады. Онлайн оқыту оқушыға қолжетімді орта болып табылады. Оффлайн режимдегі оқыту – интернет ресурстарының көмегімен (электрондық пошта) мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы. Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренинтер өткізу формасы. Бүгінгі білім беру жүйесінде қашықтан оқытудың бірнеше платформалары қолданысқа енді. Атап айтсақ, Google Classroom, Kundelik.kz, Moodle жүйелері, Bilimland платформалары және тағы да басқалар. Сондай-ақ, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары, Facebook және басқа әлеуметтік желілердегі парақшалар, Telegram, WhatsApp чаттары, онлайн конференциялар және басқа да форматтарды атап өтуге болады.
Қашықтан оқыту процесін ұйымдастырудың міндеттері: оқытуды даралау; оқытудың тиімділігін арттыру; кеңестер беру; білім алушыларға оқу материалын жеткізу; білім алушылармен кері байланыс орнату; білім алушылардың білімдерін бақылау. Қашықтан оқытудың отандық және шетелдік теориясы мен тәжірибесін талдау бірнеше басымдылықтарды атап өтуге мүмкіндік береді: икемділік – оқушылар өзіне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде және ыңғайлы қарқынмен оқиды; әлеуметтік – қашықтан оқыту белгілі бір дәрежеде тұратын жері мен материалдық жағдайына қарамастан білім алудың тең мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік қарама-қайшылықты жояды; ақпараттық – компьютерде жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді.
Коммуникативтілік және мобильділік. Оқушы шешімді тез арада қабылдап, жаңа жағдайға бейімделе алуы. Білімнің беріктілігі мен жүйелілігі. Оқытуды саралау және дараландыру. Уақыт пен қаражатты үнемдеу. Ата-ана бақылауы (ата-аналар үшін оқу үдерісін бақылау және мұғаліммен байланыс жасау мүмкіндігі). Қашықтан оқыту өте икемді жүйе, ол барлық оқу үрдісіне қатысушыларға сабақты қолайлы уақытта таңдауға мүмкіндік береді. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде оқу оқушыларға үйреншікті өмір ырғағын сақтауға ғана емес, сонымен қатар жеке оқу кестесін жасауға мүмкіндік береді. Қашықтан оқытуды екі негізгі бағытқа бөлуге болады: техникалық және дидактикалық. Оның құралы телекоммуникациялар, аудио және видео жазбалар, компьютерлік желілер.
Қашықтан оқыту үдерісінде мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс маңызды фактор болып табылады. Оның негізінде тұлғааралық қарым-қатынас дами түседі. Қашықтан оқу оқушыларға білім беру ортасына толығымен енуіне мүмкіндік береді: тапсырмаларды орындау, мұғалімдермен кеңесу және желіге қосылу арқылы сыныптастарымен сөйлесу. Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге бейімделуді талап етеді. Сондықтан да қашықтан оқыту білім беру жүйесін дамытудың негізгі және маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Венера Бахытжанқызы ҚАЗИЕВА,
№80 мектеп-гимназиясының қазақ тілі
және әдебиеті пәні бойынша «педагог
зерттеуші» санатындағы мұғалімі,
Қызылорда облысындағы Қармақшы
ауданының Төретам кенті