Абыройы асқақ жайсаң жан
Шафузова Гүлмира 1970 жылғы мамыр айының 13-і күні Шелек ауылында дүниеге келген. Әкесі – Аюпов Ярмагамет “ұсталық” мамандығы бойынша өмірінің соңына дейін жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шықты. Анасы – Аюпова Саадат Зульпикарқызы дәмі тіл үйіретін түрлі тағамдарды шебер әзірлейтін тәжірибелі аспаз ретінде елге сыйлы жан атанды. Әпкесі –Гүлжахан, ағасы – Нұрмағамет, Ахрамжан және Бахрамжан қазіргі таңда түрлі кәсіптің майталмандары.
Гүлмира Ярмагаметқызы мектеп бітірген бойда Панфилов педагогикалық училищесіне құжаттарын тапсырып, студент атанды. 1989 жылы “балабақша тәрбиешісі” мамандығы бойынша осы арнаулы оқу орнын тәмімдаған соң ПМК -701 № 5 балабақшасына жұмысқа орналасты. Алматы қаласындағы мектепке дейінді білім беретін тәрбие орталығында тәжірибесін шыңдап, педагогикалық қызметіне адалдығынан айныған емес.
Пенденің тағдырдың сынағына қарсы тұратын шара бар ма? 1999 жылы жолдасы мезгілсіз қазаға ұшырағанда үлкені Рамиль үш жаста болса, Равилі 1,5 жаста еді. Басына түскен қасіретіне қарамастан перзенттерін жеткізу үшін аянбай еңбек етіп,екеуін жақсылықтарға баулыды. Өмірдің өзі тосын сыйларға толы болатынын білеміз. 2002 жасы келген әкесі қайтыс болып, аулы анасын жалғыз қалдырмау үшін туған ауылына қайтып оралған кейіпкеріміз кездескен қиындықтарға мойыған жоқ. Соңғы он үш жылдан бері біздің үлкен ұжымда оқу хатшысы кызметін абырймен атқарып келеді. Білімгерлермен жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде студенттердің сұраған мәліметтерін уақытында тиянақты береді.
Басшылықтың тарапынан жүктелген тапсырылған әркез сапалы да нәтижелі орындайтындығымен сыйлы. Сауатты маман кішіпейіл мінезінің арқасында зор құрметке бөленіп жүр. Гульмираның ағалары кезінде біздің колледжде білім алса, енді міне ұлдары да таңдаған кәсіптерін біліктілікпен меңгеруге барын салуда. Рамиль қызыл дипломды және бесінші разрядты электр-газ дәнекерлеуші ретінде оңтүстік астанадағы плазмалық металлмен жұмыс істейтін кәсіпорында жемісті еңбек етуде. Равиль автомобильдерге қызмет корсету слесары мамандығы бойынша жұмыс жасап жүр. Үлкен ұлы үйленіп жеке шаңырақ құрғанда ерекше қуанған әріптесіміз бес немерені әлдилеген әже атануда.
Елімізде болып жатқан төтенше жағдайдың түрлі сақтық шектеулерін ескерген ол ұйымшыл ұстаздар ұжымымен ортақ мақсаттағы бірлескен шаралардың жоғары деңгейде атқарылуына үлесін қосып, жемісті жетістіктерді біліктілігімен ілгері дамытуда. Гульмира Ярмагаметқызының адами қасиеті кейінгі жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге. Әйтсе де жайсаң жанның шығар биігі мен алар асуы әлі алда. Осындай қарапайым еңбек адамының ізгілікті ісін барынша бағалайтындықтан, толағай табыстарға жетуін тілейміз.
Райхан Смағұлқызы КУЛБАЕВА,
Шелек политехникалық колледжінің
кітапханашысы, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы