Кемеліне келген елдің келбеті
Үш онжылдықты тарих жылнамасына жаздырған Тәуелсіздігіміздің сындарлы сәттері мен кемелденген кезеңдеріне сарабдал баға беріп, ел ертеңін жасампаз ұрпақпен саралаған Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласы әр қазақстандықтың көкейіндегі «өз ойын» дөп басып, түйткілдерінің шешуін тапқандай. Тәуелсіз мемлекеттің іргесі қаланған алғашқы жылдардан бастап, керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеген екінші онжылдықта, қанатын кеңге жайып, әлемдік деңгейде шарықтай бастаған үшінші онжылдықта бағындырған межелерімізді бір мақсатқа әкеліп тұжырымдайды.
Ол – әділетті мемлекет. Осы әділетті мемлекеттің шежіресін түгендеуге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы жетістіктерімізді төл тарихымыздың тиянақты жазылуымен сабақтастырады. Мақалада аталып көрсетілген тарихи кезеңдердің зерттелуіндегі кемшін тұстардың басты себебі – тарихқа ғылыми ұстанымы жоқ тұлғалардың «араласатындығы». Ұлттық мүддеге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыздың әлі толық жазылмағандығын, академиялық үлгідегі жаңа тарихымызды жазуды дереу бастау керектігін міндеттейді. Қалай жазудың айқын жолын ұсынады: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды… Тарихпен саясаткер емес, тарихшылар араласуы керек».
Ұлт тарихын болжаммен емес, дәлелді ақиқатпен түзетін – тарихшылар ғана. Қадыр ақынның осы тұста:
Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден!
Тарих қымбат қандай болса, сол күйде,
Тәуір тарих сұрамаймын ешкімнен! деген өлең жолдары Мемлекет басшысының салиқалы ойларымен үндескендей. Мақаланың мазмұны көп түйткілдің түйінін тарқатып, байыпты ойларымен басты құндылықтарымызды қастерлеу мен қадірлей білуді әр азаматтың ар-ожданы мен санасына жүктейді. Ата – бабамыздың қанымен қорғалып, Ата заңымызбен халықтың меншігіне айналған жеріміздің бағасы «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі – қымбат, бір уыс топырақтың өзі – алтын» қанатты сөзімен беріледі.
Табанын тіреген жерінде тұрып, Жер мәселесін ұрандатып, құр дақпырттың жетегінде жүретіндерге «қазақтың жерінің ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтіндігін, ешқашан сатылмайтындығын» ақиқат түрінде ескертеді. Қасиетті қара жердің бағасын біліп алмай, оны қорғай білуіміз -екіталай. Туған жердің бір уыс топырағына зар болған боздақтардың тағдыры – осының дәлелі. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік үштағанының бірі – ана тіліміз туралы да мақалада алғаш рет мемлекеттік деңгейде парыз бен міндет төңірегінде ой қозғалады.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, Тіл туралы заңдар, тілдерді дамыту мақсатындағы бағдарламалар отыз жылдық тарихымызда қазақ тілін меңгеруді емес, меңгертуді міндет тұтып келгені рас. Тоқсаныншы жылдардың басында Үкімет тарапынан қаржыландырылған тіл үйрету үйірмелері, арнайы курстар мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлеріне қызмет етті. Мектептер мен жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілді меңгерту сағаттары ұлғайтылды. Бірақ нәтиже мардымсыз болып, кейін үйірмелер тарап, сағаттар ықшамдала бастады. Өйткені үйренгісі келмеген тұлғаны қандай қаражатпен, қандай әдістемемен үйретсең де, мемлекеттік тілді меңгертуге болмайтындығын уақыт дәлелдеді.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық тарихындағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін саралай келіп, Президентіміз «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деген тұжырым жасайды. Парыз бен міндетті жүзеге асыру үшін алдымен әр адамда ниет болу керек екендігін де назардан тыс қалдырмайды. Тәуелсіздігіміздің құндылығын оқырманын елең еткізер «Тәуелсіздік – бәрінен де қымбат» деген тақырыптағы мақаламен айшықтап берген Мемлекет басшысы Егемен еліміздің төртінші онжылдықтағы рухани белесін, кемел келбетін, айқын мақсатын жаңа тарихымыздың жалғасы іспеттес жеке-жеке бағдарлама тұлғасында ұсынғандай.
Бұны мақаладағы оқшау ойлар сипаттайды: біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз; ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерге дайын болуы керек; ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы мемлекет құрдық; ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ; әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс; қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ; қазақ үшін тоқымдай жердің өзі – қымбат, бір уыс топырақтың өзі – алтын; мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада; елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс; мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы.
Міндеті деп те айтуға болады; жаһандану дәуірінде айдай әлем алақандағыдай болып қалды; шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету; біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз… Оқшау ойлар осылай жалғаса береді. Әрқайсысы – ой өрбітер тақырып. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық тарихындағы мерейлі жетістіктеріміз бен алған белестеріміздің болашаққа көшін жалғастыратын тақырыптағы ой. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалғастыратын іс.
Қайсар Шегебайұлы ҚАДЫРҚҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің оқытушысы