Оқулық туралы ойлар: Жастардың заманауи шығармалармен сусындағаны дұрыс

Біз еліміздегі ең ірі баспалардың бірі «Атамұра» баспасынан шығатын оқулық авторларымен сұхбатты жариялауды жалғастырамыз. Осы орайда назарларыңызға Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, 5–11-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы, Дулат Бабатайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында құрылған жастар арасындағы ұлттық өнерді дәріптеу мен дамытуға негізделген ақындар мектебінің жетекшісі АҚТАНОВА Айманмен әңгімені ұсынамыз.

Айман Советқызы, әңгімеміздің әлқисасын орта білім алған алтын ұя мектебіңіздегі ұлағатты ұстаздар мен жоғары оқу орнында дәріс берген оқытушы-профессорлардың тағылымдарынан бастасақ. Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылығыңызды оятып, педагогика саласындағы мамандықты таңдауыңызға себепші болған танымал тұлғалардың есімдерін қайта жаңғыртудың реті келіп тұр.

Дұрыс айтасыз, әр адамның өмірлік ұстаздары мен қалыптасу кезеңдерінде бағыт көрсететін асыл жандары болады.  Мен,  шығыс өңіріндегі Көкпекті ауданына қарасты қазақы қаймағы бұзылмаған Шұғылбай деген ауылда туып-өстім. Үйдің тұңғышы ретінде атам мен апамның баласы болдым. Қазір ойлап отырсам, негізгі тәрбиені де сол үлкендерден алған екенмін. Ол алдымен қазақтың «ұят болады», «обал болады» деген ұлағатты ұғымынан шыққан тәрбие деп білемін. Алғашқы ұстаздарым атам мен апам болды.

Апамның үлкен арманы – менің мұғалім болғаным еді. Ауылда мұғалімдер келе жатса, алыстан тұрып сәлем беретінбіз. (Апамның жасы үлкен болса да, жас ұстаздарға бірінші амандасатын). Мұғалім ең құрметті адам болатын. Мектептегі алғашқы ұстазым  Бибинұр апай өте көркем және шебер сөйлейтін адам еді. Ол кісі күнделікті сабақ соңында бір ертегі немесе өзі оқыған көркем шығарманы әдемілеп айтып беретін. Соның әсерімен келесі сабақты асыға күтетінбіз. Жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетіне сабақ берген Айжақсина Надияр апайымыздың еңбегі ерекше болды. Аға буын ұстаздардың берген білімі мен тәрбиесінің арқасында 1988 жылы Семей қаласындағы педагогикалық институтқа қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға қабылдандым.

Институттағы ұстаздарымыз шетінен білгір, дана жандар  болды. Мұхтар Әуезовтің шәкірті  Қайым Мұхамедханов халық ауыз әдебиеті мен хандық дәуір әдебиетінен дәріс оқыды, әдебиет теориясы мен әдебиет тарихынан атақты Мәшһүр-Жүсіптің немересі Қуандық ағай дәріс оқып, кейін менің ғылыми диссертацияма жетекші болды. Жұмағали Шәкенов, Қинаят Шаяхметұлы, Жақсыбай Сарбалаев, Төкен Жұмажанова сынды білікті ғалымдардан тағылым алдық. Ұстаздық қызметімді 1993 жылы педагогикалық институтта қазақ тілі кафедрасында бастадым.

Универсиетті тәмамдаған жастардың бәрі бірдей дипломдық жұмыстарын жүйелі дамытуға бара бермейтіні белгілі. Сіздің ғылыми тұрғыдағы ізденісіңізді ілгерілетуге не себеп болды? Тақырыптың мәні мен маңызын ашу үшін сирек кездесетін қолжазбаларды сан мәрте парақтап, шаң басқан мұрағаттарда сағаттап отыруға тура келетіні хақ. Терең тарихымызды ақтарған кезде жалпақ жұртшылық біле бермейтін және жылдар бойы құпия күйінде сақталған қандай тың деректерді таптыңыз?

Ғылыми жұмысымның жетекшісі сол кезде әлі де зерттеу нысанына іліне қоймаған балалар әдебиетінің бір саласы «Қазіргі қазақ балалар драматургиясы» тақырыбын зерделеуімді ұсынды. Қазақ балалар фольклорындағы  санамақ, қаламақ, айтыс өлеңдерін табылғанымен алғашқы жазбаша қағаз бетіне түскен драмалық шығарманы іздеу қиынға соқты. Сондықтан тарихи бастау бұлағына жету үшін кітапханалардағы, архивтердегі ескі газаеттер мен журналдар, қолжазбаларды саралауға тура келді. 1934 жылы І. Жансүгіровтің жазған «Мектеп» деген пьесасы балаларға арналған алғашқы драматургиялық туынды деуге болады. Екі жылдан кейін Қ. Қуанышбаев құрастырған «Түйреуіш» деген жинақ та сатиралық шағын шығармаларға арналған екен. Отызыншы жылдары басқа да шағын қойылымдар мен пьесалар жинақ болып шыққан.

Балалар драматургиясының жазба әдебиетте қалыптасу тарихын осы кезеңнен бастадық. Кейіннен балаларға арналған қойылымдарды іздеп Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына барып, олардың репертуарларының тарихына үңілдім. Бұл – өз алдына жеке әңгіме. Содан соң оның көркемдігі мен эстетикалық қыры, тәрбиелік мәні мен философиясын талдау жұмыстарына басымдық берілді. 2003 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ҰУ ғылыми кеңесінде ғылыми еңбегімді қорғадым. Осы орайда қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін берген барлық жақсы адамдарға алғысым шексіз.  

Мектеп жасындағы балаларға арналған оқулық кітаптарды жазу ісі оңай шаруа емес. Тіпті ғылым академиясына мүше ғұлама ғалымдардың айтуынша бұл жұмысты меңгерудің қиындығы көп әрі күрделі. Оқулықтың авторы ретінде сұраныс жолданып, тапсырыс түсуіне себепші болған басқа әріптестеріңізден ерекшелігіңізге тоқталсаңыз?

– Өзімді  елден бөлек ерекше жанмын деп ойламаймын. Білім  алған ортам мен жаңа заманның келуі осы жолға бастаған шығар. Оқулық жазуға кірісу өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Атамұра» баспасынан маған сұраныс айтылғанда бірден келісе кете алмай көп ойландым. Мені ұсынған біздің университетте  орыс тілі кафедрасында қызмет ететін профессор Бадамбаева Гүлфия апайымыз екен. Гүлфия Әубәкірқызы – ұзақ жылдар бойы «Орыс тілі» оқулығының авторы ретінде әдістемелерді жазған өте білікті маман. Гүлфия Әубәкірқызы бір күні кафедраға келіп маған: «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазуға мамандар керек. Сенің қолыңнан келеді. Сені ұсындым. Ұлылар мекенінен қазақ әдебиетін жазатын адам шықпағаны ұят қой», – деген сөзімен жігер беріп, ақылын айтты.

Бірақ мен сонда да бірден кірісе алмадым. Баспадан алдымен шағын тапсырма беруін сұрадым. Маған бесінші сыныпқа электрондық оқулық құрастыруды тапсырды. Осы жұмыспен бір жылға жуық айналысып, мақұлданған нұсқасы 2015 жылы жарыққа шықты. Бұл менің алғашқы мектеп балаларына арналған еңбегім еді. (Оның алдында студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдарым мен монографиям, оқу құралдарым болған). Келер жылы  6-сынып электрондық оқулығын құрастырдым. Екі электрондық кітапты жасауда отандық және шетелдік ғылыми және әдістемелік кітаптар мен зерттеулерді қарадым. Балалардың қызығушылығын оятып, оқуға ынтасын арттыратын тапсырмалар ойлап жүретін болдым. Келесі жылы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты алғашқы 5 және 7-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазуды бастап кеттік.

Бұл кітаптарға кіріспес бұрын НЗМ жанындағы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша тренерлік курстардың барлық деңгейін өттім. Сол кезде бізге Кембридж профессорлары дәріс оқып, практикалық жұмыстар жүргізді. Шетелдік оқулықтардың да құрылымына қоса берілу жүйесін саралап шықтық. Біздің кафедраның Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің келісімі негізінде жаңартылған білім мазмұнына байланысты эксперименттік бағдарламаға қатысып, оқушыларға сабақ жүргізуім нәтижесін берді. Бұл алғашқы қадамдардың барлығы оқулық жазуға келудің баспалдағы болды.  Осы үлкен ізденістің жолында көмек көрсеткен барлық ұстаздар мен әріптестеріме, сонымен қатар елімізге әйгілі, кез келген полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде баса алатын, оның ішінде оқулық шығаруға барлық мүмкіндіктер жасалған «Атамұра» баспасына да үлкен алғысымды білдіремін.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды сынағанын білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кемшіліктерді түзетуге тапсырма берді. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Мүдделі тараптардың ортақ мақсатта қолға алған жаңаша қадамдарының негізінде жиі айтылатын қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарындағы қателіктер қалай жөнделе бастағанын айтсаңыз?

– Оқулық – оқушының білім алатын негізгі құралы. Сондықтан кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет. Дегенмен оқу жүйесінің өтпелі кезеңінде қиындықтар кездесетіні даусыз. Бұл жерде қоғамдық ортаның жаңалықты қалай  қабылдауына да байланысты. Әдебиетте бұрын бір тоқсанда 10–11 ақын-жазушы шығармасы оқылған болса, жаңартылған бағдарламаға сәйкес 3–4 туынды таңдап алынған. Көпшіліктің жаңа оқулықтарға қарсы пікірі осы бағытта басталды. Автордың міндеті бекітілген шеңберден шықпау. Әрине әріп  қатесі, сөздің дұрыс жазылмауы, мәтінді дұрыс алмау (көлемді шығарманың үзіндісін алғанда абай болу керек) сияқты талаптар қатаң сақталуы қажет.

Бұл –  құрастырушыларға үлкен сын. Әдебиет – өнер пәні ретінде шәкірттерді тағылымдылыққа тәрбиелейді. Рухани кемелділіктің қалыптасуы тікелей осы пән тақырыптарына байланысты. Әдебиетті сүйіп оқитын жан болашақта ешкімге, еш нәрсеге қиянат жасамайтын таза адам болуы керек. Ой тазалығы, биік парасатты адамгершілік шұрайлы шығармалар арқылы орнығады. Демек кітаптың құрамына енетін материал мен берілген тапсырмалар да осы мақсатты көздеуі қажет. Оқушы әдебиет оқулығынан оқыған, санасына қондырған құндылықтарды қарым-қатынаста қолдана алуы керек.

Ол дегеніміз адамгершілікті, адалдықты, таза ниеттілікті және басқа да биік идеалды дүниелерді тек кітап жүзінде ғана емес, өмірден көре білуі және айналасына таратып жүруі керек деген сөз. Міне, сонда әдебиеттің негізгі қызметі жүзеге асты дейміз. Оқулық сапасын жақсарту бағытындағы көштің түзеліп келе жатқанын ерекше айтқым келеді. Білім және ғылым министрлігі мен «Оқулық» ғылыми-прак­тикалық орталығының бастамасына сәйкес былтыр авторлар арнайы курстарға қатысты.

Сарапшылардың мамандануына баса назар аударыла бастады. Бұл да аса маңызды қызмет. «Оқулық» орталығының үйлестіруімен республикалық деңгейдегі онлайн семинарлар мен конференциялар жиі ұйымдастырылуда. Бұл шаралардың барлығы оқулық сапасын жақсартатыны анық. Қазір оқулық жазатын авторларды негізгі қызметтерінен уақытша босату арқылы шығармашылық демалыс беру жайы таразылануда. Авторларға жайлы жағдай жасаудың бұл мүмкіндіктері оқулық сапасын жақсартатындығы даусыз.      

Дулат Бабатайұлының шығармашылығын жан-жақты насихаттау арқылы «зар заман ақыны» атанған тағдырлы тұлғаны танытуға қосқан үлестеріңіздің салмағы қандай? Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты танымдық шараларда ұлтымыздың қос алыбының бірегей байланысын жас ұрпаққа ұғындыра алдыңыздар ма?

– Қазақ жазба әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірегейі атындағы ақындар мектебі біздің жоғары оқу орны басшыларының қолдауымен төртінші жыл қызмет атқаруда. Нақтыланған үш бағыты бар: айтыскер ақындарды дайындау,  жазба ақындарды шыңдау және зерттеу жұмыстарын жүргізу. Зерттеу бағытында тарихи тұлғаның «Өсиетнама» кітабын шығардық.

Хакім данышпанның мерейтойына «Абай оқыған ертегілер» жинағы дайындалды. Ертегілер М. Әуезовтің, Қ. Мұхамедхановты, Т. Абайұлының және басқа да ғалымдардың еңбектердегі түйінді ойлар зерделенгеннен кейін құрастырылды. Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі бұл зерттеулердің барлығына студенттердің де үлес қосатыны. Оларға білгілі бір бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріледі. «Ақындық өнер» қосымша білім беру бағдарламасы да болашақ ақындар мен жазушылардың өнерлерін шыңдап, білімін толықтыруына қызмет етеді.

Көкейіңізде жүрген басқа да пайымды пікіріңіз болса, мархаббат. – Ұлттық әдебиеттің өкілері арасынан кімдерді оқулыққа енгізу керек? Классик жазушыларымыз бен атақты ақындардың бұрынғы туындылары елеусіз қала ма? деген сұрақтар әр кез жиі қойылады. Әсіресе қазіргі қазақ әдебиетіне байланысты мәселе өткір тұр.

Менің ойымша, әр бала өз заманының шығармаларын оқығаны дұрыс. Бүгінгі балалар үлгі-өнеге алатын көптеген салмақты дүниелер бар. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі, Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» хикаяты жастардың дүниетанымын дамытып, өмірге икемділігін қалыптастыруға көмектесетіні анық.

Ашық әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген –
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий