Қашықтан оқыту – білім беру үрдісіндегі заманауи жүйе

Қазіргі білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан оқыту түрлерімен қатар қашықтан оқыту түсінігі пайда болды. Қашықтан оқыту, соңғы оншақты жылда, әсіресе жоғары білім беру саласында қарқынды даму үстінде. Қашықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі  түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті.

Себебі еліміздегі барлық оқу-орындары індеттің таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, білім алушылар қашықтан оқытуға кірісті. Ал қашықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты біздің арнаулы оқу орнында қашықтан оқыту жүйесі іске асырылуда. Қашықтан оқыту жүйесі «CollegeSmartNation» платформасы арқылы жүзеге асырылуда. Қашықтан оқыту жүйесі енгелі еліміздегі көптеген оқытушылар да өз қоржындарын сан түрлі компьютерлік бағдарламалармен толықтырып, қарыштап даму үстінде.

Сол бағдарламалардың бірі де бірегей Bandicam және Zoom бағдарламалары. Колледж смартнейшн платформасы оқытушыға жұмыс жасауға өте ыңғайлы, студентпен де кері байланыс жасау өте қолайлы. Бұл платформа арқылы оқытушы өз құжаттарын, сабақ жоспарларын, тапсырмаларын толықтай енгізіп, өз уақытында сабағын жүргізіп, студенттермен де дер кезінде кері байланыс жасай алады. Қашықтан оқыту жүйесінің оқытушы үшін тиімділігі: құжаттарының бір жүйеге келіп, оқытушының әртүрлі бағдарламаларды меңгеруі, замана көшінен қалмай, уақытты үнемді әрі сапалы пайдаланып, сабақты өтуі.

Студенттер үшін тиімділігі: білімгерлерге ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, үйде ата-анасының жанында отырып, үй тапсырмасын орындап, қажетті білімдерін ала алады. Колледж оқытушылары да замана көшінен қалмай, жаңа технологиялармен белсене отыра жұмыс жасап, қоғамға, білім саласына айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен, бұл оқыту түрінің ерекшелігі қандай? Қашықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Әдеттегі өзіміз үйренген күндізгі немесе сырттай оқу түрінен айырмашылығы және артықшылықтары өте көп бұл оқу түрі – білім беруші мен алушының өз-ара қарым-қатынасының, оқу құралдары мен әдістемелердің және оқытуды ұйымдастырудың өзгеше түрімен ерекшеленеді.

Анығын айтқанда, арнаулы оқу орындарында қашықтан оқыту – оқуға талап білдірген кез келген адамның білім алуға және белгілі бір ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру беру жүйесі нысандарының бірі ретінде қарастырылады және мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп еш кедергісіз білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйе болып табылады. Қашықтан оқыту түрінің еркіндігі мен икемділігі, географиялық жағдайға қарамайтын, кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыратын артықшылығы бар болғанымен, қашықтан жұмыс істеу кезінде қатысушылардың  бір-бірімен жеке байланысы аз, кейде мүлдем жоқ деп те айтуға болады.

Сондықтан мұндай оқыту нысаны коммуникабельділік, сенімділік, командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін қолайлы емес. Дегенмен, карантин аяқталып, өз жұмыс орнымызға оралған жағдайда дәстүрлі оқыту түрімен қатар қашықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамыз. Себебі жаңа ғасыр адамзаттан оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды қажет етеді.

Галима Садыковна МУСИНА,
Алматы темір жол көлігі колледжі
директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий