Баспасөз – 2021: “Білімді ел – Образованная страна” басылымының педагогика саласындағы мамандар үшін ерекше орны бар
Әйгілі неміс ойшылы Артур Шопенгауэр “Газет – тарихтың секундтық стрелкасы”, – деген болатын. Одан бері де үш ғасыр өтіпті. Иә, қандай кезеңде де бұқаралық ақпарат көзінің маңызы ерекше. Қазіргі ғылым мен техника қарыштап дамып отырған кезеңде елімізде өз ерекшелігімен халыққа ұсынылған “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің маңыздылығын уақыт көрсетіп отыр.
Бұл басылым ең өзекті ақпараттар легі мен рухани құнды материалдарды ұсына отырып, педагогикалық қоғамдастықтың, білімді және зиялы адамдардың ақпарат көзіне айналды. Апталық жарияланымдарының ауқымды саладағы түрлі тақырыптарды қамтуымен күн тәртібінде тұрған көкейкесті сұрақтарға бей-жай қарамайтын жандарға өте пайдалы. Бүгінгі білім беру мазмұнының жаңаруы, мәдени, рухани құндылықтар, қоғам дамуына негіз болатын маңызды мәселелер оқылымды газетіміздің басым бағыттары ретінде айқындалған.
“Білімді ел – Образованная страна” апталығы арқылы озық ғылыми ой-пікірлер, педагогикалық тәжірибелер таныстырылып, насихатталуда. Бұл газет арқылы қоғам мен әр отбасының көкейіндегі мазалап жүрген білім беру саласындағы жаңарудың мәні мен мағынасын зерделейтін ой-пікірлердің топтасуымен ерекшеленеді. Дамыған отыз елдің қатарына жетіп, білімді жоғары деңгейдегі интеллектуалды ұлт болу бүгінгі міндетіміз болса, салалық кәсіби газетіміз шынайы әрі құнды мәліметтердің бастау көзі сынды.
Тәуелсіз мемлекеттің баянды болашағы білім мен ғылымда екендігін ескерсек, отандық педагогтерге арналған бұл басылым мен жедел ақпараттық сайттың барша ұстаздар қауымына ұзақ қызмет етерін бүгіннен бастап дәлелдеп отырғаны ақиқат. Шығармашылық ұжымға жемісті жетістіктер тілеп, білім мен ғылым сүйер қауымға бұл газеттің өзіндік ерекше орны барын айрықша атап айтқанымыз абзал.
Шынаргул Балгабаевна ИМАШЕВА,
ІТ мектеп-лицей директоры, Атырау қаласы