Роботты техника: Балалардың болашағы үшін ерекше сала

Роботты техника – адам өміріне еніп келе жатқан болашағы зор сала. Бүгінгі заман – тың технологияның қарыштап даму кезеңі. Өйткені, қай бағытты алып қарасақ та барлығында жаңаша көзқарас қалыптасып, тиімді мүмкіндіктер жетілдірілген күйінде жылдам қолданысқа енуде. Қазіргі таңда бала санасын дамытып, ой-өрісін тереңдету мақсатында робот техникасын оқыту жас өрендердің қызығушылығы мен ынтасын оятатын дербес пән ретінде танылуда.

Сондықтан халықаралық деңгейде бұл бағытта мектеп оқушылары үшін алғашқы танымдық дәрістер үйрету кеңінен қолға алынғандықтын біздің отандық білім саласына да еніп, қатысушы шәкірттер түрлі байқауларда бақтарын сынай бастады. Соңғы жылдардағы үздік нәтижелер көңіл қуантады. Талантты жастарымыз шет елдік бәсекелестерінен басым түсіп, талай мәрте топжарды. Роботты техника негіздерін меңгеру үшін оқушы физика, математика, информатика пәндерінен алған білімдерін пайдаланады. Құл темір құрастыру кез-келген адамның ойлау қабілетін арттырып, шығармашылықпен шыдамды түрде жұмыс жасауға жетелейтінін білеміз.

Еліміздің ертеңі әрине білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан қазіргі кезде әрбір ұстазға заман талабына сай оқушының санасына жан-жақты сапалы білімді сіңірумен қатар ұлттық рухтағы саналы тәрбиеге баулудың ауыр жүгі артылуда. Роботты техника үйірмесіне қатысатын шәкірт пайдаланылатын бөлшектерді қолымен ұстап көрген соң арманы мен қиялындағы жеке роботын жасауы тиіс. Тәжірибелі тәлімгер ретінде бір байқағаным қазіргі балалар жүз рет тыңдағанды емес, бір рет қолымен жақсы дүние жасағанды ұнатады. Сондықтан талабы бар жастың бойындағы қарымы мен қабілетін тану үшін шығармашылық еркіндік пен бағдар берілуі қажет.

Бүгінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ашылған үйірмелердің саны тіптен көп. Роботты техникаға қызығушылардың басын біріктіретін бұл үйірменің басты ерекшелігі жаңашылдықпен жылдам дамитын технологиялық үдерістерге негізделгендігімен құнды. Рас әр баланың таңдауы бар. Бірі қолөнерге қызықса, екіншілері компьютерлік бағдарламалармен робот жасауға ынталы.

Ұшқыр уақыт алға озған сайын техниканың тілін табуға ұмтылатын өрендердің қатары көбейіп келеді. Себебі бұл үйірмеге қатысатындар роботтарды құрастырумен қатар тың идеясын жүзеге асыра алады. LEGO жинаудың тәсілдерін жетік білетіндер күрделі есептер бойынша қиын құрастыруларға кіріседі. Демек бұл білімге құштарлықтың айқын дәлелі. Жаңалықтарды тез меңгерген ұрпақтың елімізді ілгері дамытуға азаматтық үлесін қосары даусыз.   

Ақылбек Сапарғалиұлы АЙКАДАМОВ,
Балалар шығармашылық үйінің
қосымша білім беру педагогы,
Қостанай облысының Қарабалық ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий