Қабдеш Жұмаділов – 85: “Дарабоз” романындағы тарихи шындық

Тарихи романдар деп өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қана қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі. Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік -эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек.

 

Ел бірлігі, ұлт бірлігі 70-80 жылдардағы қазақ тарихи романдарының басты тақырыбына айналды және таптық, революцияшылдық ағымдағы әдебиеттен өзгеше аңғар танытты. Қазақ  елінің сан ғасырлық тарихын байлар мен кедей таптардың қырқысуын көрсет деген тоталитарлық  саясаттан бұра тартып, басқаша сарында бағыт алды.  Бүкіл қазақ даласы  көркем шығарманың негізгі эпикалық өрісі болғанда, сол даланың ұлт-азаттық идеясын ту етіп көтерген қазақ тарихы қаһармандары оның бас кейіпкеріне айналды.

Тәуелсіздік жылдары Жұмаділов қаламының қарымы тіптен асқақ естілді.  Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жазушы қаламынан «Дарабоз» роман-дилогия, «Прометей  алауы», «Қыл көпір» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер туды. Қазіргі кезде біреулер жарапазан айтқандай жалаулатып жүрген ұлттық идеология туралы алғашқы болып айтқан да, жазған да Жұмаділов болатын. Тоқсаныншы жылдары қазақ елі ежелгі арманы тәуелсіздікке қол артқанда тарихи роман тың серпін танытып, бұның алдындағы туындыларда жеріне жеткізе қазылмаған, аршылмаған көп-көп жаңалық ақиқаттарды бүкпелемей, сыздықтатпай бар дауыспен, ашық айтып берді. Бұл ретте алдымен ауызға алынатын шығарма -жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясы.

Шығармаға «Қаракерей Қабанбай туралы тарихи роман»  деген қосалқы ат қойылған. Роман екі кітаптан тұрады. Бірінші кітаптың аталымы-«Толас». Екіншісі –«Шүршіт шапқан». «Алаш туы астында және «Ақырғы айқас» дейтін үш бөлімнен бас құрайды. Қаракерей  Қабанбай батыр -ХVІІІ ғасырдың маңдай алды тұлғаларының бірі Абылай хан үкілеуінде -дарабозы. Оның есімі фольклор, қазақ ауызекі эпосында және талай тарихи көркем туындыларда ерекше бейнеленіп отыратыны белгілі. Мұның бәрін «Дарабоз» романының авторы мұқият есепке алған.

Жазушы шығармасы құпталып та, қай тұсы сыналып та үлгерді. Өз тарапымыздан айтсақ, құпталатын тұстары әлдеқайда басым.  Роман -дилогиясының ұзына бойына әдемі әуенімен баурайтын ән қайырмасындай кредосы бүгін арытарт-берітартқа салынып дау-дамайлатып жүрген ұлттық идея түсінігінде  жүрегіңнің ең төрінен орын алады. Ол кредо Төле би сөзімен былайша тұжырымдалады: «…Халқымыздың қазақ деген есімі -азат деген сөзбен төркіндес. Азаттықтан айрылғаны -қазақтың құрып біткені…». Қазақ ұлттық есіміміз үш жүз боп бөлшектенуден емес, үш жүздің ажырамас тұтастығынан тұрады, дейді роман. Шығарма соңғы нүктесіне дейін сол проблемалы жауапты ойға толы. Халық боп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармай, төре, сұлтандардың бір қазақты үшке жарып, ру-руға бөлшектеуінің салдары Ақтабан шұбырындыға әкеліп соқтырды. Біртұтастығы бұзылғанда небары үш түмен жоңғардан қынадай қырылдық. Қазақтану мектебінде бұдан ауыр сын болмаса, Қабдеш романы сол тарихи сынның әртүрлі сабақ салдарын тексереді.

Жоңғар халқы -бір әскер, бір жұдырық. Ал үш жүзге бөлшектенген қазақ рулары тіпті Аңырақай, Алакөл жеңістерінен кейін де етек-жеңін жия алмай, жан-жаққа сауын айтып, жасақ жинаумен әлек. Бас кедергі-төрелердің, ру басыларының бақталастығы. Шығарманың бастапқы жолдарынан-ақ оқырман бас қатырып мәңгірткен сол кінараттың тамырын ұстағандай болады. Әбілмәмбет хан өткізіп отырған кеңесте ру, тайпа қошқарларының арасында ұйымшылдық  аз, күдікшілік көп. Қақтығыс  қай тұста ұрыс-керіске соға жаздап барып, әзер басылады. Өйтпеске амалдары жоқ. «Мұндайда өкпелеген ағайын өзі ғана кетпейді, қазақ үшін қасқалдақтың қанындай бірер мың сарбазды соңынан ерте кетеді. Береке-бірлігі  жоқ, бәтуасыз елге хан болған адамның да маңдайының соры бес елі».

Роман бас кейіпкерінің атқаратын міндетін бірден алдына жайып салады. Қазақ жерін жаудан біржолата аластау идеясы күн тәртібіне қойылады. Қандай да идеяның ұйытқысы -адам. Шығарма сол ұйыстырғыш образ рөлін талай қанды шайқастарда үздік қолбасылық қабілетін көрсеткен, қазақтың шынайы тарихының шын дарабозы -Қаракерей Қабанбай батырға «жүктейді». Кей шығарманың бас кейіпкері сюжет шиелінісінде біртіндеп қалыптасады. Ал, роман-дилогияның бас кейіпкері Қабанбай жоңғарға қарсы соғыстарда қырық жыл аттан түспеген атақты батыр, ысылған оқырман көзінде қалыптасқан кейіпкер. Сондықтан автор бас кейіпкерінің бейнесіндегі белгілі сыпаттарға қосымша және елеулі қасиеттер қосады. Солардың ең көрнектісі және татымы мықтысы-Дарабоздың ұлттық идея бола білгендігі. Бұл қасиет осы образдың барша тірлік-тынысынан ұшқындап тұрады.

Аты-жөні найман руының белгілі тармағымен қосақтала аталғанымен, бас кейіпкер өзін Алаш ұлымын, Қазақ перзентімін деп сезінетіндігімен сүйсіндіреді. Қабанбайдың қолбасылық, батырлық үлгілері, үлкен саясаткерлігі осы ұлттық рухтан туындайды. 1748 жылғы ұлы хан Әбілмәмбеттің ордасында Түркістанды, Ташкентті, ұлы жүздің Жетісудай жаннат жерін, Алтай, Тарбағатайдың, сулы, нулы өңірін жаудан тазарту ісін жүзеге асыру дәл осы кейіпкердің -Қабанбай батыр басқарған сарбаздардың үлесіне тиеді.

Романның жақсы аталуының да, оны сыңап мінелуінің де себептерін қазақтың азаттығы, ұлттық арманы—тілегі жөніндегі авторлық кредоның жүзеге асуы деңгейінен іздеу керек. Біріншіден, әр автордың өзіне ғана тән дүниетанымдық мұнарасы болады. Ұлттық мінез, бейне жасаудың жолдары қилы-қилы. Кей көркем сурет тарихи фактілермен санасса, кей тұста санаспайды. Іріктелген, жинақталған тарихи шындықпен бірге ойдан қосу аралас жүреді. Кейде тарихи шындық пен көркем шындықтың қарама-қайшы келетін жағдайы да болады. Бір кезде белгілі тарихшы Лев Гумилев Ресейді Батыстан төнген хауіптен Батый хан құтқарды, Чуд көлі мұз айдынындағы тевтондардың көзін жойған соғыста татар атты әскері шешуші рөл атқарды деп жазды.

Ал, «Александр Невский» фильмінде татар-монғол ханы әжуа, сайқымазақ қалыпта сықақталады. Ұлы Отан соғысының қарсаңында туған, халықты патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде бағалы орны бар фильмді қойған өнер иелерін сол үшін тарихты бұрмаладың  деп сөгуге бола ма? «Дарабоз»-көркем туынды. Әбілқайыр ханның рөлін оң бағалайтын тарих ғылымның өлшем таразысына Қабдеш Жұмаділов романының сурет бағамы сәйкесе бермеуінде еш оғаштық жоқ. Тәуелсіздік пен демократия жағдайында әркім өз көзқарасын іркілмей, ашық айтуға құқылы екенін есепке алмағанның өзінде де.

Екіншіден, «Дарабоз» романы Әбілқайыр ханның Аңырақай соғысындағы ерлігін жоққа шығармайды. Жоққа шығармағанымен, іле-шала Болат ханның орнына сайламадыңдар деп өкпелеп, ұрыс даласынан Кіші жүз қолын бөліп әкеткендігін жақсы мінезге жатқызбайды. Жеңістің жемісін  толық тере алмай, қапыда қалғанымызға Әбілқайыр хан Еділ-Жайық арасынан қоныс сұраған  екен. Патша қоныс бермек түгіл, бұл екі өзеннің маңына бұратана атаулыны жуытпауды шығарған. Жайықтың екі қапталынан әлденеше шақырымға дейін от қойып өртеп жіберген соң, ол өзеніңе енді қазақ малын да суара алмайтын болған.

Сауда істеп, қару алып жырғап жатыр дегені де- құр қауесет. Патша тіпті бұратана халыққа күрек, орақ, балта сияқты темір бұйымдар сатуға да тыйым салған, суыққару жасауға пайдаланады деп. Жай қара темірін қимай отырған патшалық бізге от қару беруші ме еді?-дейді романның орталық кеіпкерлерінің бірі Абылай хан. Төртіншіден, Ресей өзге жұртты «өз еркімен қосып алуында» қазақтың бірқатар бетке шығарының дүниеқоңыздығын кеңінен пайдаланған. Орыс отаршыларының лорд Керзон мақтаған зымиян тәсілінің қазаққа да қолданыла бастағанын роман Әбілқайыр ханның күйеу баласы Шақшақ Жәнібектің мысалында есте қаларлықтай етіп суреттейді. Орыс патшасынан тархан шенін алғаннан бері «сән-салтанатың ат тарта алмайтын дәрежеге жетіпті» деп шенейді. Оның хан кеңесінде ақ патшаға арқа сүйемейінше, жоңғар алдыра қояр ма екен деп тәлімсігенін Төле би қатты түйіліп сөгеді. Жасағың не күйде?

«Бәлкім, Әбілқайыр екеуің етегінің астына барып тығылған қатын патшаның рақымы түсіп, жеріңді жаудан тазартып беретін шығар? Орыс өнерлі жұрт қой. Бірақ аузыңды ошақ, мұрныңды мұржа етіп, түтін жұтқаннан өзге үйренген өнерің бар ма сол елден? Тархандығың ел қорғайтын қалқан болмай, мойныңа салған арқан болып жүрмесін!» деп келекелейді. «Дарабоз» роман-дилогиясының «Түйінінде» автор «ұзақ жыл архивтің шаңын қаққандағы» алға қойған «міндетіміз тарих жасаушылардың бұрмалаған  фактілерін орын-орнына қойып, белгілі бір жүйемен баяндап беру ғана…» дейді. Бұндағы жүйе – қай жүйе? Біздіңше, кейіпкерлер қатынасынан туындайтын сюжеттің айтпағы -елдің елдігін, ұлттың ұлттығын сақтау идеясының күні бүгінге дейін зәрулігі.

Ол жағын автор романында толық, жан-жақты, терең ашып көрсетсе де, авторлық түйін сөзінде, не себепті екені, бұл пікірін шегіне жеткізбей іркіп қалған. «Абылайдан соң арада тура екі жүз он жыл өткенде, қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, жасыл туы көк жүзінде қайта желбіреді»-деген қорытындысын романның идеялық-эстетикалық тұрғысымен байланыстырып жалғай түспей, қарапайым қысыр кеңеске бұрылып кеткен. «Дарабоз» роман-дилогиясының дүниеге келуі тағы да сол тәуелсіздік тауқыметінен туып отыр. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарын оқыған кісі, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізден оны қорғау одан да қиын екен дегізеді.

Сол алаңдаушылық «Дарабоз» романының өнбойынан, өткір, өтімді сөз, ақ жүрек жүйесінен айқын сезіліп отырады. Әдебиет құдыреттілігі -көркем сөздің, оның иесінің жаны мен қаны ұлт рухынан жаратылғанында. Не заман тусын, айтқан сөзі халық сұранысына, халық тілегіне сәйкеседі. Сәйкесіп қана қоймайды. Тәуелсіздік тілегінің қай мәселесі дер кезінде шешілмей жатса, жауапкерін тауып айқасады да. Жоғарыда талданған ірі тарихи шығарма, Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман дилогиясы – тәуелсіздігміздің кешелі-бүгінгі тауқыметінен туған дүниелер.

Айнұр Жетпісбайқызы ЕРДЕНОВА,
Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығындағы 
қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі, Ақмола облысының Бурабай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий