Қосымша білім беру мекемелеріндегі академиялық ұтқырлық жобасы
Академиялық ұтқырлық – белгілі бір кезеңге объектіні (оқушы мен оқытушы) басқа қосымша білім беру мекемесінде оқуға, зерттеуге немесе біліктілігін жақсартуға жіберу, яғни тәжірибе алмасу. Академиялық ұтқырлық қазіргі таңда жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуда. Білім саласында қосымша білім беру жүйесінің рөлін арттыру мақсатында 2019-2020 оқу жылынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 1 Өнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қосымша білім беру ұйымында академиялық ұтқырлық жобасы Білім беруді жаңғырту орталығымен бекітіліп, пилоттық жобада жұмысын бастады.
Қосымша білім беру ұйымы мекемелерінің арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту мақсаттары: білім беру қызметтерінің білім нарығында қосымша білім беруді дамыту; оқушылардың заманауи білім беру технологиялары мен оқу құралдарына қолжетімділігін кеңейту, оқу курстарын, пәндерді, тереңдетіп оқыту; оқытушылардың басқа қосымша білім беру ұйымдарында оқытылатын пәндерден озық тәжірибе алмасу және ғылыми зерттеулер жүргізу; қосымша білім беруде оқушылардың білім беру кеңістігінің өзгерген жағдайында бейімделу қабілетін арттыру.
Қосымша білім беру ұйымдары оқушылары мен педагогтерінің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын жақсарту үшін және балалардың таланттарын анықтап, оны дамытуға арналған. Оқушылардың академиялық ұтқырлығы бойынша белгілі бір кезеңге объекті басқа қосымша білім беру ұйымына (Қазақстан аумағында, шетелде) оқуға, зерттеуге немесе біліктілігін жақсартуға белгіленген мерзімге оқуға (тоқсан, каникул уақыты, жаздық пленэр) жіберіледі, осы мерзімде алған білімін объекті өзін жіберген қосымша білім беру ұйымына қайтарады. Академиялық ұтқырлық қосымша білім беру ұйымдары арасында білім алмасу бағдарламасы түрінде жеке және топтық оқыту, оның ішінде бірлескен білім беру бағдарламалары, аралық аттестация, жаздық пленэр арқылы жүзеге асырылады.
2019-2020 оқу жылының қаңтар айындағы демалыс уақытында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 1 Өнер мектебінің Ақтөбе қаласы Білім басқармасының Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі мен Өскемен қаласы әкімдігінің №1 балалар музыкалық мектебінің оқытушылары мен оқушылары арасында республикалық деңгейде академиялық ұтқырлық жобасы жүзеге асырылды. Осы аталған қосымша білім беру ұйымдарының фортепиано, вокал, домбыра сыныптарының оқушылары мен оқытушылары тәжірибе алмасты. Елімізде орын алған жағдайға байланысты Өскемен, Ақтөбе қалаларындағы академиялық ұтқырлық жобасы қараша және қаңтар айларында қашықтан өткізілді. Жалпы аталған мекемелер арасындағы академиялық ұтқырлық жобасы аяқталған соң барлық мекеменің оқушылары мен оқытушылары бірлесе отырып алған тәжірбиелерінен әдістемелік оқу құралын жасау жоспарланды.
Қорыта келгенде, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушыларының тәжірибелері мен шығармашылық жетістіктерін шыңдау үшін және қосымша білім беру жүйесінің білім беру нарығындағы деңгейін көтеру үшін, жас ұрпақты тәрбиелеу, оны көп мәдениетті қоғамда өмір сүруге, жұмыс жасауға дайындауда «Академиялық ұтқырлық» жобасының маңыздылығы өте жоғары деп есептеймін. Сондай-ақ, өнер мектебінің ұжымы атынан республика көлемінде осы жобамен жұмыс жасауға тілек білдіретін қосымша білім беру ұйымдарына көмек көрсетуге әрқашанда дайын екендігімізді білдіреміз.
Гүлнұр Бейсенбекқызы АСҚАРОВА,
№ 1 өнер мектебі директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы