Ақмола облысы: Халықаралық олимпиаданың қос жүлдегері
Жуырда математика, физика және информатика пәндері бойынша XVII халықаралық Жәутіков олимпиадасы ұйымдастырылды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауының негізінде Алматы қаласындағы республикалық физика – математика мектебінің бастауымен 2005 жылы қолға алынған бұл білім бәсекесінің биылғы үміткерлері пандемия жағдайына байланысты онлайн қатысып, бақ сынады, – деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Олимпиадаға әлемнің 21 елінен (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Болгария, Сербия, Румыния, Тәжікстан, Өзбекістан, Украина, Грузия, Индонезия, Армения, Дания, Қырғызстан, Түрікменстан, Австралия, Иран, Үндістан, Моңғолия, Әзірбайжан, Туркия) бір мыңнан астам оқушыны топтастырған 146 команда құрамында қатысты. Әр құрама 3 математиктен, екі физиктен, 2 информатиктен тұрады. Біздің аймақтың үздіктер тобы @bil.kokshetau Көкшетау қаласындағы «Білім – инновация» лицей – интернатының оқушылары. Олар математика пәнінен – Даминов Арслан 11 сынып оқушысы, Алпысбай Әділхан 11 сынып оқушысы, Мукашев Алихан 11 сынып оқушысы; физика пәнінен – Болатқан Лұқман 10 сынып оқушысы, Абдикулов Алихан 10 сынып оқушысы; информатика пәнінен – Шарипов Амирлан 11 сынып оқушысы, Тургунов Мади 11 сынып оқушысы.
Сынақ қорытындысы бойынша екінші дәрежелі дипломмен Даминов Арслан марапатталса, үшінші дәрежелі диплом Шарипов Амирланға табысталды. Қос жеңімпаз бірнеше жыл қатарынан облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда топжарған еді.
