“Қуырмаш” ойынының қандай құпиясы бар?

Байырғы баба ғұрыптың астарында ақиқат көп. Ойынның өзіне ойлы көзбен қараған. Ф. Шиллер «бала ойынында көбінесе терең мән бар» дейді. Құлдыраңдап өтер құлыншақ ғұмырдың қызықты ойындарының бірі – қуырмаш. Бас бармақтан басталып, қытықпен аяқталар «қуырмаш» ойынының астарында денсаулық кепілі, терең ғылым жатқанын біле ме жұрт! Білсе ғанибет. Білмегенге айтайық, – деп жазады Шығыс Қазақстан облысындағы “ДИДАР” газетінің сайты. 

Біздің қазақ ұрпағына ұғынықты болу үшін бес саусаққа балама атау қойды. Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек. Медицина кестесіне жүгінер болсақ бас бармақтың басында яғни бұлшық етінде ми мен тыныс жолдарының нүктелері орналасқан. Балан үйректің бұлшық етінде көздің, ортан теректе ми тамырлары мен көздің, шылдыр шүмекте есту органдыры мен ми тамырларының нүктелері түйіліскен. Кішкентай бөбекте тікелей ми тамырларымен байланысты. Ал алақанның бұлшық еттерінде бауыр, өт, өкпе, ішек,  омыртқа, ішкі құрылыс нүктелері орналасқан. Осының бәрін білген қазақ халқы қуырмаш ойынын ойлап тапты. Ойын арқылы баланың алақаны мен сауасақтарын уқалап массаж жасап, жүйке жүйесін, ішкі организмін оятып отырған.

Әр нүктені дөп басып бала денсаулығын бақылай білген. Сонымен қатар бес саусақ арқылы бес түлік атауын жаттатып, еңбекке деген құштарлыққа баулыған.  Ойын ережесі бір қарағанда қарапайым болғанымен жүйелі әрі ғылыми негізде жасалғаны байқалады. Балалық шақты еске алып ережені бір қарап шығыңыз да балаңызға үйретіңіз. Ойнатыңыз. Ойынның шарты: Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолмен оны бүктемелеп, саусақтардың басын көрсетіп ғана қапсыра ұстайды. Қасындағы балаға: – Ортан қолымды тапшы, – дейді. Екінші бала бір саусақтың басынан шымшып: – Міне, мынау, – деп көрсетеді. Егер ортан қолды таба алмаса, мына ережелерді орындайды. Бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін саусақтарын аттарын атап, жұмылдыра береді.

Қайтадан бас бармақтан бастап мына сөздерді айтып, жазады. 
–      Сен тұр, қойыңа бар;
–      Сен тұр, түйеңе бар;
–      Сен тұр, жылқыңа бар; 
–      Сен тұр, сиырыңа бар 
–   Ал сен кішкентай бөбек, әлі жас екенсің, қазанның қаспағын қырып жеп, жыламай отыра тұр. Енді осы шынашақтың өзін алақанның шұңқырына бүгіп, тұқырта ұстайды да:
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Балапанға бидай шаш,
Әжең келсе, есік аш, 
Қасқыр келсе, мықтап бас, – деп шынышақты шыр айналдырып, баланың алақанын қытықтайды. Оларды істеп бола беріп:

–      Мына жерде қой бар, –  деп баланың білезігін түртеді.
–      Мына жерде түйе бар, – деп баланың білегін түртеді.
–   Мына жерде жылқы бар, – деп білектің жоғарғы жағын түртеді.
–    Мына жерде түлкі бар, – деп қолтығына барады да тездете түседі.
–     Мына жерде күлкі бар, – деп қытықтай бастайды. Қытық, қытық! Бір кездері жалғанды жалпағынан баспақ болған Жапония, ғаламға қырағылықпен қарайтын Қытай, бүкіл әлемді басып оздық дейтін батыс елдері біздің бабалардың ғылым-білімін, тарихын, ақиқатын  аңыздың астарына жасырып, ертегі мен ойынға астарлағанын білмегенде шығар…

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий