National Geographic Qazaqstan NIS оқушыларының ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетпек

NIS оқушылары, ұстаздары мен ата-аналары кезекті «Даналық бейсенбіні» әйгілі «National Geographic» журналының еліміздегі өкілдерімен жүздесуге арнады. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Даналық бейсенбі» жобасы аясында мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым – «National Geographic Қазақстан» журналының жауапты редакторы Арай Ізбаймен онлайн кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Тікелей эфирге NIS желісіндегі барлық Зияткерлік мектептерінің оқушылары, педагогтары мен ата-аналары қосылды. Кездесуде Арай Дәулетұлы журналдың оқырмандарға жол тартқан айшықты кезеңдеріне тоқталып, «Пандемия тарихы» туралы ауқымды зерттеу нәтижелерімен бөлісті. 

– Біздің журнал – ғылыми әдебиет. Контенттің 70 пайызы халықаралық зерттеулерге негізделген. Бұл дегеніміз әлемдік соңғы жаңалықтары жайында ауыл балалары шетелдің белді университет студенттерімен бір уақытта біліп отырады. Біздің мақсатымыз – қазақ жастары өз теңінен қалмай, алған ақпараттан ой түйіп, оны бір салаға бағыттай алу, – деп санайды Арай Ізбай.

Әлем үшін өзекті тақырып туралы талдау жасаған отандық журналист адамзатты әбігерге салған қауіпті індеттердің себеп-салдары жайында тарихи ақпарат берді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жобаларына ақпараттық қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

– Бұл журнал ағылшын, орыс, қазақ тілінде де барлық НЗМ кітапханаларында қолданыста бар. Мазмұны терең, аудармасы сапалы ресурсқа кез-келген оқырман қол жеткізе алады. Бүгінгі кездесу игі бастамалардың бастауы болатынына сенімдімін. Алдағы уақытта «Туған елге тағзым» өлкетану – зерттеу экспедициясын іске асыруда журнал ұжымымен бірлескен жобаларды жүргізу жоспарда бар», – деп бөлісті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Әлемнің сексеннен астам елінде 40-қа жуық тілде таралатын «National Geographic» журналы бүгінде жеті жүз миллион аудиторияны қамтиды. Видео сілтемесі: https://www.youtube.com/watch?v=j0LCMoZla4g&feature=youtu.be

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий