Білім биігін бағындырған ұйымшыл ұжым

Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Сексен жылдан асқан тарихы бар, қасиетті қара шаңырақ саналатын біздің білім ордасының ұстаздарын бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен тынымсыз еңбегі арқылы қол жеткізіп, ұстаздық пен ұлылықты тең ұстанған жандар деп мақтанышпен айта аламын.

Мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты қазіргі ғылыми білімдермен қаруландыру, дамыған шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыру. Осындай жауапты міндеттерді сапалы деңгейде атқару үшін әр мұғалім өзінің білімін жетілдіріп отыруы қажет деген ұстанымды берік ұстанған ұстаздарымыз  қашан да өздерінің кәсіби білімдерін түрлі курстарда жетілдіріп, түрлі кәсіби байқауларға қатысып, тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдай түсуде. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген  «Сабақты зерттеу (Lesson Study): Қазақстан мектептерінің тәжірибесі» тақырыбындағы аймақтық-ғылыми практикалық конференцияға С.Әбдімәліков қатысып, «Мектепішілік сабақты зерттеу: нәтижелері және рефлексия» тақырыбындағы мақала ғылыми баяндамалар жинағына енді.

«Бес жұлдыз» Lesson Study сабақты зерттеу тобының жұмыс барысындағы қысқаша нәтижелері мен рефлексиясы» тақырыбында С.Ниязовтың мақаласы жинаққа енді. «Жақсы шәкірт – ұстазының мұраты» дегендей, оқушылардың жеңіске жетіп, биіктерден көрінуін алдына мақсат, мұрат етіп қойған  ұстаздардың еңбегі қашан да елеулі. Атап айтар болсақ, «Алтын белгі» иелерін даярлаған бастауыш сынып мұғалімдері: Ж.Тәжібаева мен Г.Қожаниязоваға Шымкент қаласындағы «Бір көлік» шипажайына жолдама тарту етілді.

Биылғы жаңа жылдың қарсаңында «Мәртебелі ұстаз- ел мерейі» салтанатты шарасында ұстаздар арасында өткен конкурс нәтижесінде үздіктер марапатталып, мектебіміздің география пәнінің мұғалімі Серік Ниязов облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан төсбелгі мен қаржылай сыйақы иеленді.Сондай-ақ, таңдаулы, биік белесті бағындырған  ұстаздар қатарынан табылған Серік Ұзақбайұлы облыс әкімінің қолынан ноутбук алып, суреті абыройлы 10 ұстаздың бірі ретінде аудан орталығындағы көшелерге билборд ретінде ілінді.

Аудандық білім бөлімінің кезекті алқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша рейтинг жасалынып,жоғары нәтиже көрсеткен мектептер анықталды. Жыл қорытындысы бойынша № 80 мектеп-гимназиясы «Білім биігін бағындырған ұжым» номинациясымен марапатталды. Бұл жетістікті білікті, іскер басшылықтың, ел болашағының өрендерін тәрбиелейтін майталман мамандардың, ынтымағы жарасқан ұжымның,бағы мен бабы қатар шапқан білімді, өнерпаз оқушыларымыздың еңбектерінің ортақ жемісі деп білеміз.

Сан түрлі сындарлы, келелі жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген ұлағатты ұстаздардың еңбек жолының қашан да жемісті болатынына,  сексен жылдан аса тарихы бар, қасиетті қара шаңырақ, білім ордасының мерейі қашан да үстем боларына сеніміміз мол. 

Мақпал Мергенбайқызы ЖҮНІСОВА, 
№ 80 мектеп-гимназияның қазақ тілі және
әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызылорда облысының
Қармақшы ауданындағы Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий