Объективте – балалық шақтың оқиғалары

Балалық шақ – әр адамның есінде шаттыққа толы қызықтарымен сақталады. Ал осы қызықты сәттерді көптеген достармен жағымды ортада өткізу бағытындағы жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Қаңтар айының тоғызы күні биылғы жылдың алғашқы ауысымы басталды. «Объективте – балалық шақтың оқиғалары» тақырыбындағы жүздесуге біздің аймақтың елді мекендерінен келген жас фотографтар, операторлар, тілшілер, қалалық, облыстық және республикалық сайыстардың және фестивальдердің лауреаттары жиналды.

Ауысым жиырма бір күнге созылып, күн сайын балаларға қызықты іс-шаралар мен сайыстар ұйымдастырылуда. Осы уақыт аралығында балалар білімдерін шыңдап, мектеп партасымен қайта қауышты. Әр ауысымның мақсат міндеттері болғандықтан ауысым тақырыбына сай мерекелік кештер мен байқаулар өтеді. Атап айтсақ бұл ауысым балалар және жасөспірімдер экрандық шығармашылығына арналғандықтан ауысымда «Фотоконкурс», «Үздік репортаж», «Объективтегі әлем» байқаулары ұйымдастырылып, ауысым тақырыбынан тыс интеллектуалдық ойындар, патриоттық бағыттағы кештер мен спорттық сауықтыру жарыстарында да бақтарын сынауда.
Байқаулар мен жарыстар барысында балалар өз таланттары мен өнерлерін ортаға салып, марапатталады. Сонымен қатар балалар күнделікті сабақ оқып, іс-шараларға қатысып қана қоймай, уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында орталығымыздың қосымша білім беру мұғалімдері ұйымдастырған қызығушылық үйірмелері де жұмыс жасайды.

Үйірмелерге қатысып, жұмыстарын сәтті аяқтаған балаларға ауысым соңында сертификаттар беріледі. Орталық мамандары ұйымдастырған спорттық-сауықтыру танымдық маршруттары күнделікті балалар денсаулығын нығайту мақсатында жүргізіледі. Дәмді тамақ, жылы жайлы орын, айналаңда мейірімді жандар, күнде ойын-сауық, сапалы білім балалық шаққа қызмет бұл еліміздегі бірегей оқу-сауықтыру орталығының басты мақсаты.
Ғазиза Бахтиярқызы ПЕРНЕЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының тарих және құқық негіздері
пәні мұғалімі, Қарағанды облысының Балқаш қаласы