Балабақшаға екі жастан барса…
Тараз қаласында тұратын Әсел Сәмбетбаева – 4 баланың анасы. Жұбайымен бірге 5 жасар қызын, 3 жастағы егіз ұлдарын және 1,5 жастағы кіші ұлын тәрбиелеп келеді. Кенжесінен басқасы балабақшаға барады. Кейіпкеріміз қазір декреттік демалыста сол кішкентайымен отыр. Күйеуінің кірісіне ғана қарап қалған ол жақында жұмысқа шыққысы келеді. Бірақ оны балабақша мәселесі күтіп тұр. Себебі елімізде 1-3 жастағы балалардың бәрі толық мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілмеген. Ал министрліктің балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту туралы қуанышты дерегі 3 пен 6 жастағы бүлдіршіндерімізге қатысты екенін көбіміз біле бермейміз, – деп жазады “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтындағы мақаласында.
Білім және ғылым министрлігі осыдан аз уақыт бұрын «Қазақстанда 10 712 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 6 109-ы – мемлекеттік, 4 603 ұйым – жекеменшік. Онда 864 900 бала немесе 1-6 жастағы балалардың жалпы санының 75,4 пайызы қамтылған» деген ақпарат таратты. Осы жерде мәселеге қарай «Соның ішінде 1-3 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші қандай?» деп сұрадық. Жауапты ведомстводан жедел жауап болмады. Соған қарағанда, дайын дерек жоқ. Демек, мұндай зерттеу жүргізілмеген сыңайлы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік ревалюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының жетінші бағытында білім сапасын арттыруға тоқталды. Осы мәселенің бір шешімі ретінде 2019 жылдың 1 қыркүйегінен мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандартын енгізуді тапсырған еді. Міне, осыдан соң министрлік Балалардың ерте жастан дамуы үшін олардың әлеуметтік дағдыларын және өз бетінше оқу дағдыларын дамытатын бағдарлама әзірледі.
Экс-министр Ерлан Сағадиев қол қойған құжаттың мақсатында бағдарламаның балаларды 3 жасқа дейін оңтайлы әлеуметтендіру және мәдени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне баулу, оларда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын дамытуды көздейтіні көрсетілген. Сөз жоқ, мақсаты жақсы жазылған, бірақ бұл қаншалықты орындалып жатыр? Жоғарыда көрсетілген мүддеге қол жеткізу үшін баланы солай жан-жақты тәрбиелейтін ортаға беру керек. Ал мұндай орын – сөзсіз балабақша. Балабақшамен 3 жасқа дейінгі балаларды толық қамтамасыз ете алмай отырып бірдеңе айту қиын. Бұлай деуімізге де сөз басындағы кейіпкеріміздің жайы түрткі болды.
«Қызым мен егіз ұлым жекеменшік балабақшаға барады. Енді 4-ші баламды берсем, тегін болады деген. Үйде бәрін біліп, сайрап тұрса да тобындағы тәрбиешілері қызымның түстерді ажырата алмайтынына күн сайын шағымданады. Қызым балабақшаға барғысы келмей жүр, үйренуге ынтасы жоқ. Осыдан да кіші ұлымды жекеменшік балабақшаға бергім келмейді. Ал мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда орын бола бермейді, орын болса да 1,5 жастан қабылдамайды. Бұйырса аз уақытта үлкенім мектепке барады. Ал оны 1-сыныпқа дайындайтын топқа беру үшін 25 мың теңге сұрады. Оны қалтам көтермейді. Сондықтан жұмысқа шығуым керек, солай істейін десем кіші ұлыма алаңдаймын», дейді көп балалы ана Ә.Сәмбетбаева.
Мемлекет мұндай мәселеде қандай шара қабылдап отыр? Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры Манара Адамова балаларды балабақшамен қамту мәселесінің күн тәртібінен түспегенін айтады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берілген Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың моделі дайындалды.
Аталған модель қазір бекітіліп жатыр. Жобасы бар, сол жоба 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жан-жақты дамыту жайын қарастырады. Сіздер көтеріп отырған мәселелердің бәрі осы модельде қамтылған. Бұл жерде ең бірінші міндет – балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту. Бүгінде статистикалық мәліметтер бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 98,5 пайызды құрайды. Осыған қарамастан, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында балабақшамен қамту мәселесі қалып отыр. Неге? Себебі жоғарыда айтылғандай, 1-3 жастағы балалардың бәрі толығымен мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілмеген.
Үш жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші төмен. Ұлттық білімдік деректер қорындағы статистикалық мәліметтер 1-3 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту 42 пайызды ғана құрайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан модельді іске асыруда бұл мәселе басты назарға алынды», дейді орталық директоры. М.Адамованың айтуынша, модельді іске асыру үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспарда ерте жастағы балаларды балабақшамен қамтуды шешу жолдары айқындалған. Ең алдымен 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етуде бұрынғы тәжірибе қолданылады.
3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытының нәтижесінде орындалды. Мұндағы мақсат – жекеменшік балабақшалардағы бағаны қатты өсірмей, ата-аналардың қалтасын қақпайтындай жағдай жасау болатын. «Бұдан бөлек, біз модельді іске асыруға арналған кешенді жоспарымызда ата-аналарға көмек болатындай ұсыныстарды беруді қолға алдық. Мәселен, аталған мемлекеттік бағдарламада «Үй тәрбиешісі», «Үй жағдайындағы әлеуметтік күтуші» жобасы әзірленді. Сол жобаны биыл апробациядан өткізіп, 2022 жылдан бастап енгізу көзделген.
Аталған жобаны жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Яғни жергілікті атқарушы органдардың есебінен балабақшаларда тәрбиешілерден бөлек арнайы бір штат қарастырылады. Үй тәрбиешісі немесе үй жағдайындағы әлеуметтік күтуші мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі әдістемелерін, балалардың жас ерекшелігіне қарай педагогикалық тұрғыда жұмыс істеу жолдарын білуі керек қой. Сондықтан олар мектепке дейінгі ұйымдардың штатында болуы тиіс, сонда ғана іс-тәжірибе барысында бәрін арнайы мамандардан көріп, үйренеді», деді «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының басшысы.
Біз осы мақаланы жазу барысында ел аумағындағы бірнеше мектепке дейінгі ұйыммен хабарластық. Көпшілігінде 3 жасқа дейінгі балаларға арналған топтар жоқ. Болған күннің өзінде дерлігі тек 2 жастан бастап қабылдайды. Айталық, балаларды балабақшамен қамту мәселесі қашанда өзектілігін жоймайтын миллионнан аса тұрғыны бар елордадағы №71 «Мөлдір» балабақшасында 2 жастан бастап бүлдіршіндерді қабылдайтын 1 кіші топ бар. Онда 30 бала тіркеуде тұр. Қазіргі карантин талаптарына сәйкес 15 бала келіп жүр. «Қалған 15 баланың ата-анасы жұмыс жайын қалай қылды екен?» деген сұрақ туады. Енді қараңыз, аталған мектепке дейінгі ұйымның әдіскері Айнұр Амангелдіқызының айтуынша, 3-4 жастағы балалар тәрбиеленетін 3 ортаңғы топ бар екен.
Әр топта 30 тәрбиеленушіден 90 балаға орын қарастырылған. Ұйым өкілі ата-аналардың көбіне балаларын ерте жастан балабақшаға бергісі келетінін жеткізді. Жапондық инженер, әйгілі бизнесмен, жапон дарынды балаларын тәрбиелеуші, Sony корпорациясының негізін қалаушы Масару Ибука балаларды ерте жастан дамытуды көп зерттеген. Оның осы зерттеу нәтижесінде жазылған «Үштен кейін кеш» (Kindergarten Is Too Late by Masaru Ibuka) кітабында баланы 3 жасқа дейін тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екені ғылыми-тәжірибелік тұрғыда көрсетілген.
Бала өмірінің алғашқы 3 жылы интеллектісінің қалыптасуына ерекше ықпал ететін көрінеді. Масару Икубаның ойынша, біз балаларды бойы өсіп, бұғанасы қатқаннан кейін жанталаса беретін үйірмелердегі қажетті дағдының бәрін адам есейген шағына қарағанда 3 жасқа дейінгі кезеңде игеруге анағұрлым бейім, қабілетті келеді екен. Кітаптың қысқаша мазмұнын жинақтап жазсақ, мидың физиологиясын зерттеу, екінші жағынан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің психологиясы көрсеткендей, баланың ақыл-ой қабілеттерін дамытудың басты кілті – адам өмірінің алғашқы үш жылдық танымдық тәжірибесі, яғни ми жасушаларының даму кезеңінде екенін көрсетті. Ешбір бала данышпан, болмаса ақымақ болып тумайды. Мұның бәрі бала өмірінің негізгі әрі шешуші жылдарында мидың даму деңгейі мен оны ынталандыруға байланысты. Бұл – туғаннан үш жасқа дейінгі жылдар.
Әлемді шарламай-ақ ұлттық тәрбиенің тереңіне бойласақ та баланы ерте жастан дамытудың қандай маңызды екенін түсінуге болады. Қазақ 1-3 жастан емес, тіпті құрсақтан тәрбиелеуге ерекше мән берген. Иә, бірақ халық педагогикасын да, шетел тәжірибесінде қолға алу үшін ең алдымен тәрбие мен білім беретін ұйымдар жайын шешіп алуымыз керек. Бұл түйткілдің түйінін түбегейлі тарқатпайынша, 3 жасқа дейінгі балаларды да балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етіп алмайынша, ондағы тәрбие мен білім туралы сөз ету мүмкін емес. Өйткені «ата-әженің мектептері» күннен-күнге жабылып жатыр, ал әке мен ана жұмыстан босамайды. Бар үміт – балабақшада…
Загрузка...