Кезекші топтарда интерактивті әдістерді қолдану тәжірибемнен

Қазіргі қиын сәтте сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда мұғалімнің атқарар қызметі орасан. Ұстаздар қауымына әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеліп отыр. Қысқа мерзімді оқу жоспарын дайындап, оны кезекші сыныптардағы оқушылардың білім деңгейімен, білім беру жүйесімен астастырып бейімдеудің өзі – үлкен жауапкершілік. Бұл ретте қашықтықтан оқыту  жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді.

 

Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін педагог оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен   іс жүргізу  ісін орындау шарт. Міне, осы аталған шарттардың үдесінен шыға білу үшін мұғалімдер қауымы үлкен ізденіс үстінде болады. «Кезекші топ оқушыларын қалай топтастыруға болады?», «Оқушылардың берілетін ақпаратты қабылдау деңгейлері қандай?»  деген сұрақтардың   бәрімізді мазалайтыны анық. Берілетін білімнің нәтижелі әрі сапалы болуы үшін мен де көп іздендім. Қазіргі уақытта сыныпты екі топқа бөліп оқытып жатырмыз. Он бес оқушыдан кезекші сыныптарда барлық карантиндік талаптар орындалуда. Ата-аналардың  көбісі балаларын мектепте оқытуға ынта білдіріп отыр.

Осы тұста білім беретін ұйымның жағдайы да басты назарға алынады. Дегенмен, білімнің сапасы карантиндік талаптар мен білім беру ұйымының көлеңкесінде қалып қоймауы тиіс. Сынып оқушыларын белгілі бір нәтижеге қол жеткізетіндей дәрежеде топтастырдым. Бұл ретте санитарлық талаптарды да қатаң есте ұстап отырдым. Қандай жағдай болмасын, мұғалім оқушыларға сапалы білім беруді басты мақсат ретінде қоюды көздейді. Ол үшін:«Қандай мақсатпен жұмыс жүргізіп жатырмын?» «Бұл мақсат арқылы оқушыдан қандай нәтиже күтемін?» деген сұрақтардың жауабын нақты білуі керек. Осы кезде ғана балаға берілген білім де, баладан алынатын өнім де сапалы болмақ.

Оқушы жұмысының сапалы болуы үшін мұғалімдердің   не нәрсені оқытып, оқушылардың не нәрсені оқып жатқандықтарын анық білуі маңызды. Осы кезде ғана оқу мақсаты да нақты болады. Оқу мақсаты нақты болса, беретін өніміміз де нәтижелі болады деген сөз. Мұғалім мүмкіндігіне қарай, оқушылардың білім деңгейлерін ескере отырып, ортақ сабақ жүргізіп, ортақ тапсырмалар беріп, оқуды жақсартуға ықпал етуіне болады. Міне, осы тұста ағымдағы жетістік пен нәтиже арасындағы алшақтықты жоя аламыз. Әрбір оқушы, төменгі сынып оқушысы болса да, өзінің жетістікке қалай баратындығын, түпкі нәтижеге жету үшін әлі қанша қадам жасауы керектігін біліп, мұғалім әрбір оқушысының жетістікке жету жолындағы білім деңгейі мен оқушы әлеуетінің ара қашықтығын сәйкестендіріп отыруы тиіс.

Оқушыларда үйде интернеттің, компьютер мен смартфондардың жетіспеушілігі жиі кездеседі. Бұл – біз үшін қашықтан білім беруде, нәтижелі өнім алуда   шешімін таппас өте күрделі мәселе. Осы кезде амалсыз кәдімгі оқулықты, баспа материалдарын және тапсырмаларды қолдана отырып материалды зерттеу бойынша жұмысты ұйымдастыруымызға тура келеді. Оқушылар барлық ақпаратты бірдей қабылдай бермейді. Сондықтан мұғалім ақпараттың тақырыпқа, оқу мақсатына сәйкес келуін қатаң қадағалап отыруы керек. Қажетті мақсатқа қол жеткізу үшін бүгінгі тақырып пен мақсатқа сай ақпарат қана оқушыға берілуі керек деп ойлаймын. Керісінше болған жағдайда білім сапасының артуына ықпал етпек түгілі, баланың білімге деген қызығушылығын жойып аламыз. Білім сапасын көтеруде оқушы қызығушылығының маңызды екенін бәріміз жақсы білеміз.

Өз тәжірибемде кезекші топтардағы сабақтан соң,  сабақ кезінде сыныпта өткен тақырыпты есеріне түсіріп, қайталау мақсатында оқушыларға бейнесабақтар түсіріп жіберуге тырысып отырамын. Себебі бейнесабақтарды қолдану мен презентацияларды демонстрациялау оқу құралы ретінде қиялды, ойлауды, пәнге қызығушылықтарын арттырады деп білемін. Бір жағынан жаңа материалды оқушыларға көрнекті түрде көрсету құралы болса, екінші жағынан, бұл-мұғалімге үлкен көмек. Өйткені бейнесабақтар арқылы сабақты меңгерту процесін жеңілдетуге болады. Оқушылардың ақпаратты техникалық құралдардың көмегімен жақсы қабылдайтыны анық. Сыныпта өтілген материалдарды нақтылап пысықтау үшін, сыныптан тыс уақытта берілген бейнесабақтар – білім сапасын, оқушылардың танымдық қабілетін арттырудың, шығармашылық потенциалын дамытудың бірден бір жолы.

Білімнің өзектілігі жаңа материалды бейнероликтерді, оқу тапсырмасы кезінде  оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдістерді қолдануда жатыр. Қандай да бір теориялық білімді балаға берген кезде соны өлшеп, оқу мақсатына әр оқушының қаншалықты деңгейде жеткендігін, қаншалықты оқу жетістігі алға жылжып жатқандығын біліп отыруым үшін оқу тапсырмаларын дидактикалық тұрғыда түрлендіріп беріп отырамын. Материалдарды жай беріп қоя салмай, оқушыдан алынған өнімге тиісінше керібайланыстар беремін.  Кері байланыстың оқушы үшін де, мұғалім үшін де беретін пайдасы зор. Ол үшін біз дұрыс білім беру порталын таңдауымыз керек немесе хабар алмасу, я болмаса чат арқылы сапалы кері байланыс беріп отыруымыз керек. Кері байланысымыздың өзі баланың білімге деген қызығушылығын оятуы керек деп білемін.

Мысалы, бүгінгі жұмысына жоғары деңгейдегі керібайланыс алған оқушы, келесі жолы тапсырманы одан да жоғары деңгейде орындауға тырысады. Оқу тапсырмаларының өзін топта орындау үшін түрлендіре отырып жасауға тырысамын. Білім беру процесінде қашықтан оқыту оқушылардың интерактивті  белсенділігін алып тастайды деген  пікірмен келіспеймін.  Керісінше,  кезекші топтарда  бұл одан да тиімдірек, өйткені ол әрқайсысының мүмкіндігін ескеруге мүмкіндік береді. Біз топта пікірталас ұйымдастыра аламыз, жаңа материалды оқып білу және тапсырмаларды орындау кезеңінде сөйлесе аламыз. Кезекші топтарда оқытуға күрделі процесс ретінде қарамаймын.

Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов: – Біз, педагогтар, оқу бағдарламасы бойынша қашықтан оқыту форматында да балаларымыздың қажетті дағдыларды алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Қашықтан оқыту бойынша нақты зерттеулер бар, — деген болатын. Расымен де, қазіргі білім беру ресурстарының мұғалім үшін де, оқушы үшін де қолжетімді болуы материалды зерттеуді ұйымдастыруда және оның дамуын бақылауда мұғалімнің міндеттерін жеңілдетіп отырғаны анық. Тек материалды дұрыс таңдап, сабақтан кейінгі уақыттарда  оқушылармен байланысты  үзбеу өте маңызды.

Өйткені оқушыларды  кезекші топтарда  оқыту кезінде оқушылармен байланыс ең маңызды процес болып табылады. Тапсырманың анық-қанығын, оқу материалдарына толық қолжетімділіктің болуын, оқу тапсырмаларын оқушылардың толық түсінуін   үнемі бақылауда ұстап отырамын.  Бұлай етпеген жағдайда балаға берілетін білімнің пайдасы болмайды. Сыныпта оқытып, сыныптан тыс уақытта баламен байланыссыз отыру – мұғалім үшін үлкен қателік. Балаға үздіксіз білім берілуі тиіс. Сонда ғана белгілі мақсатқа қол жеткіземіз. Өздерін ұстаз санайтын әрбір тұлға өз мақсатын айқын біліп, сол мақсатқа жету барысында нақты жоспармен жұмыс жасауы керек.

Озипа Туленовна ЖУМАШОВА,
№80 мектеп-гимназияның бастауыш
сынып мұғалімі, Қызылорда облысындағы
Қармақшы ауданының Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий