Павлодар педагогикалық университеті студенттерін қарсы алуға дайын
Биылғы ақпан айының бірінен бастап 1 курс студенттерін дәстүрлі форматта қабылдауға қызу дайындық жүріп кетті. Бүгінде Павлодар педагогикалық университетіне күндізгі оқу формасына 565 бірінші курс студенттері қабылданған. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Елена Игнатова жаңа семестрден университеттің студенттерді қарсы алуға дайындығы жайлы айтып берді, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Елена Васильевна, университетте оқу процесі қалай ұйымдастырылады? – Желтоқсанның 28-інде қабылданған Білім және ғылым министрлігінің №548 бұйрығына сәйкес, 1 ақпаннан бастап бірінші курс студенттері дәстүрлі оқу форматына көшіп, университет табалдырығын аттайды. 1 курс студенттеріне арналған оқу процесі Павлодар педагогикалық университетінде аралас форматта ұйымдастырылады. Яғни, дәрістер – онлайн форматта, семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта өтеді. Сабақтар 40 минуттан екі ауысымда жүргізіледі, әр сабақ арасындағы үзіліс – 20 минут. Жоғары мектептерде 1 курс студенттерімен екінші семестрде оқу процесін ұйымдастыру бойынша онлайн кездесулер өткізілмек. Негізгі мақсат – студенттерге қазіргі оқу процесінің барысы мен жай-жапсары туралы толық ақпарат беру.
Басқа студенттер қалай оқиды? – Екінші және үшінші курс студенттері «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасын есепке алмағанда, қашықтан оқуды жалғастырмақ. 4 курс студенттеріне келетін болсақ, олардың кәсіби және диплом алдындағы практикалары онлайн форматта болады. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми-тәжірибелік жұмысы мен теориялық білім алуы және қорытынды аттестаттаудан өткізілуі қашықтан оқыту форматында жүзеге асырылады.
Студенттер мен оқытушыларға сақтық шаралары қалай жасалмақ? – Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау мақсатында университеттің жоғары мектептеріне ұсыныстар жасалды. Аудиториялардағы студенттердің толымдылығы 40%-дан аспайды. Қатарлас отыратын студенттер арасында екі метрлік әлеуметтік арақашықтық, ал зертханаларда бір студентке 5 шаршы метрлік арақашықтық қамтамасыз етілген. Кіреберіс фойеде, оқу залдарында, зертханалар мен санитарлық тораптарда санитайзерлер орнатылған.
Оқу бөлмелері мен әкімшілік кеңселерінде 150 стационарлық және 15 жылжымалы кварц шамдары бар. Ғимараттарды дезинфекциялау туралы келісімшарт жасалды. Кіреберісте студенттер мен оқытушылардың, қызметкерлердің дене қызуын өлшеп, температурасы бар, жөтел жұқтырған, тұмау тигізген адамдарды ғимаратқа кіргізбейді. Студенттер мен оқытушылар және университет қызметкерлеріне оқу процесі кезінде маска тағу міндеттелді. Сондай-ақ жатақхана жұмысына ерекше көңіл бөлінбек. Карантиндік талаптар бойынша, студенттерді 50% толымдылықпен бекітілген кестеге сәйкес жатақханаларға қабылдайтын болады.
Айта кетсек, 15 қаңтардан бастап жатақханаға орналасу үшін студенттердің өтініштерін онлайн режимде қабылдау жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі таңда 395 студент жатақханада тұруға сұраныс білдірген. Жатақханаға орналастыру 25-30 қаңтар аралығында өтеді. Студенттерді бөлмелеріне орналастыру тәртібі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Жатақханаға кірерде студенттердің дене қызуы өлшенеді. Дәліздер мен кіреберісте санитайзерлер орнатылған. Әзірге ойын-сауық мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.
Загрузка...Университеттің оқу ғимараттарында асханалар жұмыс істей ме? – Әрине. Қазіргі жағдайда барлық асханалар қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды ескере отырып жұмыс істейді: әлеуметтік арақашықтықты сақтау, бетперде кию және ғимараттарды дезинфекциялау қатаң сақталады. Құрметті студенттер! Көктемгі семестрді ұйымдастыру туралы барлық қажет ақпаратты университеттің веб-сайтынан, Call-орталық және университеттің ресми сайтындағы жеке кабинеттеріңізден таба аласыз. Сіздерді оқуда асыға күтеміз!