Адал ұрпақ – мәңгілік елдің кепілі
«Адал ұрпақ» бағыты бойынша жас өрендерді тәрбиелеудің нақты жоспары мақұлданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандық мектептерде атқарылатын шаралардың үйлестірушісі ретінде №151 ЖББМ бекітілген болатын. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мақсаты өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Және рухани адамгершілікке бағытталған шаралар жастардың саяси-құқықтық білімін тереңдетуге ықпал етеді. Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігімен бірге «SANALY URPAQ» республикалық жобалық кеңсесі арқылы оқушылар онлайн ұйымдастырылған сурет салу, эссе жазу, өлең шығару қалалық байқауға белсене қатысып, №151 ЖББМ оқушылары II-III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар аудан мектептерінде әртүрлі сынып сағаттары, сурет көрмелері, флешмоб, акциялар мен кездесулер, «Адал ұрпақ» еріктілер мүшелерінің отырыстары жиі ұйымдастырылады.
«Парасатты мектеп – болашақ мектеп» тақырыбында былтырғы сәуір айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің басшысы – Кайыржан Токушевтің қатысуымен аудан мектептері арнайы семинарда басқосты. Аудандық мектептерде «Парасатты мектеп» кабинеті ашылып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық», «Мәдени-көпшілік іс-шаралар» секциялары бойынша бекітілген үйлестірушілердің көмегімен түрлі жұмыстар атқарылуда.
Covid-19 пандемиясы басталғанға дейін аудан мектептерінде оқушыларды адалдыққа шыншылдыққа тәрбиелеу мақсатында «Адал дүкен» жобасы іске асырылғанын атап айтқанымыз абзал. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көп мәселе бүкіл қоғамның белсенді қатысуына байланысты болатыны белгілі. Демек өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлықтан ада болу үшін мектеп қабырғасынан бастап дұрыс тәрбие алуы қажет. Осы бағытты берік әрі батыл ұстанған №151 ЖББМ директоры Гульшат Молдабаеваның «Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру» авторлық бағдарламасы аудан мектептерінің 10 сынып оқушыларына «Адам.Қоғам.Құқық» пәні негізінде оқу үрдісіне енгізілді.
Бала өмірінде ойынның маңызы зор. Және бұл ересектердің атқаратын қызметі мен кәсіби жұмысында да ерекше мәнге ие. Сондықтан да болашақ қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады. Осы ұғымға сәйкес аудандық білім ордаларында «Біз жемқорлыққа қарсымыз», «Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыптарында онлайн интеллектуалды марафон ұйымдастырылды. №182 ЖББМ «Адал ұрпақ» еріктілер мүшесінен құралған «Аманат» тобы сайыс нәтижесінде жеңімпаз атанса, екінші орынды И.К.Мандоки №154 ЖББМ құралған «Қоңыр ұландары» мен №151 ЖББМ «Парасатты» тобы иеленді.
Үшінші қатардан №82 ЖББМ «Алатау қырандары» тобы мен №26 ЖББМ «Абай» тобы көрінді. «Педагогикалық идеялар» сайысына қатысуға мақсатында №151 ЖББМ тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі Мерей Кунанбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы ұлттық менталитет ерекшеліктері» тақырыбында ізденістер жүргізуде. Аудандағы қазақ тілі мен әдебиет әдістемелік бірлестік жетекшілері ұйымдасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үздік мақалалар топтамасын іріктеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық мәдени негіздері» атты әдістемелік бағдарламаны қалалық білім басқармасының ғылыми – әдістемелік орталығына ұсынуүшін қайта пысықтауға кірісті. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің мәдени, ақыл-ой, құндылық және әлеуметтік негіздері бар. Және ол мектептер бойынша да жүргізілетін жүйелі жұмыстардың тиімді тетігіне айнала бастады.
Қарлығаш Медербекқызы АҚМҰРЗАЕВА,
білім бөлімінің басшысы, Алматы қаласының
Алатау ауданы