Ардагер ұстаздың мерейтойына арналған салтанатты мәжіліс

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының 75 жылдық мерейтойына орай ғылыми-кеңес мәжілісі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі. Аталмыш шараға Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері, университеттің ғылыми-кеңес, ректорат мүшелері мен профессор-оқытушылар қатысты, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі. 

Мерекелік шара аясында Н.Байқадамов мерейтой иесіне облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың құттықтауын табыс етті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова ардагер ұстазды құттықтап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты. Жеңіс Сәдуақасұлы 1946 жылғы қаңтар айының 19-і күні Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ұялы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың Филология факультетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірген.

Сол кезден бері жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруді өмірлік ұстанымына айналдырып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, бірнеше абыройлы қызметтерді атқарған. Ұстаздықпен қоса ғылымға деген адалдығының нәтижесінде 1988 жылы ғылым кандидаты, 1997 жылы ғылым докторы дәрежесін иеленді. Биыл мерейтой иесінің білім алған киелі қара шаңырақ – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қызмет атқарғанына 42 жыл толып отыр. Ұлағатты ұстаз, өнегелі отбасы иесі, саналы ғұмырын қазақ тіл білімі мен ғылымына арнаған Жеңіс Сәдуақасұлы жайында айтылар ғибратты, тәлімді дүние жетерлік.

 

Ағайдың табиғи болмысы, ғылымға деген құштарлығы мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігі оны ұстаз деген ардақты атқа лайық етті. Көп жылғы ұстаздық қызметіндегі, қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы табыстары үшін 1992 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2001 жылы ҚР-ның 10 жылдығына арналған төсбелгі және Елбасының «Алғыс хатымен», 2005 жылы Елбасының екінші «Алғыс хатымен», 2006 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облыстық мәслихатының «Алғыс хатымен», 2008 жылы «10 жыл Астана» медалімен марапатталды.

Қызылорда облысы әкімінің стипендиясы, 2009 жылы «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік медалі, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, 2016 жылы ҚР БжҒ министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасы», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының «Мақтау грамоталары» бірнеше рет табысталғанын айрықша атап айтқанымыз абзал. Ж.Сәдуақасұлын университет ұжымы 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, қажымас қайрат, шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілейді!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий