Қашықтан оқыту жүйесі жайында

Бүкіләлемдік індеттен туындаған өзгеше оқыту жүйесі маған үлкен ой салды, сондай-ақ әрбір тұлғаға кез-келген жаңа жүйеге, өзгеріске дайын болу керектігін үйретті. Қашықтан оқыту дәстүрлі оқытудан өзгеше және ол бізден, педагогтерден қосымша дағдылар мен біліктілікті қажет етті.

Қашықтан оқытуды мен өзімнің педагогтік тәжірибемде алғаш рет қолдандым. Сондықтан да болар, маған оқу мақсаттарын толық жүзеге асыра аламын ба, ресурстар мен әдіс-тәсілдерім оқу мақсатына сай келе ме, оқушылардың қызығушылығын оята аламын ба, тікелей кері байланысты жүйелі орната аламын ба, сұрақ-жауап процесін жүзеге асыра аламын ба, уақытты тиімді пайдалана аламын ба, өз ойымдағыдай нәтиже көрсете аламын ба деген сияқты сауалдар маза бермей, бойымда аздаған қиындықтар мен қорқыныштар туындаған болатын.

Бізге, педагогтер қауымына осы қиындықтарды жұмыс процесінде тез, әрі оңтайлы шешу үшін шұғыл ізденіске түсуге тура келді. Осындай жан-жақты ізденістер нәтижесінде өз әріптестеріміздің және өзге де елдердің тәжірибелерін жинақтай келе, қашықтан оқыту жүйесін  жетік меңгердік. Белгілі бір тақырып бойынша оқу мақсатының негізін жүйелеп алуға тырыстық. Оқу мақсатына жету үшін нақты қандай ресурс пен әдіс-тәсілді қолдану қажеттілігін үйрендік.

Қашықтан оқыту әрине білім алушылармен көзбе-көз ақпарат алмасуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ қашықтан оқыту педагогтен компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуін, ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге іс жүзінде дағдылануын, қашықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ өткізу үрдісінде үйлестіруші болуын талап етті. Біздің мектеп-лицей әкімшілігі, пән мұғалімдері  мен сынып жетекшілер бірлесе отырып, бір-бірімізге  күнделікті қолдау көрсетіп, көмек жасап отырдық. Классрум, күнделік, зум платформасында жұмыс жасауды бірге үйрендік.

Тапсырмаларды жүктеу, кері байланыс беру, әрбір жеке баланың қабілетіне қарай дұрыс қарым-қатынас жасау – әрбір ұстаздың жауапкершілікті міндетіне айналды. Онымен қоса, заманауи технологияларды қолдана отырып қашықтан оқыту педагогтердің негізгі қызметін атқара жүріп білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді. Біршама уақыт ішінде біздің ұжымның ғана емес, барлық әріптестеріміздің қашықтан оқыту біліктілігі бір жүйеге қалыптасты.

Дегенмен де, бүгінгі таңда, қашықтан оқыту технологиясын одан әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында әрбір педагог шығармашылық ізденіспен өз білім, біліктіліктерін заман ағымына сәйкес дамыту үстінде. Қашықтан оқытудың қиындықтарымен қатар жетістігі мен жаңалықтары көп болғаны даусыз. Ең бастысы балалармен жекелей жұмыс жасау мүмкіндігіміз артып, ата-аналар артылған жауапкершілік жүгіне қоса ұстаздардың қауырт қызметінің қадірін жете түсінді.

Қамажай Ибраймқызы ИБРАЙМОВА,
А. Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп
лицейдің информатика мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий