Ақпараттық білім беру орталығы жүйесінде балалар оқылымын дамыту мен қолдау

Кітаптың әлемдік өркениетке қосар үлесі шексіз. Қазіргі кезде интернет, теледидар, радио, басқа да ақпарат құралдары кітаптарды ығыстырып бара жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен де, кітапты ешқандай жаңа технология шетке ығыстыра алмайды. Өйткені, адамның жан-дүниесін, арманын, сезімі мен психологиясын кітаптай ешнәрсе нақты жеткізбейтіні анық. Сондықтан да кітап – әрдайым басты рухани байлығымыз болып қала бермек.

Қазіргі кітапханалар ақпараттық, мәдени-ағартушылық, ғылыми – зерттеушілік мекеме. Ал кітапханашылар мен педагогтер алдында тұрған міндет – ХХІ ғасыр азаматтарына алуан түрлі ақпараттар ағымында жөн сілтеп, пайдалыларын өз игіліктеріне жұмсауға үйрету, ақпараттық қоғам тіршілігіне әзірлеу. Осы заманғы ақпарат тасымалдаушы технология жүйесінде де кітапхана маңызды буын болып саналады. Кітап оқу – адамзат ойлап тапқан ең ғажайып құбылыстардың бірі. Рухани жан-дүниеңе демеу беріп, адамның адами қасиетін  арттыратын  да осы кітап.

Халықтың  ең алдымен,  жеткіншек  ұрпақтың дүние танымын кеңейту, жеке адамның жан-жақты дамуына жәрдемдесу, балаларды тәрбиелеу ісіне қол ұшын беру өмір талабы деп санаймын. Қазіргі кезеңде мектептің алдына қойған басты мақсатының бірі жан- жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу. Ақпарат кеңістігі мен оның мүмкіндігі қандай шексіз болса, оны пайдаланушылардың оған деген мұқтажы мен сұранысы да сондай шексіз. Мектеп кітапханасында шығармашылықпен жұмыс жасау заман талабына сай мәдениеттің түрі болып табылады.

Ондай оқырмандарға ерекше назар аудару қажет, абонементке оқырман  залында  шығарма жазуға, ақпараттық анықтамалар орындауға, мерзімді басылымдарды пайдалануға библиографиялық ақпараттық қызмет ұйымдастыру қажет. Жеткіншек ұрпақтың дүние танымын кеңейту, жан-жақты дамуы барысында кітапханада өтетін іс-шаралардың  рөлі өте зор. Біздің № 56 мектеп-лицейінде 2007 жылғы 7 желтоқсаннан бастап Кітапқұмарлар клубы жұмысын бастады. Клубтың тұсаукесерін Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Әкім Тарази, жазушылар Әнес Сарай  мен Тұрлыбек Мамасейіт, ақын Несіпбек Айтұлы сынды зиялылар ашты.

Кітапқұмарлар клубының белсенділері ардақты ағаларымен пікір алысып, өздері оқыған  кітаптардан алған әсерлерімен бөлісті. Кездесу барысында сөз сөйлеген Әкім Тарази: «Сендер сияқты көп оқитын балалармен кездесіп тұру біз үшін үлкен бақыт», – дей келе, ай сайын қаладағы кітапқұмар оқушылардың басын қосып, кездесу ұйымдастырып тұру жөнінде  ұсыныс тастады. Кітапқұмарлар клубы өзінің өрісін кеңейтіп, жазушылар мен оқушылар арасындағы рухани байланысты жетілдіре түсуде. Клуб мүшелерінің саны күн санап өсуде. Мектеп-лицейіміздің оқушыларынан басқа № 48, 50, 67, 81 мектептердің оқушылары да клубқа мүше болып, өткізілетін іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосуда.

Көпшілік іс-шараларды іскерлік ойын түрінде жүргізудің мәні өте зор. Оқушыларды рөлге кіргізе отырып, кітапқа өлеңге деген қызығушылықтарын дамытып, тіл мәдениетіне, сахна мәдениетіне тәрбиелейміз. Жаңаша көзқарас, пікір-ой қалыптастыруда бізбен бірге ата-ананың да қосар үлесі зор. Ата-ана мен бала арасындағы кітап жайлы көзқарасты білу үшін «Біз көп оқитын әулетпіз»,– атты дөңгелек үстел, пікірлесу мен әңгімелесулер өткізіп отырамыз. Оқушының болашақта қоғам қайраткері немесе өзінің сүйікті мамандығының иесі болуы үшін, жақсы кітаптың қосар үлесі мол.

Уақыт талабына сай жаңа технология мен интернет жүйесінен іздеген материалын тауып алғанмен, ол баланың есінде ұзақ сақталып қалмайды. Кітап оқыған адам мен бірыңғай компьютермен жұмыс жасаған адамдардың есте сақтау қабілетінде елеулі айырмашылық болады. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарынан лайықты орын алу үшін өзінің мәдениеті мен ғылымын, білімі мен біліктілгін, рухани байлығымен елімізді айдай әлемге паш ете білуі керек»,– деген еді. Олай болса, құрметті әріптестер, ұстаздармен, ата-аналармен және балалармен тығыз байланыс құрып, бірлесе отырып кітапхана оқырмандарын көбейтіп, кітап мәртебесін биіктетуге бір кісідей жұмыла атсалысайық.

Құндыз Тастанбекқызы ҚОЗЫБАЕВА,
Шәкәрім атындағы № 56 мектеп лицейінің
кітапхана меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий