Халықаралық конференция – көрнекті ғалымның құрметіне арналды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде экономика факультеті «Қаржы» кафедрасының ұйымдастыруымен экономика ғылымдарының докторы, профессор Кучукова Нұрила Кенжебекқызының мерейлі 70 жасқа толуына арналған «Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруының қаржылық аспектілері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз орталығы.
Нұрила Кучукова – елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал, көрнекті ғалым: Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Ресей Жаратылыстану Академиясының академигі (РАЕ), Қазақстан Республикасы білім беру саласының Құрметті қызметкері, жоғары сапалы кәсіби қызметі және экономикаға қосқан іргелі үлесі үшін Еуропалық алтын медаль және Еуропалық сапа дипломының (Diploma di Merito) иегері (Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата. F.deMelo, G. Zirilli, 2013 жыл) және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2012 ж.), Халықаралық кітап көрмесінің лауреаты (Париж қ., Мәскеу қ., 2015 ж.), «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері (2017 ж.).
Онлайн және офлайн форматта өткен конференцияны Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев ашып, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нұрила Кенжебекқызын мерейлі жасымен құттықтады. Содан кейін деніне саулық, шығармашылығына табыс тілеген проректор білім беру саласында үздіктер қатарынан көрініп, Отанымыздың мүддесіне бағытталған еңбектерінің еселене беруіне тілектестік білдірді және Ғылыми кеңестің шешімімен білім мен ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін «Гумилев» медалін табыс етті.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда көрнекті ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, ғалым-экономистер, қаржыгерлер, банкирлер, мемлекеттік билік және басқару органдарының басшылары, қаржы саласының мамандары, экономикалық бейіндегі жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар, магистранттар мен экономикалық жоғары оқу орындарының студенттері, қаржы-банктік бизнес-мектептердің тыңдаушылары сөз алды.
Жұмыс тілі қазақ, орыс, ағылшын тілінде өткен конференцияның мақсаты: Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мен тұрақты дамытудың өзекті мәселелері бойынша сындарлы зияткерлік пікірсайысты ұйымдастыру; цифрландыру жағдайында бюджет жүйесін, экономиканың банктік, сақтандыру секторларын, капитал нарығын жаңғыртудың перспективалы бағыттарын анықтау; экономикалық өсудің инновациялық моделінің теориясы мен әлемдік практикасын зерделеу негізінде республика экономикасын жеделдетілген технологиялық жаңғырту үшін қаржы ресурстарын тарту проблемалары.
Сондай-ақ конференция жұмысы барысында республика экономикасын Үшінші жаңғыртуды жеделдетудің басты факторы ретінде мемлекеттің құрылымдық-инвестициялық саясатын жетілдіру мәселелері қаралды және оның экономикалық алғышарттары айқындалды. Ел экономикасын жаңғыртуды қаржыландырудың бюджеттік және кредиттік әдістерінің рөліне маңыз беріліп, шетелдік инвестициялардың Қазақстан экономикасын жеделдетілген технологиялық жаңғыртуға және оның инновациялық дамуына ықпалы кеңінен сөз болды.
Загрузка...Одан бөлек, экономиканы реттеудің қаржы құралдары: мемлекеттік шығыстар, бюджеттік кредиттер және ұлт пен мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекеттің қаржы ресурстарын тиімді пайдалану модельдері арқылы Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруына бюджет және ақша-кредит саясатының әсері талданды. Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданып, материалдар жинағы электронды нұсқада университет сайтына орналастырылатын болды.