Мәнерлеп сырғанау: Арманы – әлем чемпионы болу

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде спорт, өнер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер көп болып тұрады. Солардың ішінде мәнерлеп сырғанаудан  Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаевамен кездесу есімде қатты қалып қойыпты.

Сол кездесуді ашқан ЕҰУ-дің халықаралық байланыстар және инновация жөніндегі проректоры Ақбота Жолдасбекова даңқты спортшының Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесу өткізуі ортақ қуаныш екенін атай келіп, спортшыға ақ тілегін арнап, университет атынан естелік-сый тапсырған-ды.

Жалпы, Элизабет Тұрсынбаева – мәнерлеп сырғанаудан талай айтулы жарыста топ жарып, Қазақстанды әлемге танытып, абыройымызды асқақтатып жүрген жалғыз мәнерлеп сырғанаушы әрі «Төрт айналым сальховты» ресми жарыстарда орындаған тұңғыш спортшы. Ол жыл сайын жетіле түсіп, өз көрсеткіштерін жаңартып келеді. Қазіргі жетістіктері бұл қабілеті мен мүмкіндігінің, әлеуеті мен шеберлігінің шегі емес. Алар белестері мен жүлделері, шығар шыңдары мен жетістіктері әлі алда.

Элизабет 2011 жылы Германияның Дортмунд қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болса, 2013-2014 жылғы маусымға арналған әлемдік Гран-приінің бес кезеңінің қорытындысы бойынша алғашқы үштіктің құрамына енді. Сондай-ақ 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алса, Саппорода қысқы Азия ойындарында үшінші орынға, халықаралық Shanghai Trophy 2017 турнирінде күміс жүлде еншіледі.

Элизабет Тұрсынбаева көп жылдан бері Торонтода әйгілі Канада жаттықтырушысы Брайан Орсердің қол астында жаттығып жүр. Бұл бапкер екі Олимпиада чемпионын дайындап шығарған. Олар – Оңтүстік Корея аруы Ю На Ким және Жапония жігіті Юдзуру Ханю. Бос уақытында скрипка, фортепьяномен шұғылданатын Элизабет Тұрсынбаева ата-анасы мен бапкерлеріне шексіз риза. Ол өзінің негізгі армандарын спортпен байланыстырады. Оның арманы – мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарында әлем чемпионы болу. Арман алдамайды!

Жарқын ӨМІР

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий