Мектепке дейінгі ұйым ассоциациясы

Қазіргі таңдағы ғылым – техниканың дамуы барлық бағытта жаңашылдықты қажет ететіні белгілі. Соның бірі еліміздің білім беру саласындағы өзгерістер. Бұл үдерістер кез келген жұмыс жасаймын, болашақ ұрпаққа із қалдырамын деген маманға көп ізденуді, жан – жақты болуды жүктейтіні даусыз. Мектепке дейінгі ұйым бұл – дамуға ұмтылған, жаңа мүмкіндіктерді іздеген, баланың, жанұя мен қоғамның сұраныстарын қанағаттандыруға жағдайлар жасайтын, педагогтардың шығармашылық және кәсіби жұмыстарын қамтамасыз ететін, заманауи талаптарға жауап беретін орта.

Демек, осы мектепке дейінгі ұйымның жұмысын жандандыруда балалармен үдемелі инновациялық технологияларды, жаңа бағдарламаларды іске асыруда әр маман аса жауапкершілікпен жұмыс жасағаны абзал. Ол көп  білуі, түрлі әдіс – тәсілдерді меңгеруі, компьютерді білуі, интернет желісін пайдалана білуі қажет. Жергілікті тәрбиешілер облыстық білім басқармасының тапсырмасымен мектепке дейінгі ұйымдар арасында ассоциация қызметін жүзеге асырудамыз. Бұл – жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасау, озық педагогикалық тәжірибені тарату, кәсіби қарым – қатынас аясын кеңейту, білім сапасын арттыру болып табылады.

Құрылымның негізгі бағыттары:  оқу – әдістемелік материалдарды, нормативтік – құқықтық құжаттарды сараптау, авторлық бағдарламалар, әдістемелік құралдар мен жобаларды іске асыру, облыстық деңгейде ақпарат алмасу және тарату, семинарлар, шығармашылық шеберханалар, мастер кластар  ұйымдастыру  және тағы да басқалар. Ассоциацияның құрамы облыстық білім беруді дамыту оқу – әдістемелік орталығы директорының бұйрығымен бекітілген және аудандық құрылымның жұмыс жоспарына сәйкес шараларды атқаруда.

Аудандағы мектепке дейінгі мекемелерде ассоциация жұмысын жүзеге асыру мақсатында аудандағы әдіскерлік кабинеттің әдіскер Бакытгул Маканованың бастамасымен жыл басынан бері түрлі вебинарлар мен семинарлар ұйымдастырылды. Және мақұлданған жоспарға сәйкес түрлі тапсырмалар жүктелген болатын. «Ақбота» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Бикамал Базарбаева, «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Шарбану Аманкулова, «Балдырған» бөбекжай балабақшасының әдіскері Наталья Дементьева, «Қуат» бөбекжай балабақшасының әдіскері Эльмира Жакупова, «Солнышко» бөбекжай балабақшасының әдіскері Гулзат Аязбаева, «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасының әдіскері Ляззат Мухамедиева және мен осы бағытта кезекті отырыс ұйымдастыру барысында жан-жақты талдау жүргіздік.

Басқосу барысында ассоциация ұғымы жалпы педагогтардың кәсіби қалыптасуы мен шығармашылық әлеуетін көтеруде өңіраралық ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға бағытталған шаралардың алғы шарты екендігін түсініп, құрылым мүшелері жалпы білім беру жүйесінің мәселелері бойынша әдістемелік  құралдарды, білім алушылардың білімін, дағдыларын және құзыреттілігін қалыптастыру  бойынша көптеген жұмыстар атқаратыны туралы баяндалды. Қорыта келе, біздің міндет, мектепке  дейінгі балаларға тәрбие мен білім берудің дұрыс ұйымдастырылу жолдарын көрсету, әрбір тәрбиеші балаларға күнделікті оқу қызметтерінде түрлі дидактикалық ойындар қолдану арқылы олардың қиялын, ойлау қабілеттерін дамыту.

«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз, – деп ойламаңыздар. Себебі, бала сіздердің өмірлеріңіздегі әрбір минутта тәрбиеленеді деген. Демек, біздің достарымызбен қарым – қатынасымыз, жұмысқа деген ынта – ықыласымыз, қала берді балаға кітабыңды оқы дегеннен гөрі, өзіміз бірге оқығанымыз бәрі – бәрі ескерілетінін естен шығармағанымыз жөн, – деген екен орыстың атақты жазушысы А.С.Макаренко Демек ұл-қыздарымызды мейірімділікке, сүйіспеншілікке, адамгершілікке тәрбиелеуде балабақшада тәрбиеші, яғни педагогтар жауапты болса, отбасында ата – ана жауапты екендігін ұмытпаған жөн.

Гүлнұр Теңізбайқызы СӘРСЕНБАЕВА, 
“Күншуақ” бөбекжай – балабақшасының
әдіскері,  Алматы облысының Іле ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий