Өнегелі өмір: Ақынын еркелеткен кездесу
Сен – жартассың,
Ақын – толқын,
Келдi саған еркелеп,
Келдi саған көкiрегiн өртеп от.
Жыры бар ма,
мұңы бар ма тыңдашы,
Уа, Дүние, ақыныңды еркелет! ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» еңбегінде қоғамдық сананы жаңғырту басты шарттарының бірі өзінің ұлттық мәдени-генетикалық кодын сақтау және іргелі негіз – патриотизм болып табылатындығын айрықша атап айтқан.
Осы орайда біздің ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Айна Абдуалиеваның бастамасымен облыстық “Өнегелі өмір” жобасы аясында Zoom платформасы арқылы ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың табысқа жету тарихына мән беру арқылы ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту мақсатындағы «Ақыныңды еркелет» атауымен жергілікті ақындармен келелі кездесу ұйымдастырылды. Бас қосуға жергілікті өңірден шығып, тұтас елдің руханият әлемін дамытуға үлес қосқан, қаламдары қуатты аға буын өкілдері саналатын «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы «Хат» кітабының авторы Қуаныш Аманқұлов пен «Самғау», «Үкілі үміт», «Құс жолы» кітабының авторы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Жанболат Башарұлы шақырылды.
Мектеп директоры ең алдымен рухани мазмұндағы шараға қатысуға уақыт тапқандары үшін алғыс білдіріп, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдаулеттің «Ақыныңды еркелет» өлеңін оқумен бастады. Оқушыларға мәртебелі меймандарды таныстырған соң оларға сөз тізгінін берді. Құрметті қонақтарымыз жастарға алдына үлкен мақсат қоя білетін жауапты адам ғана толағай табыс пен жемісті жетістіктерді иеленетіндігін түсіндірді. Биік белестерді бағындыру жету жолында кездесетін кедергілер мен қиындықтарға мойымай, алға ұмтылу арқылы ғана әрбір адам өмірдің мәнін терең ұғына алады.
Кездесуге қатысқан жоғары сынып оқушылары қадірменді қаламгерлердің әсерлі әңгімесін аса қызығушылықпен ден қоя тыңдап, көкейлерінде көптеген сұрақтарына жауап тапқандай тамаша көңіл күймен тарқасты. Осындай тағылымды жүздесулердің оқушылардың ерте жастан бейімділігіне байланысты кәсіби мамандықты таңдап, алдағы үлкен өмірге икемделуіне серпін сыйлары сөзсіз.
Алма Конысбаевна ШАКИЖАНОВА,
№5 мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Қарағанды облысының Балқаш қаласы