Экологиялық мәдениет: Жер тазалығын сақтаймыз
Адам қоршаған ортамен өзара әрекет жасамай өспейді және дамымайды. Оқушыларды экологиялық мәдениеттілікке баулу үшін, бастапқы жүйелі экологиялық тәрбие беру үшін мектеп ұстаздары З. Сексенбиева, А. Сыздыкова мектеп оқушыларының экология туралы ойлауын, экологияны қорғау әрекеттерін дамыту мақсатында «Жер – біздің үйіміз» тақырыбында бағдарлама жазды.
Осы бағдарлама негізінде біздің білім ордасының директоры О. Надеин, ҒӘЖ орынбасары А. Тналина және ТЖ орынбасары Н. Выходцеваның қолдауымен қалалық деңгейде «Экология» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Бұл семинарда мектептегі бастауыш буында «Квест» өткізілді. Орта буындарда сынып жетекшілері «Экология» тақырыбында сынып сағаттарын өткізді. Жоғары сынып оқушылары пластик, қағаз, полиэтилен материалдарынан түрлі киім-кешек дайындап, оны киіп, сән үлгісін көрсетті.
Экологияға нұқсан келтірмеу үшін, экологиялық қателік жасамау үшін, адам денсаулығына және өміріне қауіпті жағдай туғызбау үшін заманауи адам экологиялық негізгі білім мен экологияны сақтаудың әдістерін білуі қажет. Сондықтан болашақ үшін мектебімізде балаларға заманауи білім мен өмірлік тәжірибе беру үшін түрлі іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырдық. Оқушылар табиғат туралы, табиғатты қорғау туралы өз көзқарастарын білдірді, табиғатпен өзара мәдени әрекет жасады және сол әрекеттерінен қорытынды шығарды.
Мектеп оқушыларының қоршаған әлемді тануға, зерделеуге қызығатынын байқадық. Қашықтан оқыту кезінен бері дәстүрлі шараларымызды жалғастырып, оқушылармен экологияны қорғау бойынша сынып сағаттарын, мектепішілік «Отбасы», «Еңбек» туралы өлеңдер, көркем әдебиет оқу сайысын және «Табиғат», «Құстар», «Өсімдіктер» туралы мақал-мәтелдер сайысын, «Үй тазалығы», «Аула тазалығы», «Көше тазалығы» тақырыптарында шығарма жазу, сурет салу сайыстарымен бірге басқа да іс-шаралар өткіздік.
Сонымен қатар «Жер тазалығын сақтаймыз» тақырыбында эссе байқауын ұйымдастырылды. Жетінші сынып оқушысы Шило Ярослав эссесінен үзінді: …. Бірнеше көп қабатты үйге бір қоқыс тапсыратын орын салынып, оған бір адам қоқыс алушы (ақшасын төлеп) тағайындаса. Әр отбасы үйлерінен тағам қалдығын, қағаз, пластик, материал және тағы да басқаларға бөлек-бөлек салып, оны апарып қоқыс алушыға тапсырса. Қоқыс алушы адамдардан алған қоқысты тексеріп, тағам қалдығын тағам контейнеріне, қағазды қағаз контейнеріне, пластикті пластик контейнеріне салу арқылы қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіп отырса, мәселе шешілген болар еді деп ойлаймын…
Айслу Габденовна СЫЗДЫКОВА,
№14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі, бағдарлама
авторы, Нұр-Сұлтан қаласы