Кітапханашы болу менің тағдырым
Ұжымның мақтанышы оқырманға көрсеткен қызметінің сапасы десек, сүйеніш-тірегі білікті қызметкерлер. Кітапхананың абыройы білікті кітапханашының қолында. Бұл тұрғыдан қарағанда ғылыми кітапхананың қызметкерлері қалай мақтауға да лайық. Исаханова Айгүл Әлиқызы ұжымдағы көптің алғысын алып жүрген, өз ісін жете меңгерген білікті маманның бірі. 2007 жылдан бері кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істеп келеді.
«Мамандық тағдырдың жазуы сияқты»,- дейді, Айгүл бұл салаға қалай келгенін еске алып: «Менің бала кезімде біздің үй ауылда тұрды. Әкем фермада басқарушы, анам кітапханашы. Арнайы ғимарат болмағандықтан, кітапхана үйіміздің бір бөлмесіне орналасқан. Сондықтан, мен кітапты қалағанымызша оқитынмын, ол сүйікті ісіме айналып кетті. Мен үшін үйіміздегі сол шағын бөлме әлемдегі ең бай кітапхана сияқты еді. Содан болар, орта мектепті бітіргенде ойланбай-ақ кітапханашы мамандығын таңдадым».
Жаны сүйіп таңдаған мамандығы Айгүлге кәсіп те болды, абырой да әперді. Қызметі көптің көңілінен шығып, оқырмандардың алғысына ие болып жүр. Кітапханашы үшін бұдан үлкен марапат, бұдан үлкен бақыт жоқ. Еңбегінің басшылық тарапынан жоғары бағалануы өз алдына бір төбе. Ректордың құрмет граммотасын алды. Министірдің алғыс хатына ие болды. Кітапхана ісін терең меңгерген маманның мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп жүр. Кітапхана жұмысы сырттай қарағанда көзге көрінбейтін, жасырын процесс. Қара жұмысының өзі оңай емес. Кітапханашыны да көп ешкім біле бермейді.
Алайда, бұл саланың маңыздылығы ерекше екенін айта кеткен жөн. Білімнің екі қайнар көзі бар: бірі өмірдің өзі, екіншісі кітап. Бұрын да, қазір де осындай, болашақта да солай қала бермек. Біле білген кісіге нағыз кәсіби кітапханашы ұстазбен тең. Алайда, ондай деңгейге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жақсы кітапханашы болу үшін біліктілік те, төзімділік те қажет. «Отырар» ғылыми кітапханамызда осындай рухани биікке жеткен еңбекқор жандар аз емес. Олардың атқарып отырған қызметі де ұшан – теңіз. Айгүл де соның бірі. Біз Айгүлге алар асу, шығар биігіңіз әлі алда, сізге Алла қуат берсін! Еңбегіңді ел бағаласын» дегеннен басқа айтармыз жоқ.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛ
Загрузка...