Ұлттық сана өзгеруі тиіс
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы елдің болашағы туралы бүгінгі күннің мінберінен ой толғауымен маңызды. Біздің ұрпақ қалай өмір сүрмек, оларға қандай мұра қалдырамыз, не істеу керек? Өскелең ұрпақтың бақытты өмірі үшін жастарды заман сұранысына сәйкес тәрбиелеу қажет. Сол себепті де жаңа ғасырда ұлттық сана өзгеруі тиіс екенін түсінуіміз керек.
Әлем бір орнында тұрған жоқ, қозғалыс үстінде. Жаңа заман сұраныстары туындауда. Оған сай тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді сақтау мәселесі – жаһандық бәскелестік алдындағы маңызды қадам. Бүгінде әлемдік пандемияға байланысты қашықтықтан жұмыс істеу, он-лайн білім алу қалыпты, әдеттегі үйреншікті жағдайға айналды. Болашақта тікелей бетпе-бет қарым-қатынастардан алшақтау қызмет түрлері белгілі стандарттарға көше бермек. Әлеуметтік оқшаулану жағдайында өткізген карантин мерзімінде ақпараттық технологиялардың адамдардың санасына бұрынғыдан да тереңірек еніп, айтарлықтай жағымды жақтарымен қоса, тудырған мәселелері де көп болғанына көз жеткіздік.
Ғылыми-технологиялық жетістіктердің арқасында жаңа қолжетімді өнімдер мен қызметтер айналымға еніп, адамдардың күнделікті өмір сүруіне аса қолайлы жағдайлар туғызды. Әсіресе, COVID-19 пандемиясымен күресте аталған жетістіктердің пайдасы көп болды. Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің құрамына енуді стратегиялық бағдары ретінде ұстанып келеді. Барлық дамыған елдер бірегей сапалы білім беру жүйесін алға тартады, сәйкесінше ұлттық білім беру жүйесінің барлық сатыларының сапасын жақсарту бойынша жұмыс сұранысқа ие. Қазіргі жағдайда білім беру интеллектуалды әлеуетті көрсетудің, әлемдік деңгейде ықпалдылықты танытудың құралы ретінде көрініп, мәдени дипломатияның формасы ретінде маңыздылыққа ие болып отыр. Осы ретте біздің міндетіміз оқудың, білімнің құндылығын дәріптеп, білімділік мен инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.
Бұл міндетті шешуде жоғары оқу орындары мен технологиялық парктердің басым рөлі айқын болуы тиіс. Ғылыми-инновациялық потенциал, кәсіпкерлік мәдениет, ойлау дизайны – міне, дәл осы ұғымдар университеттер мен білім және ғылым өкілдерін толғандыратын өзекті ойларға айналғаны жөн. Өркениеттік даму инновациялар мен қоғамның инновациялық мәдениетін қалыптастыру сұранысын тудырды. Бұл өз кезегінде тағы бір басқа мәселеге – әрбір бәсекеге қабілетті компания үшін аса маңызды инновациялар мен өзгерістерді басқару тақырыбын күн тәртібіне қойды. Замануи алдыңғы қатарлы ғылымды дамыту үшін зерттеу тақырыбын жан-жақты қарастырып, басқа ғылым салаларының тәжірибесін ескере отырып қорытынды жасауға мүмкіндік беретін пәнаралық бағдар, ұстаным қажет. Осы орайда өз шешімін талап ететін маңызды кешенді міндеттердің бірі – еңбек нарығының модернизациясы туралы айтпай кету орынды болмас. Өндірістің, еңбек нарығы технологизациясының жоғары стандарттары жұмыс күшінің шамадан тыс көбеюіне әкеліп, жас мамандардың жұмысқа орналасуына, жұмыссыздыққа, сәйкесінше әлеуметтік салаға тікелей әсер етуде.
Осы контексте білім берудің жаңа әдістерін енгізу, оларды қолдану; интернет-ресурстарының (соның ішінде Big Date) мүмкіндіктерін барынша пайдалану; жұмыс берушілер мен эксперттерді тарту міндеттері алға шығып отыр. Қоғамдық сананы жаңғырту еліміздің бай мәдени тәжірибесін саралай отырып, оны бүгінгі таңның жаңа шындығына қиюластыра білуден танылары анық. Бұл процесс жолға алынар «жүкті» мұқият жинақтауды талап етеді. Мемлекет басшысы кезекті мақаласында айтып өткендей, мәдени код тақырыбы аса өзекті. Жаһандық әлемде мәдениетімізді сақтау, дамыту толығымен тікелей бізге, отандастарымызға байланысты екені анық. Жан-жақты және креативті дамыған ғана адам болашақтың қожайынына айналады, еркіндікке ие болады, өзінің мәдени-өркениеттік көкжиегін кеңейтеді.
Экономикалық жағынан алға кеткен әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері өз тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін берік ұстана отырып, сонымен қатар жаңа, прогрессивті бастамаға ашықтық таныта, басқаны, беймәлім әлемді игеруде жаңашыл, пионерлік рухты басшылыққа алып келе жатқаны белгілі. Қоғамның «мәдени кодын» құрайтын құндылықтар жүйесі уақыт өте өзгеретіні де анық. Ұлттың мәдени коды халық психологиясын анықтайды, оның іс-әрекеттік реакциясын түсінуге көмектеседі. Мәдени код – мәдениетті түсінудің жолы; халыққа ата-бабасынан қалған бірегей мәдени ерекшеліктері. Бұл – мәдениетті айқындауға мүмкіндік беретін қандай да бір формаға жасырылған ақпарат. Мәдени кодтар этномәдени организмнің сақталуын, интеграциялық және бейімделу сипаттарын қамтамасыз етуге бағдарланған. Кодтар – бұлар ұзақ уақыт бойы ұлттың беріктігін сақтауға мүмкіндік беретін, ал оның иелеріне (әр түрлі ұрпақтардың өкілдеріне) төл мәдениетімен ажырамас байланысын сезіндіретін, мәдени біртұтастық сезімін ұстап тұратын қандай да бір конструкция.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», – дейді. Халық тарихы, оның мәдениеті – жанды, үнемі даму үстіндегі «организм». Кінәсіз және дерті жоқ ұлттық тарих болмайды, туған елдің тарихының астарлы беттерін ұмыту, ол туралы үнсіз қалу әсте мүмкін емес. Сол себепті де ұлттық мәдениеттің жағымсыз стереотиптерін анықтап, жөнге салып түзеткен жөн. Осы жағынан алғанда модернизацияның екі бағытын анықтаған дұрыс. Біріншіден, жағымсыз стереотиптерді коррекциялау. Екіншіден, қазақ халқының мәдени-рәміздік кодының ерекше құрылымын жасау. Бұл ретте, тәуелсіз жұртымыздың ешбір идеологиялық ықпалға түспеген объективті тарихын жазу – алғашқы қадам болуы тиіс!
Президент мақаласы өткенге жасалған есеп пен болашаққа берілген бағдар іспеттес. Мақалада игерілген белестер талқыланып, алға жылжытар бағдарлар айқындалады. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ. Біздің бүгінгі күніміздің әрбір сәті – өткеннің елесі мен болашақтың бастауы. Осы ретте ұлы философ, ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің тұлғасын ерекше атап өтуге болады. Ұлы ойшыл, философтардың мұрасына назар аудару – бұл өзінше рухани бағдарларды айқындау, құндылықтарды мәнге бөлеу, осылардың негізінде рухани бірігу мен ұрпақтар сабақтастығының өзекті концепцияларын, қазақстандық ұлтжандылықтың негізгі ұстанымдарын жасау, еліміздің әлемдік қауымдастыққа үдемелі жаһандық үдерістер жағдайында кіру стратегиясын жүзеге асыру. Соның жарқын көрінісі, ұлы ойшылдың бай ғылыми мұрасы бүгінгі күнге дейін өзінің жалғасын тауып, іске асып келеді. Оның еңбектері, трактаттары, ойлары уақыт ағынында өзінің жаңашылдығы мен өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Өткеннің ұлы тұлғаларының шығармашылық мұрасын бүгінгі күннің «қиындықтарына» сәйкес қайта қарастыру – қоғамды, әлеуметтік-саяси үдерістерді, мәдени мұраны, адам руханилығын, мемлекеттің тұтастығын сақтауды жаңашылдық жаңғыртуға «шығармашылық» мүмкіндік болып табылады. Біз Еуропа, Азия мен Американың көптеген мемлекеттерімен тығыз байланыстамыз. Жалпы әлемдік жаһандық үдеріске қосылуда біз өзіміздің мәдени ерекшелігімізді, тіл, әдебиет, музыка, өнер, руханылығымызды сақтап қалуымыз қажет. Өз бай мәдени мұрамызды сақтап қалу оңай емес, алайда оны болашақ ұрпаққа тарату мен ретрансляция жасау өте маңызды. Халықтың тарихы, салт-дәстүрін жай ғана көпшілікке таныту ғана емес, адамдардың санасына ұлттық мақтаныш, ұлтжандылық, адам абыройы мен қадірі түсініктерін ендіру қажет.
Мемлекет басшысы осы мақаласында: «Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды», – деп атап көрсетеді. Сондықтан отандық білім мен ғылым саласының бәсекеге қабілетті, рухани-мәдени құндылықтарымыздың қуатты болуы маңызды. Жаһандану үдерістері мен мәдени динамика, тәжірибе көрсетіп отырғандай, біртұтас әлемдік мәдениеттің қалыптасуына алып келмейді. Қазіргі мәдениет бір-бірімен сұхбатта және өзара ықпалдастықта болатын көптеген түпнұсқалы мәдениеттер. Мәдени өзгерістер біркелкілікке емес, әмбебаптылыққа бағытталған. Сәйкесінше, әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуде жеңілдетілген ұтымды сұлбалардан бас тартып, мәдени өзара әрекеттің жаңа типін қалыптастыру мәселесі ерекше зерттеу міндеті болып табылады. Және де қазіргі қазіргі заманғы мәдениеттің мегатенденциясы ретінде түсінуші философия салмағының (рөлінің) артуын атап өтеміз, ол әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-мәдени, этникааралық, діни және қоғамның басқа да мәселелерін шешуде жаңа тәсілдерді жасауға көмектеседі.
Қазір, тәуелсіз еліміз қалыптасқан мемлекет болып, дамудың жаңа сапалық деңгейіне өтуі кезінде дәстүрлер әр қазақстандықтың болмысының ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Қазақстанды әлем картасындағы саяси бірлік ретінде емес, біздің ортақ үйдің ұлттық идеясы ретінде түсіну кешенді қайта өрлеу мен барлығына ортақ дәстүрлерді қайта жаңғырту негізінде ғана құрылуы тиіс. Әдет-ғұрыптар халықтың өмірлік салты және қағидаларының біріктіргіш құралы болып табылады. Ұлттық генетикалық кодтың ажырамас бөлігі ретінде дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың сабақтастығы – дүниетанымдық құндылықтарды тұрмыстық деңгейде беруді жүзеге асырудың аса маңызды факторы, ұлттық тірі дәстүрлердің тіршілігінің басты шарты болып табылады. Қазақ дәстүрлі мәдениетіндегі әдептіліктің басты белгілеріне жататындары: атамекен мен туған халқына деген сүйіспеншілік, ар-ұятты қастерлеу, намыстылық, мейірімділік, ізеттілік, ата-бабалар аруағын сыйлау, ата-аналық парыз бен балалық қарыз, қанағатшылдық. Басқаша айтқанда, этностың басты ұғымдары әдептіліктің, кісіліктің төңірегінде топтасқан.
Мәдениеттің негізіне тіл жатады. Қазақ тілі ұлт қалыптасуының, оның бірлігінің міндетті шартына айналады. Тіл бар көпқырлы мәдениетті, өте күрделі қоғамды қамти алатын тұтас әлем секілді. Тілге әр халық үшін «халық рухын», оның мәдениетін білдіретін ерекше ішкі форма тән; тіл адам мен оның қоршаған ортасын байланыстыратын бөлшек. Мәдениет – тіл арқылы кодталған жады. Мыңжылдықтар межесінен өтіп, ғасырлар бойы дамып, өрістеп келе жатқан рухани мұраларының құндылығын арттыру, дәстүр сабақтастығын жалғастыру, оған дәнекер болу, әрбір ұлттық мәдениетке көзінің қарашығындай қамқорлық жасау – зиялы қауымның борышы мен парызы. Бар ізгі құндылықтарды сырттан емес, өзіміздің асыл мұралардан іздеу, оны жандандыру, қалпына келтіру, мәдениеттанулық деңгейге көтеру арқылы ұлттық сананы өзгерту еліміздің жарқын болашағының кепілі деп білеміз!
Алия МАСАЛИМОВА,
философия ғылымының докторы,
профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия және саясаттану факультетінің деканы