Менің кейіпкерім мерейлі жаста

Менің кейіпкерім Дүзелбаев Сайлаубек техника ғылымдарының кандидаты, PhD, доцент, ХАА академигі. Сайлаубек Тілеубайұлы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен «Механика» мамандығын алғаннан бері 45 жыл жоғары оқу орындарында әртүрлі қызметтер атқарды: ассистент, аға оқытушы, доцент, декан, кафедра меңгерушісі.

2007-2008 оқу жылынан бастап Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінде еңбек етті. «Механика-математика» факультетінің «Механика» кафедрасының доценті қызметін атқарған білікті ғалым  ЖОО жұмыс істеу жылдары, соның ішінде біздің  университетте, оқу процесін қажетті ғылыми және әдістемелік деңгейде ұйымдастыруға зор көңіл бөлді. Ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектерінің нәтижесі екі жүз он баспа табақты құрайды: 114 оқулық, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар. Оның арасында жетпісі мемлекеттік тілде және 5-еуі терминологиялық сөздік. Сондай-ақ он алты электронды оқу басылымын және мультимедиалық зертханалық практикум әзірлеп, оқу үрдісіне енгізді.

Сайлаубек Тілеубайұлының баспадан шыққан барлық оқулықтары мен оқу құралдары республиканың барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқу үрдісінде кеңінен қолданылуда және жоғары сұранысқа ие. Оның сапасы жайында ұстаздар мен оқушылар, оқытушылар мен студенттер және магистранттар жақсы лебіздерін білдіруде. Ғылыми еңбектерінің нәтижесі республикалық және алыс-жақын  шетелдік ғылыми-әдістемелік журналдарда, SCOPUS базасында да жарық көрді. Университет қабырғасында сапалы жаратылыстану ғылымдарының магистрлері мен бакалаврларын дайындауға ат салысқан Дүзелбаевтың жетекшілігімен жүргізілген студенттер мен магистранттардың ғылыми жұмыстары республикалық ғылыми конференцияларда және ғылыми журналдарда жарық көрді. Олардың еңбектері әр түрлі дәрежедегі дипломдар мен мақтау грамоталарымен марапатталды.

С. Дүзелбаев өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарында сандық әдістерді және заманауи қолданбалы программаларды қолданады. Ол студенттерге, ана тілінде болашақ мамандану бағытында, инженерлі-техникалық объектілерді зерттеуде аналитикалық және сандық әдістерді, заманауи программалық-есептеу комплекстерін қолдануға, үйренуге және машықтануға ұйтқы бола білді. Атқарған қоғамдық жұмыстары бір төбе: 2010 жылдан республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығы мен ұлттық тестілеу орталығында сарапшы, сонымен қатар сапалы білімді қамтамасыз етуді бақылаушы орган, Қазақстан Республикасы Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігiнде (НКАОКО- IQAA) ЖОО аккредитациялау сарапшысы ретінде жұмыс жасайды.

Сайлаубек Тілеубайұлы жауапкершілігі мол, жұмыста іскер, тәртіпті сүйетін, кеңпейілді, ұжыммен және студенттермен тіл табуға икемділігімен ерекшеленеді. Ол өзінің кәсіби және ұйымдастырғыш қабілеттерімен ұжымда және ғылыми өмірде үлкен абыройға ие. Оның университет қабырғасындағы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше дүркін мақтау грамоталары мен дипломдарға ие болды. Сонымен қатар, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары оқу орындарына оқулықтар жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А. Байтұрсынов атындағы медальмен, ал 2015 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы. Алтынсарин» төс белгісімен марапатталды.

Өмірлік ұстанымы: Жақсының бәрі балалар үшін! Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырма! Менің кейіпкерім, қазіргі уақытта оқытушылардың оқыту жүктемелерінің сағаттарының жоғарылануымен және өзі дайындаған білікті магистранттарға жол беру ниетімен зейнеткерлікке шықты. Бірақ, құр қол қусырып отырған жоқ, қазіргі таңда да Елімізде, қазақ тілін латын графикасына ауысуына қарай, өзінің оқулықтары мен оқу құралдарын соған сай әзірлеп, алғашқы нұсқаларын дайындаумен қатар, білім саласына, университет, қала, республикалық деңгейдегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуда.

Соның бір мысалы ретінде айта кетейік, Мырзакөлде Азынаұлы Малтабар – Абыз ата қорымына жаңа ғибадатхана салуға мұрындық болып қана қоймай, құрылыс жұмысына басынан аяғына дейін білек сабына кірісті. Ондағы мақсат Абыз ата қорымына дертіне шипа іздеп келген адамдардың түнеуіне жағдай жасау болса, ол осындай сауапты іске шынайы азаматтық танытты. Мұндай тағылымды да өнегелі әрі үлгі аларлық іс әрі жас ұрпақтың рухани сезімін оятуда белгілі дәрежеде ықпал етері сөзсіз.

Сөз соңында өзіміздің сүйікті «Білімді ел» газетінің ақпараттық сайты арқылы Сайлаубек Тілеубайұлын мерейлі жетпіс жасымен құттықтай отырып: 

Бұл 70– қарттық емес, қазына жас,
Бала мен немеренің назына мас.
Біз саған бақ тілейміз ортаймайтын,
Басыңнан ешқашан ажырамас!-дегіміз келеді. 

Ақжайық Сейітқожанұлы ТҰРАШЕВ,
ЕҰУ Сәулет және құрылыс факультетінің
ғимарат және имараттарды жобалау
кафедрасының профессоры, т.ғ.к., Ph.D  

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий