Білімдегі сара жол
Мен ауылымның ақылгөй қарияларының «мұғалім бол» деп берген баталарын, «Ұстазыңды әкеңдей сыйла» деген қастерлі сөздерін қасиет тұтқан мұғаліммін. Оқушының жан дүниесіне ізгілік пен мейірімділікті, биіктік пен тереңдікті, әлемнің сұлулығын сөз сиқыры арқылы жүрегіне ұялататын ұстаз болғанымды мақтан етемін.
Ұстаздық жолда тер төккеніме де ширек ғасыр өтті. Алғашқы сабағыма дайындалған күнім, жәудіреп менен көздерін алмай қараған шәкірттерімнің бейнелері сол күнгідей, менің әлі есімде. Бүгінгі таңда ұстаздық ұстанымды нығайтып, педагогтік еңбегімнің нәтижесінде төрт жылдан бері мектеп басшысы болып отырсам, менің шәкірттерім де еліміздің түкпір-түкпірінде бір отбасының ұйытқысы, бір елдің белді азаматы, әрбір саланың мықты мамандары болып отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Ұлтты түзеу – ұрпақты түзеуден, ұрпақты түзеу– ұстазды түзеуден басталады»,– деген сөзі болашақтың, мәңгілік елдің іргетасын құюшы ұстаздарға үлкен жүк, әрі сын.
Ұстаздық кәсібіңді абыроймен атқару үшін төккен еңбегіңнің зая кетпегенін шәкіртіңнің алғысқа бөлеген бір ауыз сөзінен аңғаруға болады. Бүгінгі таңда өзімнің директорлық лауазымдық міндетімді халық игілігі мен алғысына бөленіп атқарғым келеді. Мектебіміздегі биылғы жылғы жақсы бір жаңалық – кемеңгер бабамыз Мәшһүр Жүсіп атына ие болдық. Бұл атау біздің мектебіміздің білім беру процесінің қатысушыларына жауапкершілікті бұрынғыдан да еселей түсетін, сол кісінің атына лайықты болуға міндеттейтіні анық. Ұстаздықпен қоса басшы болуды ұлағатты іс ретінде пайымдаймын.
Ұлағаттылық білім берумен ғана шектелмейді, рухы – өр, тәні – бекем, ұлттың алтын діңгегі болар озық ойлы азамат тәрбиелеп шығару, ынтымағы мен іскерлігі, пайымы мен біліктілігі жарасқан ұжым қалыптастыру – мектеп басшысының басты мақсаты деп білемін. Сондықтан да діңгегі берік, ұлтының ары мен намысы болатын ұрпаққа шамшырақ болу – менің өмірлік ұстанымым. Ной бен Шианың: «Жақсы ұстаздар айналар сияқты, сонымен қатар олар терезе. Олар өзімізге қарап, әлемді көруге мүмкіндік береді»,– деген сөзі бар.
Уақыт талабына сай реформаларға барлығымыз, алдымен біздер педагогтер білім беру сапасын арттыру мақсатында жасалынып жатқан жаңаруларға ашық болуымыз қажет. Мұның бәрі біздің педагогтік кәсіби құзыреттілігіміздің көрсеткіші болмақ. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылдан бастау алған «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында: «…Осы жылдардың ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы отанымыздың бірегей брендіне айналды», – деді.
Осы тұрғыда менің бұл мемлекеттік бағдарламаның стипендиаты атанып, Германияның Берлин қаласында екі айлық тағылымдамадан өтуім, шетелдің және еліміздің орта мектептерінің білім беру қызметін көрсетудегі айырмашылығын саралап, ұтымды әдістерін оқу үрдісіне енгізуіме көп көмегін тигізгені даусыз. Баршаға белгілі білім беру саласындағы басты бір жақсы жаңалықтың бірі кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтің ерекше мәртебесін қоғамда танытатын, оның материалдық қамтамасыз ету құқығын кеңейтетін және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар мәртебесінің артып, еңбегінің еленуінің бірден-бір дәлелі болғны анық.
Бүгінгі таңда осы құқықтық құжаттың іске асырылуы барысындағы нәтижелі істердің мұғалімдердің құқықтық мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуын сапалы жақсартуға кепілдік бергеніне куә болудамыз. Бір сөзбен айтқанда, оқушы бойындағы сан алуан қасиеттерін дөп басып, саралай білетін, талабын ұштап, мақсатына бағыт сілтейтін, арман-қиялына үкілеп үміт қосатын жанашыр жан ұстаздың орны әрдайым төрде болмақ.
Меруерт Әбітайқызы АБУОВА,
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта
мектептің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы