Балалар фольклорының маңызы

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру шеңберінде біздің білім ордасында «Балалар фольклоры» тақырыбында онлайн режиміндегі арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Бұл басқосуға 1-9 сынып оқушылары мен ұстаздар және аудандағы мектептердің кітапханашылары белсене қатысты.

Ортақ мақсатқа қашықтан жиналғандардың назарына кітапханамызға  жаңадан келіп түскен «Даналық әліппесі» аталатын құнды кітапқа шолу жасалынды. Бұл тың туындыдан қобыз үнін, домбыра күйін, бесік жырын, халық әнін, халық аңызын, халық ертегісін, халық тағылымын, халық жырын, нақыл сөзін, билер сөзін, аталар сөзі мен бабалар батасын оқи алатыны айтылды. Ең бір қызықтыратыны бұл шығармамен бірге «сөйлейтін қаламы» бар екендігі. Өскелең жас оқырмандарымызға инновациялық жаңалықты қалай  пайдалану керектігі, қаламды сөйлете отырып, қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпаққа сабқтасқан ауыз әдебиетінің кез келген жанрын оқуға болатыны көрсетілді. 

Жиналғандарға мағынасы мен маңызы зор бірнеше ертегіні 1 А сынып шәкірте Дюйсенова Іңкәр айтып берсе, 8 Д сынып оқушылары Донаева Нурила,  Нұрғас Аружан Күлтегіннің нақыл сөздерін ортаға салды. Бесінші А сынып оқушысы Сайлаухан Самал Қорқыт бабамыз туралы аңыз әңгімені жеткізді. Сонымен қатар, заманауи технологияның жемісі «сөйлейтін қаламның» көмегімен «Даналық әліппесінің»  төртінші  кітабы «Халық әндерінен» Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнімен қатар екінші кітаптағы «Домбыра күйінен» Құрманғазының «Адай» күйі тыңдалды.

Қорытындысында басқосуды ұйымдастырушылар тарапынан ойлы оқырмандарымызға «сөйлейтін қаламның» сырын ашумен бірге тиімді пайдалану жолдары  көрсетті. Нәтижесінде халқымыздың рухани бай мұрасын осы кітап арқылы оқып, білудің мүмкіндіктері ұсынылды. Ең бастысы ата-бабамыздың ұлттық құндылықтары мен даналық ауыз әдебиетін дәріптеумен қатар қиял ғажайыпқа толы шұрайлы шығармаларымен ұдайы сусындау қажеттілігі насихатталды.

Салтанат АБИЛКАСОВА,
Ақбота АМАНКЕЛДИНА,
№24 лицей кітапханашылары,
Алматы облысының Іле ауданы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий