Жыр алыбы жаңа бағдарламада
Қазіргі таңдағы білім берудің заманауи жүйесінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда әлемдік тәжірибелерді, жаңа бағыттарды, өзгерістерді енгізу қажеттілігі туындап отыр. Балаларды тағылымды тәрбиелеу мен оқытуда оның ақыл-ойын, дене бітімін дамытып, психологиялық саулығын қамтамасыз етуіміз қажет.
Осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен оқытуды жетілдіру мақсатында авторлық бағдарламалар даярлау маңызды. Осыған орай біздің мектепке дейінгі тәрбие орталығының тәжірибесіне негізделген саланың жетекші ғалымдарымен бірлескен «Өркендеу» мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың дамытушы инновациялық бағдарламасы сынақтан өткізілуде. Басты мақсаты баланың толық дамуына жағдай жасау, қажеттіліктерін қанағаттандыру, қарым-қатынаста қолдау көрсету, отбасымен ынтымақтастық орнату, ұлттық құндылықтарға негізделген рухани және адамгершілік қасиеттерді дамытудың инновациялық-әдістемелік жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Бағдарлама аясында бабаларының игі дәстүрін сақтайтын, өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Отаншылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана халқымыз. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу мен оқыту «Балалық шақ» құндылығы теориясы мен білім берудің ізгілік қағидаларына, дамыта оқыту ұстанымдарына негізделген. Ұрпақ тәрбиесінде ізгіліктің қазығын қаққан бабалар ұлағаты, ұлы дала ойшылдарының ілімдері басшылыққа алынады.
Балабақша ұжымы өз тәжірибесінде Жүсіп Баласағұнның: «Ізгілік ілімі, Қожа Ахмет Яссауидің «Хал ілімі», Әл-Фарабидің «Жан қуаты ілімі», Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Шын адам», «Ар ілімі», алаш қайраткерлері мен отандық ақын-жазушылардың шығармаларын, тағылымды еңбектерін темірқазық етуде. Сонымен қатар бағдарлама мазмұнында Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин, Нәзипа Құлжанова, Жамбыл Жабаев сынды балалар әдебиетінің өкілдерінің өмірі мен шығармалары ашып көрсетілген.
Осы орайда, биылғы жылы қазақ поэзиясының әйгілі тұлғасы, қазақтың ауызша поэтикалық өнерінің шебері Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына үлес қосу жоспарлануда. Бүкіл өмірін жалпыадамзаттық құндылықтар мен жақсылықты, әділеттілікті дәріптеуге және патриотизмді тәрбиелеуге арнаған ақынды еске алуымыз білім беру ұйымдарында жас ұрпаққа тағылымы мол тәрбиелік іс шаралармен жалғасын табары сөзсіз. Мектепке дейінгі ұйымдарда жыр алыбының балаларды өте жақсы көргенін, оларға арнап жыр жазғанын, «көлге біткен құраққа» теңеуін, «жүрмесем есендесіп тұра алмаймын» деген асыл ниетін әрқашан дәріптеуіміз керек.
Жамбыл өлеңдері қаншама жас өренге рух, жалын, жігер бергені сөзсіз. Солардың бірі – бүкіл әлемге таралған, Ленинградты жаудан қорғаған майдангерлердің құлағында радиодан жатталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр күндерде дем берген «Ленинградтық өренім» жыры. Ақынның өлеңі тек Ленинградтық өрендерді ғана емес, майдан шебіндегі қаншама сарбазға күш-қуат берген. Қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Әуезов «Жамбыл – біздің дәуіріміздің ең жарқын әрі дарынды әншісі», – деп жазса, орыс әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Николай Тихонов Жамбылды: «Өз халқының ар-намысы, дауысы, жүрегі мен шынайылығы» деп атаған.
Әріптестердің біліктілігі нәтижесіндегі жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудегі үлгі өнегесін мақтанышпен айта аламыз. Тәрбиеленушілер арасында жыр алыбының өлеңдерін мәнерлеп айтудан сайыстар ұйымдастырылып, бас жүлдені «Бәйтерек» мектепалды даярлық тобындағы М. Кругликова жеңіп алды. Тәрбиеші педагогтер де сайыстан сырт қалмай, оған белсене қатысты. Педагогтер арасында музыка жетекшілері Д. Иманбекова мен М. Уатханның оқыған өлеңдері тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, тәрбиеші педагогтердің асқақтата салған «Угәй-ай» әні сайысқа қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін іске асыру мақсатында ұлттық салт дәстүрлер мен жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген іс-шараларды көптеп ұйымдастырсақ, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесіміздің кеңейе түсеріне сеніміміз мол.
Зариякул Мусабаевна ИМАНБАЕВА,
№ 36 «Балапан» балабақшасының
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы