Мұқағали Мақатаев – 90 жыл: Тараздағы Зияткерлік мектепте мерейтой айлығы басталды

Ақпанның алғашқы күнінен бастап Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын тойлау айлығы ресми түрде басталды. Бірқатар шаралар жоспары бекітіліп, түрлі бағыттар бойынша танымдық-тәрбиелік бағдарламалар әзірленді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Мерейтой айлығына «Өз ұлтының тәуелсіздігін аңсаған азаттықтың ақыны – Мұқағали Мақатаев» тақырыбы берілді. Бастама Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала ақындары» атты танымдық жобасы аясында қолға алынды. Жоба танымал классик ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттауды мақсат етеді. М.Мақатаевтың өмірі және шығармашылығын зерттеп, дәріптеу мүмкіндігі тараздық Зияткерлік мектепке берілген болатын.

Бұл өз кезегінде айлықтың өту деңгейіне ерекше жауапкершілік жүгін артады деуге болады. Айлық кезінде «Даналық бейсенбі» жобасы аясында жазушының ұлы Жұлдыз Мақатаевпен онлайн кездесу, «Поэзия менің жүрегімде» атты мәнерлеп оқу байқауы, «Деректер сыр шертеді» тақырыбындағы әдеби кеш, «Аққудың қанатына жазылған жыр» виртуалды сурет көрмесін өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, шаралар кестесіне «Үздік мұқағалитанушы» желілік блиц-турнирі, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқу жарысы, «Мұқағали әлемі» желілік интеллектуалдық ойыны, «Sprout of NIS» ән байқауы да енді. Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны. Аз ғұмырында бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандары жарық көрген. Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады.

Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келіп, 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий