Педагогтардың кәсіби дамуы – уақыт талабы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында отандық жоғары оқу орындарының өркениетті елдердің алдыңғы қатарлы университеттерімен бәсекелес болудың алғышарттары егжей-тегжейлі қарастырылған.  Десе де бұл тарапта нақты қолға алып, жүйелі түрде жүзеге асыруға тиісті жұмыстар бар. Атап айтқанда, білім беру жүйесінде кем дегенде 10 академиялық басымдықтың орталығын қалыптастырсақ, осындай мүмкіндік туар еді. Ең үздік он оқу орнының қатарына кіру оңай емес, десе де мүмкіндіктер мол.

????????????????????????????????????

ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ДАМУЫ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті педагогикалық жоғары оқу орны санатында алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі болуға басымдық береді. Осы мақсатта миссиясын, пайымы мен мақсаттарын сәйкестендіріп, осы межеден шығуға айрықша назар аударады. Ең алдымен, біз білім беру бағдарламалары мазмұнының бірегейлігіне қол жеткізуге ұмтыламыз. XXI ғасыр кешенді проблемалардың пайда болуымен сипатталады, оларды шешу әрбір оқу курсын жобалауда пәнаралық өзара іс-қимылды, мультидисциплинарлық және ғылыми ықпалдастықты көздейді. Болашақ педагогтарды даярлауда біз пәндік оқытудан педагогикалық мазмұнның метапәндеріне ауысуды жүзеге асырамыз.

Осыған байланысты білім беру философиясы, білім беру эксперименттері мен реформаларының теориясы, білім беру инноватикасы, білім беру психологиясы, білім берудің әлеуметтануы мен экономикасы, білім беруді іргелілендіру теориясы, білім берудің адамтану негіздері, білім беру этикасы мен эстетикасы, білім беру эргономикасы, білім беру жүйесін басқару, білім беру жүйесі мен генетикасы, әлемдегі білім беру жүйесінің тарихы, білім берудегі өзгерістерді басқару, педагогикалық квалиметрия, білім беру этнологиясы, білім беру стандартологиясы, андрогогика, оқытудағы сыни ойлау, ғылыми зерттеуге кіріспе, білім берудегі көшбасшылық және тағы да басқа пәндер енгізу қарастырылған.

Педагогикалық білім беруде метапәндік тәсілді енгізу оны жаңа қажеттіліктер мен жаңа заманауи сын-қатерлерге бейімдеп, педагогтардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, өзін-өзі дамыту мен өз бетінше оқуға қабілеттілігін дарытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары оқу орнында барлық білім беру бағдарламаларын мектеп бағдарламаларының жаңартылған мазмұнына, сабақтастық қағидатын сақтай отырып, 12 жылдық мектептің талаптарына сәйкестендіру көзделіп отыр.

Сондықтан барлық мамандықтарға «Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру», «Оқушылардың кәсіби диагностикасы мен кәсіби бағдарының негіздері», «Бейіндік оқыту педагогикасы (12 жылдық мектепте оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру ерекшеліктері)», «Оқытудағы жаңа тәсілдер (жаңартылған мазмұн, НЗМ АҚ тәжірибесі)», «Қосымша білім беру педагогикасы», «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс (дарынды балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар)», «Электрондық оқыту», «Отбасылық тәрбие», «Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі», «Балалардың жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қалыптастыру», «Білім беру процесіндегі STEAM технологиялары», «Білім беру робототехникасы» пәндері енгізілуде.

Университет педагогикалық білімі жоқ тұлғаларға арналған білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңғыртуға кірісуде. Білім беру бағдарламаларының мазмұны өмір бойы оқытуды болжайтын, тез өзгермелі әлемде қажетті негізгі құзыреттіліктерді, икемді және кәсіби дағдыларды (soft skills, hard skills) қалыптастыруға бағытталғандығын анықтау үшін бағалауды жүргізу, педагогикалық білім берудің әрбір деңгейі бойынша сабақтастық құзыреттілік жүйесін анықтау, кәсіби-педагогикалық құзыреттілік паспортын әзірлеу талап етіледі. Уақыт талабы – қашықтан білім беруді тиімді ұйымдастыру үшін контент құру.

Екінші мәселе университетте педагогикалық кадрларды даярлау спектрін кеңейтумен байланысты. Ең бірінші кезектегі қажетті қадамдар – ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға арналған «Альтернативті дене шынықтыру» (бакалавриатта), сондай-ақ – «Бейіндік мектеп педагогы», «Қосымша білім беру педагогы», «Білім беру бағдарламаларын жобалау» (магистратурада) мамандықтарын енгізу. Келешекте біз болжанатын дағдыларды есепке ала отырып күтілетін кәсіптердің білім беру бағдарламаларын жобалауды көздеп отырмыз.

Үшінші деңгей – педагогтардың кәсіби дамуы. Университет еліміздің еңбек нарығындағы педагогикалық сегментте өзін белсенді ұстанымымен ерекшеленуі тиіс. Бұл ваучерлік-модульдік жүйе шеңберінде мұғалімдерге арналған Біліктілікті арттыру институтын құруды, бәсекеге қабілетті курс тақырыптары мен мазмұнын әзірлеуді көздейді. Білім беру саласында жұмыс істейтін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті түлектері үнемі назарда болады. Ол үшін арнайы сайт, онлайн-вебинарлар, семинарлар, тренингтер, оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етуді қамтитын курстан кейінгі қолдау жүйесі құрылады.

Балалардың білім алу қажеттіліктерін, тәрбиелеу проблемаларын анықтау бойынша Алматы қаласы мен облысының ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес) және ППТК (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті) әдістемелік қолдау жүзеге асырылатын болады. Университетіміздің базасында еліміздің шағын жинақты мектептерінің педагогтары үшін біліктілікті арттыру және қайта даярлаудың мамандандырылған жүйесін құру шешілетін міндеттер шеңберін кеңейтеді. Төртінші құрамдас бөлік білім беру қызметтерінің спектрін кеңейтуге бағытталған. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды, оның ішінде асыранды балаларды, тәрбиелеу мәселелері бойынша Ата-аналар мектептері ашылуы қарастырылмақ.

Ауылдық мектептер мен олардың мұғалімдеріне әдістемелік және технологиялық қолдау бойынша web-ресурстарды әзірлеу көзделуде. Қала мен облыстың серіктестік мектептерінің қатысуымен дарынды балалармен жұмыс істеу үшін «Кіші Ғылым академиясы» жобалау-зерттеу алаңын ашу жоспарлануда. Университеттің ауылдық мектептерде білім алушылар мен  ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтуға арналған «Мобильдік қосымша білім беру» интерактивті жобасы болады. 

УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУ – МАҢЫЗДЫ ЭЛЕМЕНТ. Университеттің ғылыми әлеуетін дамыту – маңызды элемент. Ол үшін ЖОО педагогтары, магистранттар мен докторанттардың зерттеушілік және сандық дағдыларын арттыратын, технологиялық даму, инновациялар саласындағы білімдерін көтеретін тұрақты семинар мен тренингтер іске қосылады. Жоғары деңгейдегі индекстелетін басылымдарда жоғары оқу орындарының ғылыми қауымдастығының жарияланымдық белсенділігін қамтамасыз ету үшін мотивация жүйесі құрылуда. Университет ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің, соның ішінде гранттық қаржыландыруға ұсынылатын жобалардың өзектілігін, ғылыми құндылығын, түпкі нәтижелілігін арттыру – бүкіл ұжымның басты басымдығы.

Жоғары оқу орындары конкурстық негізде ғылыми зерттеулерді жеке қаржыландыру көлемін ұлғайтуға кірісті. Университет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жалпыуниверситеттік  ғылыми зерттеудің тақырыбын әзірлеу де іске асырылуда. Жоба аясында «балабақша-мектеп-университет» үздіксіз білім берудің тұтас оқу-өндірістік кластері құрылады. Оның басты міндеттерінің бірі – дуальды оқытуды жүзеге асыру, білім берудің жаңа парадигмасын апробациялау. Ол білім беру жүйесін болашақ педагогикалық элитамен қамтамасыз ету үшін қала мектептерінде бейіндік сыныптар ашуды ілгерілетеді. Зерттеудің басты мақсаты – оқушыларды ғылыми-зерттеу және эксперименталды қызметке тартуға, саналы кәсіби өз-өзін анықтап алған жоғары білімді тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік беретін жалпы орта білім берудің инновациялық моделін қалыптастыру.

Педагогикалық білім берудің өзекті мәселелері жайында, халықаралық гранттардың, жобалар мен жарияланымдардың ақпараттық базасы құрастырылуда. Келесі жылдан бастап Технологиялар трансферті орталығы жұмыс істей бастайды. Ол сондай-ақ жаратылыстану-ғылыми цикл мамандықтары бойынша қорғау құжаттары мен авторлық куәліктердің үлесін арттыруға да ықпал етеді. Елдің білім беру жүйесі үшін қолданбалы талдамалық зерттеулерді Педагогикалық өлшемдер орталығы жүргізетін болады. 2023 жылға қарай «ҚазҰҚПУ хабаршысы» журналы Scopus деректер қорының рецензияланатын ғылыми басылымдарының тізіміне енеді деп күтілуде.

Қаржыландырылатын жобаларға лайықты қатысу, тиімді және сұранысқа ие ғылыми зерттеулер жүргізу үшін университетте CLP, CSP стандарттары бойынша жаратылыстану-ғылыми цикл кафедрасы зертханаларының жабдықтарын жаңарту жоспарлануда. Университетте білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар жандандырылуда. Магистратураның жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті он білім беру бағдарламасы келесі оқу жылында Қазақстанда білім алғысы келетін шетелдік жастарға ұсынылатын болады. Осы уақытта маңызды серіктестермен магистратураның бес бірлескен және қосдипломды бағдарламасы іске қосылады. 2025 жылға дейін шетелдік ғалымдармен бірлескен авторлықта 500 ғылыми мақала жарияланатын болады.

АКАДЕМИЯЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ БАСТЫ РӨЛ АТҚАРАДЫ. Академиялық артықшылықты дамыту да маңызды рөл атқарады. Ағымдағы оқиғалар барлық ниет білдірушілердің онлайн-курстарына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «Ашық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» платформасын құрудың өзектілігін көрсетті. Білім беру бағдарламаларының онлайн курстарының интерактивті контентін әзірлеу әртүрлі деңгейдегі білім берудің педагогтарын, ата-аналар жұртшылығын, білім алушы жастар мен оқушыларды қашықтықтан қолдау педагогтік университеттің бәсекелестік артықшылықтарының бірі болады.

Бәсекеге қабілетті академиялық ортаны құру үшін келесі шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр: оқытушылардың педагогикалық және ғылыми жетістіктерін ынталандыра отырып, университеттің оқытушылар құрамын санаттауды өзектендіру; бәсекелестік ортаны құру үшін мотивация шараларын әзірлей отырып, студенттер рейтингін қалыптастыру (соның ішінде ағылшын тілін білуден); білім беру мазмұнын және оқыту технологияларын түзету үшін жұмыс берушілер мен түлектердің дайындық сапасына қанағаттану деңгейін анықтау бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу; бағыттар бойынша стратегиялық HR енгізу – ғылыми әлеуетті дамыту, кадрлық резервті күшейту және көшбасшыларды дайындау.

Ғылыми-педагогикалық, басқарушылық, материалдық-техникалық және зияткерлік әлеуетті шоғырландыру ЖОО-нын зерттеу университетіне айналдыруға мүмкіндік береді. Біз университеттің беделін арттырумен белсенді айналысамыз. Ол үшін оқу орнының академиялық беделін, еліміздегі және академиялық қоғамдастықтағы (оның ішінде шетелде) жұмыс берушілер арасындағы абыройын арттыру жөніндегі шаралар жоспары әзірленеді. Университет халықаралық рейтингтерде жоғары позицияларға қарай қадам басуда. Бұл бағыт қоғамда бірегей университет имиджін қалыптастыру үшін Түлектер қауымдастығының тиімді қолдауына сүйенетін болады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында елдегі бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту үшін маңызды мүмкіндіктер қарастырылған. Мақсат – соны  барлық белгіленген бағыттар мен міндеттер бойынша тиімді, дұрыс және сауатты жүзеге асыру. Айталық, академиялық басымдықтар орталығына тоқталсақ. Жоғары оқу орындарына Білім және ғылым министрлігінің қойылатын талаптарына сәйкес конкурсқа қатысуға дайындалу үшін белгілі бір мерзім беру қажет. Бұл сайысқа қатысам деген университеттерге тең мүмкіндіктерді береді.

Ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған осы сөзінің мәні уақыт өткен сайын көмескіленбей, есесіне мағынасы артып келе жатыр. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Отандық жетекші жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін көтеру бағытында қолға алып отырған және жоспарлап отырған жұмыстардың нақты нәтижесі алдағы уақытта шығады деген үміттеміз. Және ең бастысы атқарылған істердің сапасы басты назарда болады.

Нұрғали АРШАБЕКОВ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің ғылыми жұмыс және
инновациялар жөніндегі проректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий