НЗМ – Қызылорда: Үздік мұқағалитанушы бізде оқиды
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында өткізілген желілік «Үздік мұқағалитанушы» блиц-турнирінде Сыр бойылық Қарақат Тыныштықбай бірінші орынды иеленді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Тараз қаласындағы НЗМ ұжымы ұйымдастырған зияткерлік-танымдық ойынға еліміздің түкпір-түкпірінен 19 зияткер оқушы қатысты. Жас өрендер ІV кезең бойынша берілген тапсырмаларды орындап, ақиық ақын туралы білімдерімен ерекшеленді. Атап айтқанда, «Мұқағали туралы кім көп біледі?» айдарында ойыншылар ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында тест орындаса, келесі кезеңде қаламгер өлеңдерінен келтірілген үзінділерден өлеңдерді анықтай білді.
Сондай-ақ, әуендерді тыңдау арқылы жасырылған ақын өлеңдерін таба білді. Ақтық сайыста мұқағалитанушылар мектебінің қалыптасуына үлес қосушылар туралы сұрақтарға жауап беріп, шеберліктерін байқайтты. Тартысты өткен ойын нәтижесінде Мұқағалидің 50 шақты өлеңін жатқа білетін, Қызылорда қаласындағы НЗМ оқушысы Қарақат Тыныштықбай турнирдің жеңімпазы атынды. Ал Қарағандыдағы НЗМ-нің оқушысы Еркеназ Серікова ІІ орынды иеленсе, Талдықорғаннан Марал Аскарова үздік үштікке енді.
– Турнирге қатысу барысында ақынның өмірбаяны туралы жаңа ақпараттар алдым. Сайыс Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын еске түсіру мүмкіндігін сыйлады. Жалпы ақынның әрбір өлең жолдары эстетикалық көзқарастың қалыптасуына, адамгершілікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, елжанды азаматты тәрбиелеуге баулиды, – дейді Қарақат.
Загрузка...