Сандар логикасы: Таңдау пәндерінде қолданудың тиімділігі
Бүгінгідей ғылым мен техника дамыған жаһандану кезеңінде жаратылыстану ғылымдарының көш бастап тұрғандығы, соның ішінде математика пәніне деген оқушылардың қызығушылығы да, оны тереңдетіп оқуға деген сұраныстың артып отырғаны белгілі. Әлемдік бәсекеде өзгемен иық тірестіре отырып, мектепте, жоғары оқу орындарында алған білімі мен біліктілігін көрсете алатын ұрпақты дайындау,әрине, өзінен де соншалықты құзіреттілікті талап ететін ұстаздар қауымына тікелей байланысты.

Бүгінде салалық министрлік мұғалімдердің де жан-жақты өз білімін көтеріп, шығармашылығын шыңдап, құзіреттілігін қалыптастыруға барынша жағдай жасап келеді. Оларға түрлі семинар, курс, вебинарлар ұйымдастырып, әдістемелік тұрғыдан тәжірибе алмасуда. Теориялық тұрғыдан мықты қаруланған, кәсіби жетілген мұғалімдердің шығармашылығының жемісі- оның шәкіртінің жеңісінен көрінеді. Қазір кез келген заманау ұстаз дарынды, қабілетті оқушымен нәтижеге жұмыс жасауды басты орынға қояды. Ал, мұндай оқушыны шыңдап, онымен терең жұмыс жасауда мектепте жүргізілетін факультатив, үйірме сабақтардың маңызы ерекше.
Бүгінгі таңда мектепте оқытылатын таңдау курстары мен үйірме сабақтарына қойылатын талап та, міндет те зор. Өйткені, қазіргі білім беру жағдайына орай құрастырылған, оқушының ішкі уәжін қанағаттандыра алатын, олардың жас ерекшеліктері мен жеке қабілеттері ескерілген арнайы бағдарлама ғана оқытылуға рұқсат етіледі. Біріншіден, 34 сағатқа міндеттелген, жоспарлы бағдарламамен жұмыс жасау, жүйелілік пен бірізділікті, жаңартылған білім беру бағдарламасына сай жеңілден ауырға қарай оқу мен оқытуды дамытары сөзсіз. Екіншіден, оқушы негізгі сабақтарда білу, түсіну деңгейі бойынша ғана білім қалыптастырса, факультатив сабақтарда сол алған білімін жүйелеуге, оны шығармашылықпен қолдана білу мүмкіндігіне ие болады.
Үшіншіден, пәнді тереңдете оқи отырып, қабілетті, дарынды оқушылармен жұмыс жандана түседі. Осы орайда, 6-7 сынып оқушыларына арналып құрастырылған «Сандар логикасы» курсы осы міндеттер мен мақсаттарға сай келетін курс бағдарламасы деуге болады. Жалпы, математиканы логикалық ғылымдардың күре тамыры деп қарайтын болсақ, «Сандар логикасы», ең алдымен, оқушылардың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастыруға, дамытуға және оны шыңдай түсуге бағытталған. Математика пәнінен міндетті оқу бағдарламасына кірмейтін, бірақ халықарлық PIZA TIMSS зеттеулері мен республикалық мемлекеттік аралық бақылау сынақтарында жиі кездесетін есеп жаттығулар мен тапсырмаларды шешудің әдістері мен тәсілдерін оқып-үйретуді мақсат ететін курстық бағдарламаға мазмұнына сәйкес логикалық есеп-жаттығулардың сандар теориясына қатысты бөлімі бойынша тапсырмалар кіргізілген.
Мұнда оқушылар логикалық есеп-жаттығулардың түрлері мен шығару тәсілдеріне жалпы әдістемелік шолу жасау, математикалық жұмбақтардағы сандық логикадан бастап, сұрыптау, рейтингтік нұсқалардағы сандық логика есеп-жаттығуларын, түрлі пәндік олимпиадаға тапсырмаларды орындай алу деңгейіне дейін көтеріледі. Қызықты есептер мен математикалық ойындар жетінші, сегізінші сынып оқушыларының пәнге қызығушылығын арттырып, логикасын дамытуға ықпал етеді. Ойлау қызметін жандандыру арқылы әр алуан түрлендірулерді, математикалық сөйлемдерді тұжырымдауды үйренумен бірге, ойлап, талқылауға, математикалық фактілерді салыстыруға, ортақ немесе айрықша қасиеттерді көрсетуге, топтастыруға, дұрыс қорытынды жасауға жаттығады.
Математикалық есептің карапайым моделін жасайды, есептің мәліметтерін синтездейді және оларды график, таблица, сондай-ақ, математикалық сөйлем түрінде өрнектей алу қабілетіне ие болады. Табылған нәтижелерді нақтылайды, зерттейді, жалпы алғанда оқушылардың математикалық білімінің деңгейі көтеріліп, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға септігін тигізеді. Қорыта айтқанда, математика – барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек, математика – оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, оны шыңдай түседі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді.
«Сандар логикасы» курстық бағдарламасын тәжірибеде қолдану барысында оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық ізденістерін, өз бетінше жұмыс істеу белсенділіктерін арттырып, теориялық білімдерін кеңейтуге, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға болады. Сонымен қатар, «деңгейлеп оқыту», «саралап оқыту» технологиясының элементтерін пайдаланып, оқушыларды өз бетінше ізденіске жетелеуге, әр оқушының қабілетіне қарай жеке жұмыс жүргізуге және осы жұмыстардың нәтижесінде жан-жақты дамыған, жеке пікірі қалыптасқан тұлғаны дамытуға болады.
Айман Жатынқызы ИБРАИМОВА,
жергілікті орта мектептің директоры,
математика пәнінің мұғалімі, Алматы облысы
Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылы