Халық қазынасы: Домбыра – дала шежіресі

Музыка құндылығын сақтау және оны ұрпаққа жеткізу, балаларды ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу, оның жан – жақты дамуына мүмкіншілік жасау балалар өнер мектептерінің негізігі мақсаты болып табылады. Музыка өнері тек эстетикалық тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат.

Сондықтан да өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ықпал ететіндей жаңаша түрін іздеу керек. Музыка өнері әр түрлі қызмет атқара алады: қатынастық қызмет; кәсіби бағытпен тікелей байланыста музыканы дамыту; жастар ойын, олардың жалпы білімдік деңгейін мамандыққа сәйкес дамыту; ммандыққа сәйкес тәрбиелік қызмет. Осылардың негізінде орындалатын біздің міндетіміз: қазақтың ұлттық мәдениетінің жай – күйін зерттеу; жастар арасындағы мәдени – рухани байлықтарды кеңейту; музыка саласындағы жетістіктерін насихаттау; жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесіне мейлінше көңіл бөлу. Музыка десе ең бірінші қос ішекті домбыра аспабымыз еске түседі. Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы домбыра екендігі сөзсіз.
Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі. Онсыз бірде–бір шара өтпейді. Көшпенділер заманында да, қазіргі заманда да солай.

Шертпелі, екі ішекті аспап түрлі мамандық иелерінің, діні мен ұлты басқа жандардың басын қосады. Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған деседі. Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 – 9, әрі кеткенде 14 – 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады.
Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау». Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде: ән мен күй домбырасы; торсық; тұмар; кең шанақты (екі нұсқасы); балдырған; балашық; шіңкілдек; аша; үш ішекті; қуыс мойын; шертер; оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт); жіңішке дауысты (прима); ащы дауысты (секунда). бас домбыралар (екі нұсқасы).

Екі ішекті қоңыр үнді домбыра, бүкіл бір халықтың тіршілік болмысын көз алдына жайып салады. Киелі егіз ішек – екі дүние философиясы. Бұ дүние мен о дүние, шаттық, қуаныш пен мұң, жақсылық пен жамандық, сұлулық пен сұрықсыздық, аспан мен жер, күн мен түн, ақ пен қара… Оның әрбір үнінен шежіре-тарихтың бағзы замандардан сақталып бізге жеткен көне сарынын естимін, бүкіл бір ұлттың, халықтың осыншама баға жетпес мол мұрасын шашау шығармай араға мыңдаған жылдар салып бізге жеткізген, сенің жұмбақ қандай құдіретің бар болды екен, домбыра! Тарихтың қилы кезеңдерінен, көне замандардан аман-сау бүгінге жеткен, домбыра. Сен әрбір Алаш азаматы үшін қадірлі, қасиетті, киелісің.
Сені қолына алған әрбір қазақ өзінің өткенімен сырласады, мұңдасады, болмысын таниды, рухтанып, намысын жаниды, өзін тереңірек түсінеді. Қазақ шаңырағының қақ төрінде ілулі тұрған домбыра, бұл әрі-беріден соң, ұлттық болмыс. Домбыра – қазақтың жаны, болмысы, ұлттық ырғағы. Оның жоғалуы, өшуі, ұмытылуы әсте мүмкін емес. «Ұлытау» тобының орындауындағы қазақ күйінің ғажайып үнін естіген еуропа жұртының Ұлы даланың аспабы мен өнерін ұлықтай қол соғып, орындарынан өре түрегеліп, қошемет көрсетуі тегіннен-тегін емес. Мұхтар Әуезовтің «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді» деген сөзін жадымызда түйіп, өмір сүре жүріп оған шынайы ғашық бола алуды үйренейік.

Ең маңыздысы әдемі сөздермен көркем етіліп жазылған, әуені де жағымды музыкаларды көптеп тыңдауға тырысайық. Сонда ғана бізге дейін өмір сүріп кеткен жандардың жаны тыныш болып, үйдегі үлкен кісілеріміз де жайдарлы жүретіні анық. Жас болған соң, кез келген нәрсеге бейімделіп кету өте оңай. Ал, кейін үйренісіп қалған дүниесінен ажыратып, ол туралы теріс пікір айтуды көздесең тым кеш болмақ. Күй тыңдай жүріп, есте сақтай жүріңдер. Оның сөздері де мағыналы әрі мазмұнды болуына әр қазақ баласы қадағаласа біздің елде бәрі бұрынғы қалпына түспек.
Ықылым заманнан үзілмей ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұра болып келе жатқан күй әлі күнге жалғасын тауып келеді. Әлемнің бір мемлекетінде жоқ бұл өнермен қазақ қана мақтана алады. Себебі күй өнері қазақ халқына тән өнер. Қорқыты, Кетбұғасы, Асан қайғысы, Қазтуғаны, Байжігіті, хан Абылайы, Құрманғазысы, Динасы, Дәулеткерейі, Қазанғапы, Тәттімбеті, Сүгірі, Нұрғисасы мен Секені бар елдің жоғалмас бай дәстүрі бар. Және ол бола да бермек. Ендеше, домбыра барда, ұлтымыз мәңгілік. Мәңгілік ұлттың өлмес әнін құйқылжытып сала бер, домбырам!

Бибігүл Мұхамедиярқызы ТӨЛЕГЕНОВА,
балалар өнер мектебі. Қарағанды облысының
Жезқазған қаласы