Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: Бүгінгі жастар – өте білімді, алғыр
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті, – деп хабарлайды “АҚОРДА” ресми сайты.
ҮШІНШІ. 30 жылдықта атқарылатын шаралар негізінен жастарға арналуы керек. Біз не жасасақ та, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасаймыз. Бүгінгі жастар – өте білімді, алғыр. Олардың көзқарас көкжиегі кең, жаһандық үрдістің беталысын терең түсінеді. Ауқымды ойлай біледі. Ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген. Алпауыт компанияларда қызмет істеп жүргендері де көп. Біздің ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары. Ешқайсысы да игілікті істен шет қалмауға тырысады. Пандемия өршіген кезде мыңдаған жастарымыз халыққа қол ұшын беруге ұмтылды.
Былтырғы Волонтер жылында бәріміз еріктілердің қажырлы еңбегіне куә болдық. Жастардың құлшынысы зор. Осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсатқа жұмылдыру қажет. Індеттің беті қайтқан жоқ. Тұтас ел болып ұйысатын басқа да шаруалар аз емес. Сондықтан, волонтерлік қозғалысты әрі қарай дамытып, оның қуатын дұрыс арнаға бағыттау – өте маңызды.Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар.
Бірақ, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту жұмысымен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет. Бүгінгі таңда жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн.
Загрузка...Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады. Оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз.