Жас ғалымдарды қолдау – болашаққа қамқорлық

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру қажеттілігі көрсетілген. Еліміздің даму жолында отандық ғылымның әлеуетін қолдануға қазіргі таңда баса назар аударылып жатқаны белгілі. Осы орайда ҚР БжҒМ тарапынан ғылыми-зерттеу жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуы Қазақстан ғылымына жаңа серпіліс берері анық.

Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылып, тиімді түрде жүзеге асуда. Мәселен, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өтіп жатқан жас ғалымдарға арналған ғылыми жобаларды қаржыландыру байқауы осыған айқын дәлел. Жастар тарапынан да ғылымға деген қызығушылықтары артып, оларға еліміздің ғылыми әлеуетін дамытудың жауапты міндеті әрі айрықша миссиясы жүктеліп отыр.

Еліміздің және оңтүстік өңірінің беделді жоғары оқу орындарының қатарына енетін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті құрылған мерзімінен бастап осы күнге дейін ғылыми кадрларды дайындау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауда озық тәжірибеге ие оөу орны ретінде танылып келеді. Өзінің тарихында химиялық технология бағытында ғалымдардың бірнеше буын өкілдерін дайындаудағы өзінің айрықша рөлі бар ғылым мен білім ордасының ғалымдары қазіргі таңда Оңтүстік өңірдегі техногенді ресурстарды кәдеге жарату бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар дәлелді нәтижелерге қол жеткізе білді.

Мұнда аға буын ғалымдар мен жас ғалымдардың бірлескен еңбегі аясында орындалған зерттеулердің жалғасы ретінде «Жабық топырақты жерлерге арналған техногенді қалдықтар негізінде ұзартылған әсері бар қос суперфосфат сапалы органоминералды тыңайтқыш алудың инновациялық технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жоба жас ғалымдарға арналған ғылыми жобаларды қаржыландыру грантының иегері атанғанын айтуға болады. Жоба жетекшісі PhD доктор Улжалғас Назарбек осы салада нәтижелі еңбек етіп келе жатқан жас ғалым ретінде белгілі. Тақырып аясында бірқатар шетелдік рецензияланатын журналдарда жарияланған мақалалары мен өнертабыстық патенттері жоба жетекшісінің кәсіби құзіреттілігін дәлелдейді.

Өңіріміз үшін өзекті саналатын ауылшаруашылығы саласы үшін топырақтың құнарлығы мен өнім көлемінің артуы маңызды. Егістік жерлердің сапасын минералды тыңайтқыштарды қолдану есебінен арттыруға болады және өнімділік деңгейі тыңайтқыштарды қолдану қарқындылығына тікелей байланысты. Осы орайда аталған жобаның шеңберінде жергілікті техногенді ресурстар негізінде органоминералды тыңайтқыштарды алудың жаңа технологиясы әзірленетін болады. Ұзақтығы үш жылға созылатын жоба аясында шикізаттардың құрамы мен құрылымы, олардың сапалы тыңайтқыш өнімдеріне өңдеуге жарамдылығы толыққанды зерттелінеді.

Сондай-ақ алынған тыңайтқыштың агрохимиялық қасиеттері зерделеніп, өндіріске енгізу жөнінде ұсынымдар әзірленеді. Технологияның әлеуетті тұтынушысы тыңайтқыш өндіретін зауыттар, фермерлік шаруашылықтар, ғылыми-техникалық ұйымдар бола алады.  Жобаның қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің материалдық базасы толыққанды жетілген зертханалары қолданылады және жобаны орындауға ғылыми құзіреттілігі бар жас ғалымдар тартылады. Жобаны орындау барысында жас буын өкілдерінің ғылыми тәсілдерді меңгеріп, ғылыми негізделген нәтижелерді алуда тәжірибе жинақтайтыны сөзсіз.

Перизат Жақсылыққызы ПАРМАНҚҰЛОВА,
жобаларды дайындау және жүргізу орталығының басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий