Ұлылықты ұстаздан үйренген халықпыз
Ұстаз … жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек, – деп өз кезінде үлкен талап қоя білген Әл-Фараби бабамыз жас ұрпақтың өнегесі ұстаздан бастау алатынын тағылымы мол бір түйін ойға сыйдырған.

Енді бір кезеңдегі бабаларымыз «Мұғалім бол» деп, немесе «төрдегі орын қашан да мұғалімдікі»,- деген. Осындай құрметті ауыл қарияларынан жиі естіп өскен, өсиетті бойына сіңірген Гүлжамал Қалдыбекқызы мамандық таңдауда қателеспеген. Алғашқы еңбек жолын ауылда математика пәнінің мұғалімі болып бастаған әріптесім кейінде оқу ісі меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарған. Бүгін де педагогика саласында 33 жыл еңбек етіп келе жатқан Гүлжамал Қалдыбекқызы 15 жылдық еңбек өтілін Алматы экономикалық колледжінде әдіскерлік лауазымға арнаған. Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік білім саласының көш басында тұрған Алматы экономикалық колледжі – көпшілік тұтынатын тауарлар мен өнімдер технологиясы және тамақ өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы бойынша талай жылдардан бері республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі болып табылады.
Ізденіске толы жылдарында коллеж оқу-жұмыс бағдарламаларын шетелдік мекемелермен бірлесе әзірлеп, халықаралық деңгейде өзіндік орнын айқындай білген білім ошағы. Түрлі салаға білікті, кәсіби мамандарды даярлайтын білім ордасында тәжірибелі, шығармашыл ұстаздар еңбек етеді. Шоқтығы биік ұстаз қауымына ұстаз бола білу толассыз ізденісті, ерен еңбекті талап етпей ме? Менің әріптесім педагогика саласында болып жатқан тың өзгерістерде жаңалықтың жаршысы болып қана емес, үйретуші, бағыттаушы бола жүріп абырой мен атаққа, ұжымдағы беделге қол жеткізген. Ізгілікті істерін еңбек жолында үлгі-өнеге ретінде көрсеткен әдіскер 2015 жылы «Өрлеу» БАҰО V республикалық «Алтын диск» байқауында «Ең үздік әдіскер» номинациясын жеңіп алса, 2016 жылы облыстық оқу-әдістемелік орталығының «Үздік әдіскер-2016» байқауының бас жүлдесін иеленген.
Сондай-ақ, жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болуы жолында әдістемелік жұмыстың жоғары дәрежеге көтерілуі бағытында ұсынған баяндамасы республикалық семинарда «Озат тәжірибе отауы» номинациясында ІІІ дәрежелі дипломмен бағаланған. Байқау бәйгесі бір бөлек. Қашықтан оқыту жағдайында математика пәнін білім алушыларға терең меңгертуді көздеген ұстаз ІТ құзыреттілігін барынша жетілдіріп, «Google сервисіндегі Jamboard» қосымшасындағы интерактивті тақтаны тәжірибеде пайдаланып, формуланың дұрыс жеткізілуі мен есепті шығарудың қиындықтарын еңсерді. Сол сәтте де облыс әдіскерлерінің алдына шығып, үйрету жұмыстарын орталық мамандарымен бірлесе жүргізгені тағы бар.
Жаңа оқу жылында жаңадан енгізілген студенттердің жетістіктерін балдық-рейтингтік бағалау жүйесі бойынша қолдану бағытында да тәжірибе бөлісіп, көпшіліктің бойындағы қорқынышты сейілтіп, жаңашылдыққа тек шығармашылықпен жұмыс жүргізуді ұсынды. Әдіскер білім ордасының оқу үрдісін жете меңгермейінше жетістікке қол жеткізер ме еді? Әрине жоқ. Ғылыми-әдістемелік жұмыстарды белсенділік танытқан әріптесім халықаралық, республикалық жобалардың жұмысшы тобының мүшесі болып, «Тамақ өнімдері өндірісінің технологиясы» мамандығының оқу-әдістемелік бірлестігі Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен ықпалдасқан білім беру бағдарламаларын 2008-2011 жылдар аралығында оқу-жұмыс бағдарламаларын 9 біліктілік бойынша әзірлеп, жемісті еңбектің жеңісі 2013 жылы «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша Дүниежүзілік банктың «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасын ұту арқылы көрсетті.

Жобаның негізінде оқу орны заманауи құрылғыларды орнатып қана қоймай, педагогтердің тәжірибе таратуына мүмкіндік туындатты. Облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын кәсіби байқауларға, ғылыми-практикалық конференцияларға, семинар, дөңгелек үстел тағы да басқа шараларда тәжірибе таратуға келетін педагогтерді әдіскер жан-жақты даярлап, нәтижеге жетудің жолдарына бағыттайды. Әдістемелік қызметтің 15 жылы Гүлжамал Қалдыбекқызы үшін қоржынды жеңіске толтырған жылдар. 2013 жылдан бері облыстық әдістемелік орталықтың рейтингісінде бас жүлдені бермеген оқу орны облыстық «Ең үздік оқу орны» атты номинацияны екі рет иеленсе, педагогтері «Ең таңдаулы арнайы пән оқытушысы – 2016, 2020» республикалық, облыстық байқаудың жеңімпазы атанған.
Жұмыстың жоғары пайыздық көрсеткішін мақсатқа бағыттаған әріптес, ұдайы ізденіс пен шығармашылықтың жетегінде. Педагогика саласына жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілген сәттен бастап, білім сапасына әсерін тигізетін тиімді әдіс-тәсілдерді педагогтердің сабақта кеңінен қолдануын талап етіп, «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясының авторы, Ж.Қараевпен, «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» бойынша автор А.Кобдиковамен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, педагогтердің тәжірибеде кеңінен қолдануына әдістемелік тұрғыдан ықпал етті. Осындай ізденістің ізгілігі жаңа оқу жылында енгізілген балдық-рейтингтік бағалау жүйесінде көрініс тапты. «Блум таксономиясын» сабақта қолданып машықтанған оқытушыларға жаңашылдық еш кедерге туындатпады.
Керісінше облыс педагогтеріне тәжрибелерін ұсынып, кедергінің шешіміне ұйтқы болды. Педагогтердің бұл жұмысы әдіскердің толассыз еңбегін айтпай-ақ дәлелдеп тұр. Колледж қабырғасындағы жүзден астам оқытушының білемін, үйренемін, тәжірибемде сәтті қолданамын дейтін мақсатты көздеген әріптестеріне бағыт беретін, көп білетіндерге емес, жақсы білетіндерді бағалайтын Гүлжамал Қалдыбекқызы жаңа идеяларды туындату үшін «білім керек, алған білімді қолдану керек» – деген қағиданың негізінде Прага қаласындағы «Пражская» академиясынан, Трир қаласындағы Ремесль палатасынан және Минск қаласындағы кәсіптік сала орталығынан өз білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтаған.
Басқан қадамы көпшілікке үлгі болған марапаты мақтанышқа тұрарлық әдіскер Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарының және Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Техникалық және кәсіптік білім саласына енгізілген «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасының негізінде жұмысшы мамандарын даярлайтын колледж модульдік-құзыреттілікке негізделген білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесе әзірлеп, нарықтың сұраныстарын қанағаттандырып, ұлттық чемпионатта «Наубайшы ісі», «Кондитер ісі» біліктіліктері бойынша жүлделі орындарды иеленіп, халықаралық стандарттарға сай мамандарды қалыптастырудың жолдарын бағындырып келеді.
Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылым саласын ілгері дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі демонстрациялық емтихан. Ашық әрі қолжетімді білімнің қорытындысын ағымдағы оқу жылында «Ақпараттық жүйелер», «Кондитер ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша 35 білімалушымен демонстрациялық емтихан өткізуге, кәсіби шеберліктің мүмкіндіктерін барша әріптестерге ұсынуға дайын. Желкені мықты есетін кеме, теңіздегі дауылға төтеп береді емес пе? Креативті әдіскері бар колледж ұжымы бастау алған белесті бағындыратындығына сенімдімін.
Әдістемелік қызметке келген сәттен бастап, сегіз жыл бойы облыс колледждері педагогтерінің табысқа жетуіне мен және менің әріптестерім әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келемін. Ұстаздық жолда ақылшы, өмірлік кезеңде алдыңғы толқын аға буын болған жақсы жанның жанымда жүргені үлкен бақыт. Өмірдің күйбелең тірлігімен адамның күнгей тұстарын көру, бағалау баға жетпес қасиет деп білемін. Қолыма қалам алып, аса құрметті әріптесімнің биік белесін сөз етпеу мен үшін үлкен сын. Облыс колледждеріне көшбастау жолын көрсетуде үзеңгілес болған әріптестерден үйренгенім айтуға тұрарлық. Өнегелі жолмен із қалдырған әріптестер болмаса, асқан асуым, шыққан белесім болар ма еді. Бүгін мен әңгімеме арқау еткен әріптесімнің өнегелі жолын бағдарлай отырып шыңдалдым, үйрендім, табысты таныдым, мықтыны мойындадым, кедергіні көре білдім. Бір сәт жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыта білейік.
Шынар Қабиқызы ИСАХАНОВА,
Алматы облысы білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының техникалық
және кәсіптік бөлім басшысы, Талдықорған қаласы