Кемел келешек – білімді жастардың қолында

Білімді ұрпақ – еліміздің ертеңі. Әлемде болып жатқан қиын қыстау кезеңде тәуелсіз отанымыздың білім жүйесін жаңа бағытқа бастап, қашықтықтан оқыту форматын іске қосып, жүзеге асырып жатқан жайы бар. Онлайн деп айтуға оңай болғанымен, оның ар жағында көптеген жұмыстар тұр. Бұл мәселелердің барлығы біздің ауданда оңтайлы шешілді. Алдымен оқушылар үйден оқуына қажетті құрал-жабықтармен қамтамасыз етілді. Бюджеттен бөлінген қаржыға барлық балаға қажетті заттарды сатып алу мүмкін емес. Сондықтан «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Өткен оқу жылы жергілікті педагогтер қауымы үшін табысты жыл болды десек қателеспейміз. Оқушылар облыстық, республикалық және халықараладық дәрежедегі білім сайыстарында топ, жарып, ауданның абыройын асқақтатты. Оқу жылының қорытындысы бойынша 55 оқушы «Алтын белгі», 30 шәкірт «Үздік аттестатқа» ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 91 оқушы 100-ден астам ұпай жинаса, Майдакөл ауылындағы №98 мектептің оқушысы Аяжан Темірхан 129 балл жинап, аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

2020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсанында еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қашықтықтан оқыту енгізілді. Ауданда ата-аналарының өтініші негізінде 25 мектепте барлық күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бастауыштың 1-4 сыныптарынан 156 кезекші топтар ашылып, 2033 бала мектеп қабырғасында білім алды. Үй жағдайында қашықтан оқытуға қосылу үшін ерекше білім беруді қажет ететін және аз қамтылған отбасы балаларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған 487 дана планшет пен «Цифрлық портфельге» сай келетін мектеп теңгеріміндегі 3898 дана компьютерлер мен ноутбуктер қайтарымды негізде балаларға таратылып берілді.    

«Мектепке жол» акциясы аясында демеушілік есебінен аз қамтылған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы балаларына қашықтықтан оқытуға қажетті 253 дана (қайтарымсыз) роутер модемдерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ал, екінші оқу тоқсанында ауданымыздағы 37 білім беру ұйымының ішінде қашықтан 4 мектепте 1912 оқушы, контингенті 300 оқушыға дейін, сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға 21 мектепте 3675 оқушы дәстүрлі түрде білім алды. Ата-аналардың өтініші бойынша сыныптардың жинақталуын 15 баладан асырмай, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, жалпы білім беретін 12 мектепте 1-5 сынып аралығындағы 97 кезекші топта 1677 оқушы білім алды.

Қазір мектеп оқушылары кезең-кезеңімен дәстүрлі форматта білім алуға өтуде. кезекті үшінші оқу тоқсанында 9,11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алуға көшті. Сыныптардың жинақталуын 15 баладан асырмай, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, 9 сынып бойынша 76 топта 1266 оқушы, 11 сынып бойынша 50 топта 699 оқушы дәстүрлі білім алуда. «Педагог мәртебесі» туралы Заң аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіруді тапсырған болатын. Осыған байланысты, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің еңбекақысы 25 пайызға көбейтілді және 2021 жылғы қаңтарда өз жалғасын табуда.

Сонымен қатар, былтырғы қыркүйек айынан бастап сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақы екі есеге ұлғайтылды. Бұдан өзге, ауданда магистр дәрежесі үшін 50 мұғалімге қосымша ақы төленуде. Жас педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында тәлімгерлік институты енгізілді. Тәжірибелі педагогтердің жас маманға тәлімгерлігі үшін ай сайын 17 мың теңге үстемеақы қарастырылған. Аудан бойынша 43 педагог тәлімгерлік қызмет атқаруда. Ауданымызда бүгінгі күні 2473 мұғалім қызмет етуде. Соның ішінде біліктілік санатын растаған педагог-зерттеуші – 412 мұғалім, педагог-сарапшы – 783 мұғалім және педагог-модератор – 424 мұғалімге жалақы мөлшерінің 30%-нан 50% дейін үстемеақы төленуде.

Сонымен бірге, өткен жылдан бастап педагогтерді аттестаттау жүйесі жетілдірілді, біліктілік санаттары үшін шекті баллға қойылатын талаптар күшейтілді. Былтырғы аттестаттау жүйесінің бір ерекшелігі білім беру ұйымының басшылары үшін алғаш рет аттестаттау енгізілді. Оларға аттестаттаудан өткен нәтижесі бойынша жалақы мөлшерінің 30%-нан 100% дейін үстемеақы төленетін біліктілік талаптары беріледі. Жаратылыстану математика бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту мемлекеттік бағдарламасының аясында Қазалы ауданында барлығы 80 мұғалім кіріктірілген бағдарлама арқылы ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстан өтіп, сертификат алды.  Қазіргі таңда биология, химия, физика және информатика пәндері бойынша 66 мұғалім терминологиялық сөздерді ағылшын тілінде үйретіп, сабақтарды жүргізіп келеді. Бұл үшін де мұғалімдерге қосымша ақы қарастырылып, төленуде.

Оқушылар білім алатын мектеп ғимараттарының жағдайы да біздің назарымыздан қалған емес. 2020 жылы «Жұмыспен қамту Жол картасы» бойынша 13 білім беру ұйымының, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен бір білім беру ұйымына жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда 3 мектепке күрделі жөндеу, үш балабақшаға, 6 мектепке және «Шағала» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары. Осы жұмыстарды жүргізуге «Жол картасы» бойынша 808 162,0 мың теңге, «Ауыл – Ел бесігімен» 50309,0 мың теңге қаржы бөлінді. Барлық нысандар бойынша жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, заңдылыққа сәйкес қабылдау жұмыстары жүргізіліп, қаржы игерілді. 

Жұмыспен қамтудың жол картасына төрт жоба ұсынылып отыр. Атап айтқанда: аудандағы Әйтеке би кентіндегі Достық көшесіндегі №17 учаскеде 250 орындық мектеп салу» – құны 982470,4 мың теңге; Әйтеке би кентінде орналасқан Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт зал құрылысы – құны 125305,4 мың теңге; Бозкөл ауылындағы 90 орындық балабақша құрылысы» – құны 373927,4 мың теңге; Қазалы қаласында 140 орынға арналған «Өрімтал» балабақшасын салу» нысаны – 676954,4 мың теңге. 2020-2021 оқу жылында аудан көлеміндегі 15 мектепте 28 кабинет (химия, биология, физика) жаңа модификациялық құрылғылармен жабдықталды, тоғыз мектепті қосымша бейнекамералармен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.

Әділхан Оңдасынұлы ЖОЛЕКЕШОВ, 
Қазалы аудандық білім бөлімінің

басшысы, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий