Қ.Жұбанов университеті: Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Еліміздегі бәсекеге қабілетті мықты мамандар дайындайтын іргелі білім ошағының бірі болып саналатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті болашақта мықты боламын деген жастарға есігін тағы да ашты.  86 жылдық тарихы бар білім мен ғылым ордасы талай жастың талабын шыңдады, мансап биігіне көтерілуге жәрдемдесетін сенімді баспалдақ болды.

Студент ол жас ғалым, жас ізденуші. Кеше ғана мектеп табалдырығын тамамдаған жас түлектер бүгінде студент атанып отыр. Сол секілді киелі қара шаңырақ – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің табалдырығын аттаған бірінші курс студенттері жаңа өмірдің алғашқы беттерін де ашып үлгерді. Әр аймақтан жиналып, жаңа ортаға түсіп, жаңа достар, бейтаныс қала, бейтаныс ұстаздар олар үшін бәрі жат болатын. Университет қабырғасына еніп, үйренісіп қалған студенттермен кездесу күні де келіп жетті. Жыл сайын Жұбанов ордасының табалдырығын аттаған жас жұбановшылар университеттің басшыларымен жүздеседі. Биыл дәстүрлі кездесуде университеттің үш мыңға жуық 1 курс студенті университет проректорлары мен факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілерімен кездесті.

Кездесуде университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров алдымен білім алушыларды университет тарихымен таныстырып,  өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады. — Бүгінгі таңда 86 жылдық тарихы бар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті  елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді.  Қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында уни­верситет миссиясы қайта қаралды, стратегия­сы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды.

 

Осыған сәйкес университетіміз жоғары білім­ді интернационализациялауға, ғылыми жетіс­тіктерді коммерциялизациялауға және клас­сикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде.  61 білім беру бағдарламасы бойынша университет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы рейтингіндегі жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына табан тіреді. Бүгінгі таң­да ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 400 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізуде, — деді, Р.Бекназаров.

Рахым Бекназаровтың айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттерінің саны биыл 14032 адамды құрады. Осы оқу жылына 1 курсқа 3 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 207 «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар университеттің студенті атанды. Қазіргі таңда 79 бакалавр мамандығы, 41 магистратура, 6 докторантура бойынша мамандар даярлайды. Екі диссертациялық кеңес ашылды.  Білім беру процесін 8 факультет, 23 кафедра жүзеге асырады. Осылардың барлығы өңірді мамандармен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бере алады.

Универсианттардың 50%-ы тегін білім алады. Олардың ішінде ҚР БҒМ білім грантының, университеттің атаулы гранттарының, облыс әкімі грантының және әртүрлі өндірістік кәсіпорындар гранттарының иегерлері бар. «Серпін» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы қалаларынан келген студенттер оқиды. Кездесуде оқу ордасының басшысы жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы, университет жобалары жөнінде баяндап, жоғары оқу орнының болашақта тұрған міндеттеріне де тоқталды. Сондай-ақ, студенттердің жан-жақты дамуына университетте барлық жағдай жасалғандығын атап өтті.

– Сапалы білім алып, студенттік шақтарыңыз қызықты өтуі үшін 6 оқу ғимараты, кітапханалар, 2200 орындық 4 студенттер үйі, студенттік емхана, 3 спорт кешені, 5 спорт алаңы, 3 спорт залы, жаңа, жаңартылған мамандандырылған кабинеттер,атаулы аудиториялар, ІТ құрылым мен зертханалар, Темірқазық СҚКО, Студенттер сарайы, Жастар сарайы, аллеялар, қоғамдық тамақтану орындары, 2 жылыжай, «Зерек» балаларды дамыту орталығы, «Сенім» әлеуметтендіру орталығы, Инновациялар паркі,  Start up академиясы, түрлі көрмелерге ыңғайланған Атриум, Кинозал, «Әдемілік әлемі» салоны, Arsu store дүкені, хореография залы жаңа семестрде жаңа екпінмен жұмысқа кірісті, – деді Р.Бекназаров.

Рахым Бекназаровтың айтуынша, университетте экс-ректор Бауыржан Ердембековтің ықпалымен ауқымды жұмыс атқарылып, ілкімді істер қолға алынды. Ақтөбе аймағы тарихи тұлғаларының есімдерін қайта жаңғырту мақсатында университетің оқу ғимараттарына көрнекті тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесін көтерді. Осылайша, оқу ғимараттарына профессор Мұхтар Арынның, тарихшы ғалым Бекежан Сүлейменовтің, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімдері берілді. Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды. 

Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Елтоқ Ділмұхамедов, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Бәкір Тәжібаев, Әлия Молдағұлова, Үмбетбай Уайдин, Амантай Өтегенов сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналды.

Соңғы кезде ашылған «Жұбанов жастары» аллеясы, жаңғыртылған Жастар сарайында кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц залы университетте жүргізілетін тәрбиелік шаралардың пәрменділігі мен тиімділігін арттырып отыр. Аталған білім ордасында жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі бекітілген. Мысалы, жетім балалардың оқу ақысына 100%, көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге 50% жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады.

Университет студенттеріне  өңір демеушілері мен кәсіпорындары қаржылай қолдау көрсетуде. Бір сөзбен айтқанда, студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Еркін форматта өткізілген университет басшыларының келелі кездесуінде  оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылыми жобаларды қорғау, шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары,  білім алушылардың академиялық ұтқырлығы және әлеуметтік мәселелер түгел қамылды. Өз кезегінде сөз алған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова академиялық мәселелер мен білім беру үрдісі, кредиттік оқыту технологиясының қыр-сыры, университетте білім беру саясатына енгізілген жобалар  (қос дипломды, көптілді білім беру, студенттер білімін бақылау түрлері мен талаптары, GPA) тағы да мәселелер жөнінде  кеңінен баяндады.

Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университетінің қызметкерлері мен мыңдаған студенттер жұмылған жұдырықтай асқан ұйымшылдықпен жұмысты жалғастырып келеді. Білім ошағының қабырғасында бастау алған игі істердің нәтижесінде білім алушыларымыз үшін сапалы білім алудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып, техникалық тиімді тәсілдер үздіксіз жетілдірілуде. Бұл ретте қашықтан оқытудың жүзеге асуын қамтамасыз етуде университет басшылығының, факультеттер мен кафедралардың, білім беру процесіне қатысты құрылым қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар оқытушылар мен студенттерге тәулік бойы ақпараттық қолдау көрсетіп, қашықтан оқытудың технологиялық ерекшеліктері бойынша нұсқаулықтар беруде

– Сонымен қатар оқу-әдістемелік жұмыстар және қашықтан білім беру орталығы,  деканаттар мен кафедралар сабақ кестелеріне сай білім алушылардың онлайн дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысуын, сабақтардың өтуін қадағалап отырады. Ал, университет қызметін цифрландыру және интеграциялау мақсатында «Smart Zhubanov University» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер, ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді, – дейді проректор.

Кездесуде әлеуметтік мәселелер мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары туралы департамент директоры  Қарылғаш Сатыбалдина  әңгімеледі. Қарылғаш Сатыбалдинаның айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жоғары білімді мамандар даярлау мен білім ордасының ғылыми шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жаңашылдықпен жетілдіруде. Атап айтқанда, оқу ордасында жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық пен зияткерлікке баулумен қатар, оларды кәсіпкерлікке үйрету нақты жолға қойылған. Дәйекті дәлел ретінде «Заман біздікі элиталар одағы», «Ритор» пікір –сайыс клубтары, «Медмар» бизнес және маркетингті дамыту студенттік клубы, «Жас Отан» ЖҚ, «Ақжелен» студенттік домбырашылар оркестрі, «ARSU League» студенттік шағын футбол лигасы және университеттің еріктілерін біріктіретін бес волонтерлық клубының атқарған ізгілікті істерін алға тартуға болады.

«Жұбанов жылуы», «Ізгілік елшілері», «IT Volonteer», «ECOARSU», «Volonteer-2020», «INVO» сынды жиырмаға жуық үйірмелер мен клубтар әрбір жастың өзінің мамандығына, икеміне сай жұмыс жасауда. Сондай-ақ, білім ордасында тәрбие жұмысын жетілдіру бағытындағы соңғы бір-екі жылда жаңа құрылымдардың жұмысы жолға қойылған. Мәселен, университетте ProActivе академиясы, Студенттік парламент, Студенттер үйіндегі студенттік тәртіптік кеңес, Кураторлар кеңесі, Жастар ісі жөніндегі комитет құрылып, жұмыс жасап жатыр. Кездесу соңында бірінші курс білім алушылары университет басшыларына  толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, алғыстарын да жеткізді.

Айта кетейік, дәстүрге айналған кездесу  студенттерді оқу ордасындағы білім жүйесімен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және түрлі жеңілдіктермен таныстыру  мақсатында ұйымдастырылады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің Media орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий