Жыраулар поэзиясындағы тарихи деректер

Тарихты зерттеудегі негізгі құрал  – дерек.  Бұл сөз менің туындым емес.  Университетте бізге дәріс оқыған Қамбар Атабаев ағадан естіген сөз. Сол кезде әр сөзін мұқият қағып алып отырдық деп айта алмаймын. Бірақ осы салада жұмыс істеп жүргендіктен, біз үшін сол бір ауыз сөздің маңызы еселеніп, салмағы артып келеді. Иә, тарихтан біраз хабары бар адам біледі. Дерек  – тарихты ғылым етіп, оны өсек-аяң, қауесет сияқты дүниеден алшақтатып тұрады екен.

Дәстүрлі қазақ қоғамының іші-тысы, ондағы маңызды оқиғалар туралы ақпарат көздері көп.  Көрші елдердің саясаткерлері мен дипломаттары және  өзіміздің орта ғасырлық тарихшыларымыздың жазбаларының көмегімен бұл сала өз алдына бір даңғыл болып отыр. Көрші Шайбани, Моғолстан тарихын жазушылармен бірге батыстың шығыстанушы ғалымдары да тарих пәнінің қанжығасын майлап тұр. Халықтың өз ішінде ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, ғасырларға астасқан ауызша деректер бір төбе. Ауызша деректерді жүйелеп қағазға түсірген алғашқы аталарымыз Шоқан, Абай, Шәкәрімдер және М.Ж. Көпейұлы мен Қ.Халид  еді.  Одан соң ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қызмет еткен қазақ зиялылары бұл да тарапта тер төкті.

Ауызша деректердің қатарында жыраулардың шығармаларында кездесетін  ақпараттарды көрсеткім келеді. Бұл бабаларымыздың жырлау стилі тарих пәні үшін қолайлы екен. Қолына домбыра алып, ханға сәлем бере келген  кісіні көзге елестетіңіз. Немесе шешілуі қиын дау үстінде жырау қолына домбыра алды делік.  Екеуінде де шешен сөз басында өткен жылдардан біраз ақпарат айтады екен. Бұқар жыраудың әйгілі «Әй, Абылай» өлеңіне қараңыз…. Дайын тұрған хронологиялың жүйелеу…..

Жиырма беске келгенде,
Бақыт берді басыңа,
Тақыт берді астыңа:….
……Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің… Бұл жолдардан біз екі нәрсеге көз жеткізіп отырмыз: Абылай 25 жасында Орта жүз ханы болғанын (1736 жылы); Абылайдың үш жүзге әмірші болып сайланған жылы 1771 жылы деп есептелгенмен, оның бүкіл Қазақ хандығы көлемінде үкім жүргізуі ХҮІІІ ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталады. Ханның туған жылы 1711-ге Бұқар жырау айтып отырған 50 жасты қосасыз. Жыраулар поэзиясында мұндай мәліметтер өте көп. Көз сүрінеді. 

Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттың ба соны, Абылай! – Үмбетей жырау ханға Бөгенбай батырдың бұ дүниеден көшкенін естіртіп жатыр… ХҮІІІ ғасырдың ортасына таман Орта Азиядағы саяси жағдай былай қалыптасқан еді. Жоңғар хандығы 1723 жылы тұтқиылдан шабуылдап, қазақ еліне үлкен қасірет әкелді.

Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жау қолында қалды. Басқыншы жаудың келесі мақсаты  –  Орта жүз еді. Міне, енді Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстанды мекендеген руларға атамекенді қорғау және қазақ жерін жаудан азат ету міндеті артылды. Жоғарыда Үмбетей жырау бөлек көрсетіп отырған Абылаймен қоса керей Жәнібек, Қазыбек, Құттыбай, Қабанбай, Бөгенбай бабаларымыздың осы жолдағы ерен еңбегі, ұйымдастырушылық, халықты соңынан ерте білу сияқты тағы да басқа ерекше қасиеттері көрініп  тұр. Әрине, Отан соғысы жалпы халықтық деңгейде болғанына күмән жоқ, бірақ жоғарыда аталған қайраткерлердің осы жолда  «түнде ұйықтамаған, күндіз үйде отырмаған» еңбегіне арнайы тоқталмаса болмайды.

Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек.
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз.
Содан шыққан төрт терек, – деп ойымды Бұқар жырау толғауы да бекіте түседі.  Жыраулар шығармаларынан тағы бір деректі көрсету керек болып тұр. Ол ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-қырғыз қатынасына  байланысты:

Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!  (Үмбетей жырау

«Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту»). Бұл кезеңде қазақ-қырғыз арасы не үшін ушыққаны белгілі. Осы жырдан алатынымыз – қырғыз манаптарының ішінде қазақпен соғысуды қаламайтын, туысқан елмен бейбіт отыруды көздейтін партияның да болуы. Бұл да ақ көңіл жырау аталарымыздың тарихқа үлестірген бір олжасы болды. Осындай сияқты деректер көп… Және бұл мәліметтер халқымыздың өз ішінен шыққан. Сол замандағы негізгі тақырып болған хабарлар жыраулар толғаулары арқылы осы күнге жетіп отыр. Ақын жалған айтпайды. Тереңнен шыққан асыл сөз теңіз түбіндегі маржан сияқты.

Онда жасандылық, бірдеңені алып қосу жоқ. Жырау шыншылдығымен халқына қадірлі болған. Оның сөзін кез келген атты қазақ тұрмақ, тақты қазақ билеушісі айбарлы хан тыңдаған. Оны шынайылығы үшін құрметтеген. Сөзіне тоқтаған. Сұсына жан шыдамайтын хас батырлар да ақындарды сыйлап өткен. Сондай бір қоғам еді ол. Осы шыншыл ксілердің айтқан жырларына, со кездегі хан мен бидің тыңдаған сөздеріне шүбә келтіруге бола ма?! Жырау бір күні кедей-кепшік ауылдың қосына қонуы мүмкін.  Келесі аптада ханның он екі қанат ақ ордасына ат тірейді. Билеушіге халық зарын жеткізеді. Халыққа ханның саясатын түсіндіреді.

Екі жаққа да керекті, икемді жан еді. Мақсатымыз не еді? Мақсатым тарихты зерттеймін деген адамның назарын асыл қазынаға, жыраулардың толғауларына бұру. Тарих даңғылына бұл көзқарас та өзінше бір із салатын еді деген ой  еді.  Студент кезімде тарихшы-жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романын оқыған едім. Бұл шығарма өз мәліметтерінде жыраулардан  нәр алған екен. Қорыта айта келе, жыраулар шығармаларында тарихшыға көмектесер дүние көп екенін көріп отырмыз. Осы пәнге қатысты нәрсе жазам деген адам басқа да деректерді қарастыра отырып, сол заманның куәгері болған, оқиғалардың бел ортасында жүрген осы шешендердің айтқандарына да назар салса деген ұсыныс. Деректер молая түсер еді.

Ерболат РАҚЫМЖАНОВ,
№152 мектеп-гимназияның тарих
пәні мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий