Онлайн кездесу: Журналистер Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жұмысымен танысты
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдерімен онлайн кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы мемлекеттік білім беру мекемесінің баспасөз қызметі.

Кездесуге Қазақстан және шетелден елуден астам БАҚ өкілдері қатысты: Зарқын Тайшыбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, академик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-журналист; Зейін Әліпбек – «Хабар» агенттігінің бағдарлама жүргізушісі; Бибігүл Жексенбай – Бас редакторлар клубының жетекшісі; Максим Рожин – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі, Абдуррахман Сел – Халықаралық білім беру саласының білікті маманы (Германия), Төлен Тілеубай – «Астана Ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, Қанат Әуесбай – Атырау облыстық телеарнасының директоры, Қазақстан педагогика ғылымдар академиясының корреспондент- мүшесі, Дулат Абибуллаев – “Қазақ радиосының” директоры және тағы да басқалар.
Іс-шара ауқымы кең. Ұлт ұстазы – Ы. Алтынсариннің 180, ұлттық білім академиясының құрылғанына 100, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, БАҚ-пен ынтымақтастықты арттыру мен білім беру ісін дамытуға қатысты түрлі ойлар ортаға салынды. Қонақтар арасында, әсіресе, Норвегияның білім беру ісіне қатысты Бибігүл Жексенбай ханым мен Германиядан қосылған Абдуррахман Сел мырзаның сөздері кездесуге көрік бере түсті.Б. Жексенбайдың сөзінше, Норвегияда 6 жастан бастап, 9-сыныпқа дейін баға қойылмайды. Әрі бала кезінен тәрбиеге баса мән беріледі. Сөз арасында еліміздегі мектепке дейінгі білім беру саласында ер адамдардың аздығын да мәселе ретінде қозғай кетті.
А. Селдің сөзінше, Германиядағы Вальдорф мектептерінің де білім беру жүйесінде Норвегиямен ұқсастықтар бар. Ол бағалау жүйесіне қатысты былай деді: “1-8 сынып аралығында ұпай, баға қойылмайды”. Тіпті кітап та ұстамайды екен. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин болса, журналистердің біліктілігін арттыру бағытында бірге жұмыс істеу жобасы қаралуда екендігін айтты. Көптеген журналистер академияның БАҚ-қа деген ашықтыққа ұмтылу қадамына қуана қолдау білдірді. ҚР Білім және ғылым министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Есберген Алауханов Академияның ашық, әрі кеңесе жұмыс істеу ұмтылысын құптады. Құқықтық журналистиканы дамыту мәселесін көтерді.
Загрузка...Ғани Бектайұлы осы іс-шара барысында отандық білім беру саласындағы тың жаңалықтар, көпшілікті толғандырып жүрген өзекті мәселелер және Академияның қолға алған жаңа бастамалары туралы кеңінен баяндады. Соңғы сөзді алған білім ордасының басшысы БАҚ өкілдерімен еркін форматта пікір алмасып, алдағы уақытта да жүйелі түрде кездесіп тұруды айтты. Алқалы жиынға араласып, кеңесуге шақырды.