Заманауи кітапхана креативті оқырманға қызмет етуде
Жуырда ғана ашылған № 90 гимназиясында заманауи үлгіде жабдықталған кітапхана жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жеке тұлғаның білімділік, ақпараттық, мәдени және демалыс қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет көрсету түрін ұйымдастыруда кітапханада «Coworking» орталығы, «Креативті оқырман алаңы», «Мектеп кітапханасы – Ас үй», «Мектеп кітапханасы – гүлзар алаңы», «Мектеп кітапханасы – мұражай» деген атаулармен арнайы алаңдар ашылып отыр.
Мұндай алаңдардың ашылуының түпкі мақсаты оқушыларды кітап оқуға қызықтыру, кітапқұмар қоғам мүшесін тәрбиелеу. Білім алушылар үзіліс кездерінде баспа басылымдары жайлы достарымен ой бөліседі, талқылайды, пікір алмасады, сондай-ақ электрондық пошталарын тексереді, әлеуметтік желілерде сөйлесе алады. Кітапхана-мұражайда мұражайлық құндылықтарды және құжаттарды, мұражайлық экспонаттарды пайдаланады, құнды материалдармен жұмыс жасайды және оларды кітапханада уақытша сақтай алады. Кітапхана-мұражайдың ең ұтымды жағы – ұтқырлық, ол дәстүрлі мәдениеттің жалпыға ортақ құндылықтарын сақтауға, үйренуге, ықпалын тигізуде.
Кітапханада «Зерде» оқырман клубы мүшелері сайланып, республикалық «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт», «100 кітап оқу» жобаларына сәйкес арнаулы тәрбие бөлімімен бірлескен жоспарлар жасалынып, ұйымдастыру шаралары өткізіліп келеді. Кітапхананың тәуелсіз пайдаланушысын тәрбиелеу мақсатында «Ең алғашқы кітабың», «Кітабыңды күтіп ұста», «Кітапты қалай оқимыз» тақырыптарында саяхат сабақтары ұйымдастырылып, оқырмандарға кітап оқу қағидалары мен ережелері түсіндірілді. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына сәйкес «Қос алып: Әл-Фараби мен Абай» мен «Абай жолы – ұлы даланың даналығы» атты онлайн оқырман конференциялар өткізілді. «Ұлыларды ұлықтау» дәстүрі бойынша қос кемеңгердің адамзаттың ақыл-ойының дамуына қосқан үлестері шексіз екендігі жан-жақты дәріптелді.
«Президент ұсынған 30 кітап» жобасы бойынша күзгі демалыс күндерінде арнаулы бейнероликтер жасалынып, оқырман назарына ұсынылды. «Оқитын Қазақстан» республикалық жобасына қатысқан 25 оқушының алтауы жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, I орынды – Р. Ахмади мен Ж. Мұхамбеткәрім (жетекшілері А.Шаяндина, Г. Сайлаубаева) иеленсе, Б. Оралбек (жетекшісі Г. Аманжолова), Р. Кульчиков пен М.Балғали (жетекшілері Желдибаева Ж.) – II орынды және А.Мейрхан (жетекшісі Н.Аскарова) – III орынды иеленіп, арнаулы дипломдармен марапатталды. Оқушыларды кітап оқуға қызықтыру арқылы отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және мейірімділікке баули отырып, ұлттық құндылықтарға ие жеке тұлға тәрбиелеу гимназия кітапханасының өзекті ісі.
Осы орайда, кітап қорын көркем шығармалармен толықтыру мақсатында республикалық көлемде қолдау тауып отырған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын басшылыққа ала отырып, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы барысында жинақталған 1 839 дана көркем шығарманың кітапхана оқырмандарының рухани дүниетанымын кеңейтуде алатын маңызы зор. Осы акцияға ең алғашқылардың бірі болып гимназия директоры марқұм Іргебай Ербол Ісламұлы жеке кітапханасынан 250 дана кітап сыйлады. Бүгінгі күні сұм ажал ортамыздан ерте алып кеткен сабырлы да шыншыл, еңбекқор да білікті басшы бола білген Ербол Ісламұлының өзінің жеке кітапханасынан естелік ретінде мектеп кітапханасына сыйлаған кітаптары ұжымға қамқор басшы бола білгендігінің тағы бір дәлелі.
Ербол ағайымыздың мейірімді бейнесі әрбір шәкірті мен әріптестерінің есінде мәңгілікке қалады дегім келеді. Бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған экологиялық тәрбие туралы «Эко-Асар» жобасы да кітапхана қызметінде бағытталып, аға тәлімгер Назерке Бөрібайқызымен бірігіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кітапханаға «Қазақтың салт-дәстүрлері», балаларға арналған қызықты ертегілер топтамасы мен Абай, Мұқағалидың шығармалар жинақтары сатып алынды.
Күні кеше ел болып оқуға таңдалған «Бір ел – бір кітап» акциясына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» тізімі бойынша кітапханада «Кітап оқып, рухани бай болайық» тақырыбында оқушыларға 30 кітаптың QR код таныстырылымы болды. Кітапхана білім алушылар үшін демалып, рухани күш жинайтын орын болуы тиіс болса, зерделеуге, үйренуге қызығушылық тудырады, білім берудің нәтижелі жұмысын ұйымдастырады, келешекте де гимназия мұғалімдері мен білім алушыларына оқу-тәрбие процесінде кітапханалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет атқара бермек.
Гүлнар Шақизақызы АМАНЖОЛОВА,
№ 90 гимназияның жоғары санатты кітапхана
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы