Қорқыт Ата университеті: “Әр өлеңі – бір әлем”

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл, ақынның мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той екені рас. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ақынның 90 жылдығына арнап «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кешін ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі. 

Мұзбалақ ақынға арналған шарада Мұқағали өмірі мен шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі маңыздылығы туралы мәліметтер айтылып, сырлы лирикалық жырлары мен әндері шырқалды. Ақын шығармашылығын саралаған шараға қатысушылар Мұқағалиді «көрінбейтін сиқыр бояулар мен естілмейтін құпия дауыстарға толы жұмбақ ақын» деп атаса, қара өлең қазанынан қаймақ қалқып қана қоймай, оған мол олжа салып, қазақтың өзіне қайтарған саңлақ ақын деп те айшықтады.

Жырымен жүректі жаулап, бірде жылатып, бірде қуантқан Мұқағали жебелі жырын ерекше үнмен, соны серпінмен жеткізе білген лирик ақын. Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түспек. Ақын мұрасы, сырлы сезімге толы жырлары – болашақ ұрпақтың мәңгілік еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы. Оның көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлең құмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий