Жаратылыстану пәндерін үш тілде меңгеру – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру негізі
Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе әлеуметтік-педагогикалық ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау болып отыр. ҚР «Білім туралы» Заңында, білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық, коммуникациялық желілерге шығу, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген.

Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Бүгінгі мақсат – әрбір білім алушыға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау болып отыр. Қазіргі педагогикалық зерттеулер (Г.М. Құсайынов, В. Беспалько, В. Монахов) жаңартылған әдістемелік жүйенің оқыту үрдісінде іске асуы үшін оны технологияландыру, яғни олардың белсенділігін арттыру қажет екенін дәлелдеп отыр.
Әдістемелік ұсынымдардың зерттеу объектісі білім алушыларды тілдік ортаға енгізу арқылы ЖМБ оқу пәндерін оқыту процесі болып табылады. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе, халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан үштілділік туралы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: – Ағылшын тілінің қажеттілігі әлемге тән қажеттілік, бүгінгі күн талабы. Ал орыс тілін жақсы білу – біздің байлығымыз», – деп атап өткен. Сондай-ақ «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі, – деген болатын.
Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік қабілетті мәдениетті тұлға қалыптастыру. Қазіргі уақыттағы ғылымның дамуы адамдардың көп тілді білу қажеттігін туындатып отыр. Осы мүддені жүзеге асыруда мектеп ұстаздарының рөлі зор. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі бүгінгі дәуірімізге сай айтылғандай. Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған Әбу Наср Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде жетпіске жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық.
Жаратылыстану пәндерін үш тілде оқыту – болашақ ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын,ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі қажеттілік. Ғылыми техниканың дамуы адамдардың практикалық және кәсіби тұрғыда көп тілді меңгеру қажеттігін тудыруда. Сабақ беру процесінде жаңа технологиялық әдістерді пайдалануда техникалық құрылғыларды қолдану кезінде ағылшын тілін білу маңызды. Жаратылыстану математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың: танымдылық көзқарас тұрғысынан түпнұсқалық оқу материалын кеңінен қолдану ұстанымы; оқыту процесінде мұғалімге белсенді демеу және көмек көрсету ұстанымы; екінші немесе шетел тілін өнімді және қарқынды меңгеру ұстанымы; көпмәдениеттілік ұстанымы; жоғары дәрежеде ойлау дағдыларын дамыту ұстанымы; оқытудың тұрақтылығы ұстанымдары бар.
Аталған қажеттіліктерді оқу процесіне енгізуде педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тарапынан «Инновациялық қадам» жобасы 2018 жылдан бері жүзеге асуда. Жоба аясында әдістемелік тұрғыда педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуда менторинг жұмыстары мен әдістемелік күндер, ашық сабақтар алаңы, семинар-практикум, оқыту семинарлары мен педагогикалық консилиум, үздік шебер сынып алаңы, кәсіби байқаулар жүйелі түрде жүргізіліп әдістемелік көмек көрсетілуде.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек» демекші әр мұғалім шығармашылықпен жұмыс жасап, үнемі өзін жетілдіріп отыру қажет. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарына тек кәсіби құзыреттілігі жоғары, инновациялық үдеріске тез бейімделіп, жаңашылдықты қолдайтын, өзіндік ұстанымы бар мамандар қажет. Қорыта келгенде бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда үш тілде білім беруді жүзеге асыруда педагогтерге кәсіби қолдау көрсету мақсатында оқу-әдістемелік орталығы тарапынан тәжірибе алмасу жұмыстары ұстаздардың кәсіби өсуіне тың серпіліс берді деп есептейімін. Алдағы уақытта да оқыту сапасын арттыруда әдістемелік тұрғыдан түрлі іс-шаралар жалғасын табады деп санаймын.
Ермек Сүйеубекұлы НЕМЕРЕБАЕВ,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығы, білім беру менеджменті
және инновациялық қызмет бөлімінің басшысы