Химия пәнінің мазмұнын меңгертуде саралау тәсілдерінің тиімділігі неде?
Пәнді оқытатын мұғалім біреу болса да, оқушылардың білім игеру деңгейлері мен пәндік дағдылары әр түрлі болып табылады. Мұны қалай түсінуге болады? Әр оқушының мұғалімді түсінуі мен тақырыпты қабылдауы әр түрлі, сол себепті жетістіктері де бірдей емес. Оқу қиындық туғызғанда оқушының білімге деген құштарлығы азаяды, оқығысы келмеу тілегі туындайды, яғни мотивациясы төмендейді. Осы орайда оқушының жеке ерекшеліктерін, оның қажеттіліктері мен білім игеру деңгейлерін ескеруге негізделген саралап оқытуды қолдану қажеттілігі туындайды.

Химия пәнін оқытуда саралау ерекше мәнге ие. Яғни, бұл пәннің ерекшелігіне байланысты: кейбір оқушыларға пәнді меңгеру аса қиындықпен келсе, ал тағы басқаларда пәнді оқуда ерекше қабілет бар екені байқалады. Осы жағдайда пән мұғаліміне оқушының танымдық қызығушылығымен қатар жеке дамуында ескерген жөн. Химия сабағында сараланған оқытуды қолданудың негізігі себептері қандай? Олар: оқушылардың қызығушылығындағы айырмашылық, білім игеру деңгейлеріндегі айырмашылық, тұлғалық-психологиялық факторлардың айырмашылығы. Демек, оқытудағы «саралау» әртүрлі қабілеттері мен қызығушылықтары бар балалардың дамуының кепілі болып табылады.
Осы орайда оқушының оқу мақсатына қаншалықты жеткендігін өлшеу үшін жеке жұмыс формасын қолданамыз. Бірақ, жеке жұмыс алдында ұжымдық, топтық, жұптық оқыту формаларын жоспарлаған тиімдірек. Себебі, оқушы бірлескен әрекеттер мен талқылау барысында жаңа ақпаратты «құрдастар тілі» арқылы меңгереді. Сонымен қатар оқушының коммуникативті қарым-қатынас жасау, өзгенің пікірін тыңдау, ортақ тапсырманы орындаудағы жауапкершілікті сезіну дағдылары қалыптасады. Демек, оқушының топтық, жұптық талқылаудан келесі жеке жұмыс түріне дайындық деңгейін анықтауға болады.
Жетілдіретін тұстарына тиімді кері байланыс оқушының табыстылығына ықпал етеді. Яғни, оқушыға жеке тапсырмаларды өз бетінше сәтті орындауына көрсетілген қолдау болып табылады. Сондай-ақ, кең таралаған саралаудың он тәсілі бар: тапсырма, қолдау, нәтиже, жұмыс қарқыны, ресурстар, топтау, сұрақтарды пайдалану, рөлдер, үй жұмысы, бағалау.Аталған тәсілдердің кей түрлерін химия сабағында қалай жүзеге асыруға болады? Мәселен, тапсырма тәсілі: балаларға (жекелеп немесе топтарға) олардың меңгерген білімдеріне негізделген əртүрлі тапсырмалар беріледі. Аса қабілетті балаларға айтарлықтай жоғары деңгейде ойлауды дамытуға мүмкіндік беретін, мəселелерді шешу және зерттеу қабілетін пайдалануды талап ететін күрделі тапсырмалар беруге болады.
Блум таксономиясының ойлау деңгейлері бойынша сұрақтар мен тапсырмалар оқушының ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Оның ішінде талдау, жинақтау, бағалау деңгейнің (Судың сапалық және сандық құрамын қалай дәлелдеуге болады? Егер де адам ағзасына күніне 1,5 литр су қажет болса, жер бетіндегі барлық адамдарға жылына қанша тұщы су қажет?) сұрақтары жоғарғы ойлау дағдыларын дамытады. Саралап оқытуда оқушы өзін-өзі жүзеге асырудағы мүмкіндігін, қабілеттілігін анықтайды. Білім деңгейлері жылжымалы және ауыспалы болады, себебі оқушы үнемі жетіліп отырады. Осы тұста оқушыларға деңгейлік тапсырмалар ұсынуға болады: бірінші нұсқада стандартты емес шығармашылық тапсырмалар, ІІ нұсқада стандартты тапсырмалар, ІІІ нұсқада репродуктивті тапсырмалар.
Саралау тәсілдерін жүзеге асырғанда олардың арасындағы өзара байланыстың да бар екендігі көрініс табады. Жоғарыда аталған тапсырма тәсілі негізінде берілетін әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындау барысында қолдауды (екінші саралау тәсілі) қажет ететін оқушылар болады. Демек, олар: барынша қолдауды қажет ететін, орташа қолдауды қажет ететін, қолдауды аз қажет ететін немесе аса қабілетті оқушылар болып сараланады. Айталық, оқушыларға берілетін тапсырма реакция теңдеуін аяқтаңыз: Mg + HCl→
Барынша қолдауды қажет ететін оқушыларға аталмыш тапсырманы орындау үшін үлгі беріледі, мысалы: Са+H2SO4→СаSO4+Н2. Ал, енді орташа қолдауды қажет ететін оқушыларға жетелеуші сұрақтар арқылы көмек беріледі (Жай зат пен күрделі зат арасындағы реакция нәтижесінде не түзіледі? Орынбасу реакциясы дегеніміз не?). Сыныптағы қолдауды аз қажет ететін немесе аса қабілетті оқушы бұл тапсырманы сәтті өз бетінше орындап шығады. Ол оқушыларға қосымша сараланған тапсырма (сандық есеп) жоспарлаған жөн. Себебі, олар басқа сыныптастарына қарағанда жылдам, тез орындайды. Осы сәтте қарқын саралау тәсілі орын алады.
Саралап оқыту әр оқушының оқу мақсатына жетуіне қолдау болып саналады. Әрине оқушы орындаған жұмысына дер кезінде тиімді кері байланыс алса, ол өз оқуын жақсартуға мүмкіндік алады. Демек, саралап оқыту әр оқушыға ойлау дағдыларының барлық деңгейлері бойынша жұмыс жасауына және сәйкесінше көздеген нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді.
Жанар Рзабекқызы ЖУБАУОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы”
АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының аға оқытушысы